• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2016

«Астана» – топтық кезеңде!

233 рет
көрсетілді

Спортсүйер қауымға сүйінші жаңалығымыз бар. Қазақ футболшылары кәрі құрлықтың белді турнирінде жыл соңына дейін доп тебетін болады. Кеше, газет беті қатталып жатқанда футболдан Еуропа лигасы аясында өнер көрсететін «Астана» командасы сырт алаңда, Беларусьтің БАТЭ футбол клубымен кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті.  Топтық кезеңге жолдама берілетін плей-офф ойыны бол­ғандықтан, елордалық ұжым ә деген­нен-ақ барын салып ойнауға талпынған. Әйткенмен, Станимир Стоилов шәкірттері бірінші болып өз қақпаларына гол жіберіп алды. Қақпамызға гол соққан – Михаил Гордейчук. Бір қызығы, беларусь шабуылшысы Қарағандының Сарань қаласының тумасы. Ол 18 жасқа дейін аталмыш қалада футболдың қыр-сырын меңгеріп алғаннан кейін, Белоруссияға көшіп кеткен екен. Хош, екінші кезеңді «Астана» жігіттері ширақ бастады. Серікжан Мұжықов, Неманья Максимович және Патрик Твумаси сынды шеберлеріміз алаң қожа­йын­дарының қорғау­шы­ларын әб­ден састырды. Сон­дай ұрымтал сәт­тердің бірінде бұрыштамадан асы­рыл­ған доп­қа бәрінен бұрын жет­кен Неманья Максимович оны қар­сыластар қақпасына бүлк еткі­зіп, есепті теңестірді. Бұл ойын­­ның 50-ші минуты болатын. Ал кездесудің 76 минутында ганалық легионеріміз Патрик Твумаси шамамен 25 метрден соққы жасады. Оның шірене тепкен добына қақпашы Артем Сороко үлгере алмай, өз жанкүйерлері алдында пұшайман болды. Есеп – 2:1, «Астана» алға шықты. Алайда, өз жанкүйерлері алдында ұятқа қалмауды ойлаған БАТЭ ойыншылары барын салып,  89-минутта пенальти арқылы есепті теңестірді. Игорь Стасевич есепті 2:2 есебіне жеткізгенімен, ары қарай нәтиже өзгерген жоқ. Осылайша, Станимир Стоилов баптайтын елордалық «Астана» Еуропа лигасының топтық кезе­ңіне жолдама алып, еурокубок жолындағы жарысын одан әрі жалғастыратын болды. Айта кетейік, алғашқы ойын 2:0 есебімен «Астананың» пайдасына шешілген болатын. Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан»