• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2016

Қоғамымыз қауіпсіздікті қолдайды

259 рет
көрсетілді

Қазақстанның ядролық қоғамы (ҚЯҚ) – 1993 жылы Курчатов қала­сында құрылған атом ғылы­мы мен өнеркәсібі саласы мамандарының басын біріктіретін қоғамдық кәсіби ұйым. Мұндай қоғам алғаш рет АҚШ-та 1955 жылы құрылған. Бүгінгі күні әлемде 40-қа жуық осындай қоғам бар. Соның ішінде атом стансалары жоқ Дания, Ита­лия, Израиль секілді дамыған елдерде де бар. Ядролық қуат саласының мамандары ғана мүше болатын бұл ұйымдардың маңызы зор. Ол кейбір елдерде мемлекеттік қызметтің де функ­ция­ларын атқа­рады. Мәселен, АҚШ-та атом өнер­­кәсібінің стандарттарын осы ұйым белгілейді. Біздің елімізде атом қуатымен айналысатын көптеген ұйымдар бар. Солардың мамандары өз­ара тәжірибе алмасу, ғылыми же­тіс­­тік­терімен бөлісу және өткір мәсе­лелерді талқылау үшін біз­дің ұйымымыздың шеңберінде кеңес­тер, конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өт­кізіп тұрады. Онда сала мамандары өз­деріне қолдау көріп, моральдық тұрғыдан қанағат алатынын көріп жүрміз. Осындай шараларды қалыптасқан мамандар ғана емес, жастар арасында да өткізудеміз. 2003 жылдан бері ҚЯҚ-тың жас­тар бөлімі құрылған. Ол ядролық салаға қызығушылық танытқан студенттердің, жас мамандардың басын біріктірген. Жыл сайын онда «Қазақстанның ядролық әлеуеті» атты семинар өткізіліп келеді. Біздің басты міндетіміз – ел­дегі өндіргіш күштерді атом қуа­тын бейбіт мақсатқа пайдалану арқылы дамыту жөніндегі істермен халық­ты құлақтандырып отыру. Сонымен қатар, қо­ғамымыз атом қуатын бейбіт мақсатқа пайдалану саласындағы мемлекеттің ғылыми-тех­никалық саясатын әзірлеуге қаты­сады. Ұйымымыз осы са­лада­ғы мемлекеттік және халық­аралық бағдар­ламалар мен жоба­ларға сарап жасау ісіне де белсене араласады. Біздің қоғамымыз атомды бей­біт мақсатқа пайдаланудың жол­дары жөнінде БАҚ-қа да жиі шы­ғып, ақпараттар жә­не түсіндір­ме жұмыстарын жүр­гізіп отыра­ды. Соның ішінде халық­аралық ынты­мақтастықты дамыту мәселесіндегі проблемалар да халықтың назарынан тыс қалмай, айтылып жатады. Біз саланың табыстары мен даму перспективалары туралы ха­лыққа барынша толыққанды, шын­шыл ақпараттар беруге тырысамыз. Өйткені, халықтан ешнәрсе жасыруға болмайды. Ядролық қуат дегеніміз – ядролық жарылыстар мен атом стансалары ғана емес. Оның меди­цина, физика, химия және т.б. ғылым салаларын дамытуда да маңызы зор. Мәселен, радиа­­циялық технологиялардың көмегімен меди­ци­налық құрал-жабдықтар, олардың тетіктері өңделіп, тексеріліп жатады. Сон­дай-ақ, қатер­лі ісік, жүрек-қан тамыр­лары ауруларын анық­тауда да медицина осы технологияларды қолданады. ҚЯҚ АҚШ, Франция, Жапония, Ресей секілді елдердің осындай қоғамдарымен ынтымақтастық орнатқан. Олармен ғылыми-техни­калық байланыстар мен тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтасу жө­ніндегі меморандумға қол қойылған. Бүгінгі күні ҚЯҚ халық­аралық World Nuclear Association ұйымының мүшесі болып табылады. Интернетте өзіміздің сайтымыз бар және үш тілде журнал шығарып тұрамыз. Наталья ЖДАНОВА, «Қазақстанның ядролық қоғамы» ассоциациясының атқарушы директоры