Кеше Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда қорғаныс ведомствосының 2010 жылғы атқарылған қызметіне қорытынды жасалып, алда тұрған тапсырмалар мен міндеттер сараланды.
Мәжіліс басталмастан бұрын Жоғарғы Бас қолбасшы құрметті қарауыл салтанатынан кейін қару-жарақ, әскери техника үлгілерімен және отандық өнеркәсіп кешенінің өнімдерімен танысты. Алқа мәжілісінде еліміздің Қарулы Күштерінің жауынгерлік жағдайы және оның сапасын арттыру, мобилизациялық дайындық, тәртіпті күшейту және әлеуметтік мәселелер сөз болды.
Негізгі баяндаманы Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жасады. Ол әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын жоғары ұстау болып табылады, деді. Осыған орай, баяндамашы атап өткендей, соңғы жылдары жауынгерлік әзірліктің қарқындылығы ғана артып қоймай, сондай-ақ оның сапа деңгейі де жақсара түскен.
Бүгінде әскери дайындыққа бөлінетін уақыт мөлшері 2009 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Тәжірибе сабақтарының үлесі артқан. Бұл ТМД армиялары арасындағы жоғары көрсеткіш болып табылады. Өткен жылы атыс жаттығулары 2009 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артқан. Осының арқасында атыс жаттығуларының барлығы 16 000-нан асты, оның әрбір төртіншісі түнгі атыстың еншісінде, деді Қорғаныс министрі.
Сол сияқты, жауынгерлік көліктерді жүргізу жаттығуларының саны артып, оның көрсеткіші 5000-ға жетті, ал ол 2009 жылы 2904 болған еді, енді мұндай түнгі жаттығулардың өзі 1500-ге жетіп отыр. Механик-жүргізушінің орташа жүргізу тәжірибесі 154 шақырымды құрады. Жеке 9 авиация жаттығулары өткізілді. Әуе қорғанысы күштерінде жалпы ұшу көрсеткіші 25 мың сағаттан асты, тек бір ұшқыштың орташа ұшуы 83 сағатты құрайды. Сондықтан да біз ТМД елдері арасында ұшқыштардың ұшуы жағынан көш басындамыз, деді Ә.Жақсыбеков.
2010 жылы түрлі көлемдегі 54 жаттығу өткізілді. «Өзара іс-қимыл-2009» сияқты ірі көлемді жаттығудан кейін ШЫҰ шеңберінде террорға қарсы «Бейбіт миссия» жаттығуы жалауын көтерді. Бұл біздің халықаралық серіктестеріміздің қатысуымен өткен ең ірі жаттығулардың бірі болып табылады екен.
Сондай-ақ, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмаларына сәйкес, жұмылдыру резервін дайындауға баса назар аударылған. Осыған байланысты елімізде 9 оқу орталығы құрылды. Өткен жылы мотоатқыштар мен байланыс және арнайы әскерлерге 1200 әскери міндеттілер әзірленді. Биылғы жылы аталған оқу орталықтары арқылы 3 600 әскери міндеттілер даярлықтан өтпек. Семей, Тараз, Ақтау қалаларында Қарулы Күштер қатарында қызмет атқармағандар үшін тағы да үш өңірлік оқу орталықтары есігін айқара ашпақ. Сонымен бірге бұл шараға азаматтық жоғары оқу орындары мен әскери-техникалық мектептердің де әлеуеті қолданылмақ.
Бұл бағытта әкімдіктермен де белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мыңдаған адам қамтылған 8 облыстағы қорғаныс аймақтарының күшімен бірлескен жаттығу өткізілді. Бұл, әрине, алғашқы қадамдар екені белгілі. Қарулы Күштерде қызмет етпеген азаматтарды дайындау үшін әлі алда тағы да аймақтық (Семей, Тараз, Ақтау) жаттығу орталықтары құрылады. Бұған қоса азаматтық жоо-лардың әскери кафедралары мен әскери-техникалық мектептердің әлеуеті де қосылады.
