Астанада Үкімет үйінде бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Қысқы Азия ойындарының жүлдегерлерімен кездесті.
Кездесуге Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Сергей Черепанов, Евгений Величко, Светлана Малахова, Оксана Яцкая, Елена Коломина, Анастасия Слонова, бапкерлерден Сергей Тишков, Сергей Снытин, Александр Батяйкин қатысты.
Осы жерде Ө.Шөкеев Шаңғы федерациясының президенті ретінде ұлттық құраманың Азиадада көрсеткен нәтижесіне жоғары баға беретінін, 12 медаль жиынтығы сарапқа салынған жарыста отандастарымыздың 6 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль жеңіп алуы Қазақстан спорты үшін үлкен оқиға болғанын айтып, жүлдегерлердің әрқайсысына 10 мың АҚШ доллар көлемінде ақшалай сыйлық табыс етті.
Осыдан кейін бапкерлер және спортшылар атынан сөз сөйлеген Александр Батяйкин федерация басшылығына алғысын білдірді. Мұнда ол федерацияның қолдауы арқасында шаңғышылардың үлкен жетістіктерге жетіп жүргенін айтып, енді ұлттық құраманың 21 ақпанда Норвегияның Осло қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл сында алты-алты спортшыдан құралған ерлер мен әйелдер командасы өнер көрсетеді. Олардың арасында 15 шақырымдық классикалық жүрісте А.Полторанин мен Н.Чеботькоға көп үміт артылып отыр.
Дастан КЕНЖАЛИН.