• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2016

Жанымыз әлі жаралы

359 рет
көрсетілді

Атом апаты да бізді айналып өтпеді. Семей полигонынан радиация алып «шыныққан» қазақ­стандықтарды Чернобыль апатын залалсыздандыруға апа­рып салғаны әлі есте. Бүлін­ші­лік­ке отыз жыл толып отыр. Апатты жоюға отыз бес мың қа­зақстандық қатысқан. Солардың көбі өрімдей қазақ жастары болатын. Чернобыль апатының отыз жылдығына байланысты жер-жер­лерде сол зұлматты көзі көрген аза­маттармен кездесулер өтті. Апатты ауыздықтауға қатыс­қан Киікті ауылының тұрғыны Ерболат Ибраев: «Мен ол кездері мін­детті әскер қатарында болатынмын. Әкелді де салды. Отан үшін жан пида деп отқа түстік те кеттік. Ол арадан қазақ жас­тарын көп кезік­тірдім. Біздің ерік-жігеріміздің арқа­­сында радиа­цияның әрі қарай тара­­луына тосқауыл қойылды», деп еске алады қасіретті жағ­дай­ды. Чер­нобыль апатын залал­сыздан­дыруға қатысқандар мен тұрып жатқан Ақадыр кентінде де бар. Солардың бірі – Сержан есім­ді азамат. От­ба­сылы. Күміс қа­сық­тай ғана сүп-сүйкімді келін­шегі бар. Әлі күнге бала сүйе алмай жүр бұлар. Жарық көр­ген нәрестелері көп тұрмайды, шеті­неп кете береді. Келіншегі де жылайды. Оған қосылып Сержан ініміз де егіледі. Олардың мұңы бізді де шарпиды. Ғасыр тажа­лы – атом­ды ауыздықтауға шама қайсы? Туған даламыздың да жүрегі жаралы. Атом радиация­сы қойны-қоны­шын зақымдаған Жер-Ананың да қасі­ретін тілмен айтып жеткізе алмай­сың. Осы мақаланы жазуға түрткі бол­ған жағдайды айтуға тура келеді. Қаламға машығым болған соң да жазушы, ақындардың, ғалымдардың еңбегін назарда ұстаймын. Семей полигонының жан түршігерлік зар­дап­тарын өз басынан өткерген таны­мал жазушымыз Медеу Сәрсе­кенің биылғы жылдың басында «Фолиант» бас­пасынан «Семей қасіреті» деген атпен жарық көрген кітабы сүбелі еңбек болып шыққан. Шыр­қы­раған шындық еңбектің әр бетінен көрініс тапқан. Қолыма қалам алдырған екінші бір жағдай – Елбасымыздың Вашинг­тон қаласында өткен Ядро­лық қауіпсіздік саммитіне қатысып, «Әлем. ХХІ ғасыр» деген ат­пен жариялаған манифесі. Елбасы әлем назарын бірден өзіне аудар­ды. Осыдан 25 жыл бұрын Семей ядролық полигонын жабу жөнін­дегі Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл шешім, шындап келгенде, ер­лікке пара-пар шешім еді. Империя­лық сығым өз күшінде тұрғанда, Елба­сымыздың батыл шешімге баруы ғасырдан ғасырға озатын қаһар­мандық. Қырық жылға созылған сой­қанда төрт жүз елу алты жарылыс болған екен. Соның жүз жиыр­масы ашық атмосферада сынақ­талғаны іш жидырады. Ақпарат дерегі бойынша ядролық қуаттың таралуы алты жүз шақырымды қамтиды делінеді. Жарылыс қуа­ты­ның залалы ауамен, сумен, топы­­рақпен тарайтынын есепке алған­­да, радиацияның таралуы кең кө­лемді қамтитыны белгілі. Атом сы­нағынан зардап шеккен ха­лық са­ны бір жарым миллион деп жүр­­міз. Бұл – бергі жақтағы дерек. Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі халықаралық көлемде ел құлағын елең еткізді. Қазақстан Президентінің манифесі бейбітшілік сүйгіш халықтардың жүрегіне жет­кені біз үшін мәртебе. Бүгінде әлем қоғамдастығы «Қазақстан Президенті бейбітшілік жаршысы» деп бірауыздан айтады. Қашан­нан тыңнан жол салып, әлемдік бастамаларға мұрындық болып жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы сол жолғы сапарында да халық­аралық қоғамдастықтың назарын өзіне аударды. Семей ядро­лық сынағынан зардап шеккен су­ретші Кәріпбек Күйі­ковтің «Жары­лыс» картинасын Барак Обамаға тарту етуі айта жүре­тіндей іс бол­ды. Әлем жұртшы­лығын елең ет­кіз­ген бұл сурет яд­ролық қа­ру­ды шеңгелінен босатпай отыр­ған мем­лекеттерге ой салуға тиісті. Бүгінде Жер шары апатты жағ­дайда. Ядролық қарудың қырық­тан аса түрі бар екені әмбеге аян. Осындай жойқын қару лаң­кес­­тердің қолына түсіп кетсе не болғаны? Содан да Қазақстан Пре­зиден­тінің жарғақ құлағы жас­тыққа тимей, ядролық қауіп­сіздік жолында бейбітшілік жар­шысы болып жүр. Мұндай қай­раткерлік екі­нің бірінен табыла бермейді. Жер бетінің тыныш­тығына алаң болып жүрген Елба­сының арман-аңсары әріде екенін біз жақсы білеміз. Біздің ел сынақты көп көрді. Елбасы халыққа Жолдауында алда тұр­ған жаһандық он қатерді санамалап берген еді. Соны қа­перге аламыз ба? Эконо­ми­калық дағдарысты да бастан кеші­ріп жатырмыз. Анау-мынау қиын­шылықты елемейміз. Небір ауыр сынақтан аман өттік. Құранда айтылады, Алла тағала адамдарды өмірге сы­нақ үшін әке­леді екен. Бұл – пәл­са­палық түйін. Құран сөзі ақиқат. Дәулет жи, байы, бас құра, ұр­пақ өсір, бір-біріңе қарай­лас дей­ді. Біз – аз ұлтпыз. Аз ұлттың ын­ты­мағы бір болуға тиісті. Тағы бір сынаққа тап болмас үшін ұлт­тық кикілжіңнен, ұсақ-түйек дау-шардан алыс болғанымыз жөн. Елба­сымыз бізді сындарлы жолмен бастап келеді. Мәңгілік Ел идеясы – басты бағдарымыз. Тыныш ұйық­тап, алаңсыз еңбек етіп жатырмыз. Бұдан артық бақыт болмаса керек. Өмір КӘРІПҰЛЫ, жазушы  Қарағанды облысы, Ақадыр кенті