Әскери мамандардың жүргізген талдауларына қарағанда, Қорғаныс министрлігі жылма-жыл техника мен қару-жарақ барысын үнемі жаңғыртып тұруы тиіс екен. Осыған орай алқада осы уақытқа дейін техникалық жаңғыртылу жағынан Қазақстан армиясы басқа елге толық тәуелді болып келгендігі аталып өтті. Өткен жылдан бастап Қорғаныс министрлігінің басқаруына «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы маңына шоғырланған қорғаныс-өнеркәсібі кешені берілген соң жағдай өзгере бастапты. Бүгінде бұл компанияның құрамында 24 түрлі кәсіпорын бар. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы және Францияның «Еврокоп» компаниясы арасында үлкен жоба келісімі жасалған. Ол жоба бойынша үстіміздегі жылы 6 тікұшақ құрастыру жоспарланған. Тағы бір үлкен жоба Түркияның компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру болып табылады. Онда Қорғаныс министрлігінің және басқа да әскери құрылымдардың талаптарына сәйкес өнімдерді жасау міндеті көзделеді. Осы арқылы елімізге инвестиция тартуға, жоғары технологияларды ендіруге, аталған кәсіпорындарды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын молайтуға жол ашылады. Оларда тек әскери өнімдер ғана емес, сондай-ақ азаматтық өнімдер де шығарылатыны сөзсіз. Ал бәрінен бұрын онда қазақстандық азаматтар жұмыс істеген соң олар бұрын-соңды елімізде болмаған жаңа техникалар мен технологияға үйренеді.
Қарулы Күштердің мақсаты тапсырыс беру және бақылау арқылы қорғаныстық-өнеркәсіп кешенінің қалыптасуына мүмкіндігінше қолдау көрсету, технологияны трансферттеу арқылы бірлескен кәсіпорындарда құрастыру-жинау жұмысына әзір қазіргі заманғы технологиялар мен компаниялар іздеу болып табылады. Бүгінде қорғаныстық-өнеркәсіп кешенімен (ҚӨК) бірлесе қажетті оқ-дәрі, байланыс құралдары, қару-жарақтың бірқатар түрлерін өндіру бойынша жобалар анықталды.
Отандық ҚӨК-ті дамытуға қолдау көрсету бойынша кешенді шараларға – 156, оның ішінде 86 қазақстандық компания қатысқан «KADEX-2010» қару-жарақ пен әскери техниканың көрмесінің өткізілуін жатқызуға болады. Көрме қорғаныс өндірісі саласындағы белгілі әлемдік брендтер мен қазақстандық өнім өндірушілер арасындағы болашақтағы қарым-қатынастар үшін алғышарттар жасады.
Қару-жарақ және техниканы сатып алу, жөндеумен қатар оларды сақтауға жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бірінші рет қару-жарақ, әскери техника және оқ-дәрілердің сақталу қоймаларының төбелерін жөндеу бойынша мақсатты да кең көлемді жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, әскери қалашықтар жаңартылды. Инфрақұрылым нысандары жөндеуден және қайта жаңғыртудан өткізілді.
Әскери қызметшілердің әлеуметтік қамтамасыз етілуіне қатысты соңғы екі жыл бойында әскерилердің айлық қаржылай қамтамасыздандыру мөлшері 25 пайыз өскенін айтып өтуге болады, деді Қоғаныс министрі. Баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты негізде шешілуде. 2010 жылы пайдалануға 29 мың шаршы метрге жуық баспана берілді, ол бір жарым мыңға жуық әскери қызметшіні баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету бүгінгі таңда өзекті мәселе болып табылады. Қолданыстағы механизм әскери қызметшіге толық көлемде баспана беруді кепілдей алмайды. Осы орайда, аталған азаматтар категориясын әлеуметтік қамтамасыз етуді заман талабына сәйкестендіру мақсатында «Әскери қызметшілерді және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамтамасыз ету туралы» заң жобасы әзірленді. Үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында басқа мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін аталған заң жобасы Парламент қарауына беріледі.
Бұл айрықша жыл – біздің мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Сондықтан әскеріміздің өзінің дамуының басында қандай болғанын және оның қазіргі кезде қандай екенін ой елегінен өткізудің маңызы зор, деп бастады Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзін Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев. 1990 жылдардың басында Қазақстандағы жағдай өте күрделі еді. Кәсіпорындар тоқтап, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалып, өмір сүруін тоқтатқан мемлекеттің ақшасы айналымда болып, оның өзі де тапшылыққа айналды. Ескі жүйе құлап, жаңа мемлекеттік институттар енді ғана құрылып жатқандықтан қоғам абыржушылық жағдайда болды. Тәжірибе болған жоқ, мамандар жетіспеушілігі апаттық жағдайға жетті, көптеген жұмысты іс жүзінде тақыр жерден бастауға тура келді. Дәл осындай күрделі кезеңде, 1992 жылдың 7 мамырында менің Жарлығыммен Қазақстан Қарулы Күштері құрылды. Оның құрамына біздің аумағымызда болған бөлімдер мен құрамалар енді. Әскери техника көп болды, бірақ бір орталықтан жабдықтау жүйесі жұмыс істемегендіктен, оған қызмет көрсетілмеді. Ақшалай қаржы іркіліспен төленіп тұрды. Коммуналдық қызметтердің төленбеуінен әскери бөлімдерде жарық пен жылу сөндірілді. Бюджеттегі ақша тек еңбекақы мен тамаққа ғана жетті. Осылайша 1993 жылдың әскери бюджеті бар болғаны 8 миллиард теңге, ал 1994 жылы 10,5 миллиард теңге болды. Бірақ табысты әлеуметтік-экономикалық реформалардың, саяси тұрақтылықтың, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің арқасында бұл проблемалардың бәрі шешімін тапты, деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент, сол сияқты, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартып, ядролық қарусыз ел мәртебесіне ие болуының және еліміздің ядролық қарусыздану саласындағы белсенді саясатының жаһандық маңызының зор екенін атап көрсетті.
Қорғаныс саясаты туралы айта отырып, Мемлекет басшысы экономиканың шынайы мүмкіндіктерімен байланыстырылған жеткілікті қорғаныс қабілетінің, ядролық қарусыз ел мәртебесінің және армияны елеулі техникалық және ұйымдық жаңғыртудың оның негізін құрайтынына назар аударды.
Біздің әскери құрылысымыздың негізіне алынған басты принциптер мен механизмдердің дұрыс белгіленгенін өткен жиырма жыл көрсетіп берді, деді Президент. Қазақстанның белсенді араласуымен ҰҚШҰ және ШЫҰ сияқты қауіпсіздік саласындағы өңірлік бірлестіктер құрылды. Қазақстандық әскерилер Тәжікстандағы және Ирактағы бітімгершілік операцияларға қатысты, елде келісім-шарттық әскери қызмет енгізіліп, армия өзіне тән емес функциялардан босатылды. Оперативті және жауынгерлік даярлықтың қарқыны мен мазмұны жоғары деңгейде сақталуда.
Бізде Ұлттық қорғаныс университетін қоса алғанда әскери оқу орындарының айтарлықтай желісі бар, деді Елбасы. Қазіргі уақытта біздің офицерлеріміздің дені өз қызметтерін бастап, Тәуелсіздік жағдайында кәсіпқойлар ретінде қалыптасты.
Сол сияқты Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді қаржыландырудың 2010 жылы 171 миллиард теңгені құрап, ал үстіміздегі жылы 200 миллиард теңгеге жеткенін атап көрсетті. Ол жауынгерлік қана емес, сонымен бірге, әлеуметтік міндеттерді де шешіп, қызмет ету жағдайын жақсартуға, тұрғын үй мәселесін шешуге жағдай туғызады.
Қазақстанда әскери қызметкердің ақшалай қамсыздандырылуы ТМД-да ең жоғарылардың бірі. Қаңтардағы Жолдауда хабарлағанымдай, шілде айынан бастап еңбекақы тағы да 30 пайызға өсірілетін болады, деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев әскери кәсіптің беделін арттыру, жастарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Сіздердің міндеттеріңіз Қазақстан Қарулы Күштерінің болашақта ХХІ ғасырдың әлемдік әскери стандарттарына сәйкес келуі үшін қажет дегеннің бәрін жасау. Олар өз Отанына берілген кәсіпқойлармен жасақталып, қазіргі заманғы техникамен және қару-жарақпен жарақталып, жаңа тактикалық тәсілдерді үйренуі тиіс, деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына нақты дайындалу қажет, деді Президент сөзінің қорытындысында. Әскери қалашықтарды көріктендіріп, қызмет пен тұрмыс үшін барлық жағдайлар жасау керек. Мереке ахуалын барлық әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері сезінуі тиіс.
Алқа мәжілісінен кейін Н.Назарбаев Қарулы Күштердің 2010 жылдың қорытындысы бойынша әскери жарыстарының жеңімпаздарымен кездесті.
Александр ТАСБОЛАТОВ.