Кеше «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының мәжіліс залында партияның ХІІІ съезі шешімімен ҚР президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау брифингі болып өтті.
Осыған орай жергілікті ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы мәлімет берген облыстық партия филиалының төрағасы Нұрлан Құдайбергенов Орталық сайлау комиссиясынан тіркеуден өткен «Нұр Отан» партиясының көшбасшысын қолдау жөніндегі облыстық штаб құрылғанын жеткізді.
Өңірімізден елордадағы съезд жұмысына қатысқан ол басқосу барысында бірқатар мәселелердің көтерілгенін тілге тиек етті. Облысымызда құрылып отырған штаб жұмысына төрағалық ету кезінде басқа қызметтерден уақытша босатылғанын да айтты. Облыс деңгейінде жұмыс жасайтын штаб төрағасының екі орынбасары бар. Олар – партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков пен Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Байзақ Момынбаев.
Дәл осындай басқосу өткен дүйсенбіде «Нұр Отан» қалалық филиалы ғимаратында да ұйымдастырылды. Қоғамдық штаб жұмысына қалалық филиалдың бірінші орынбасары Мақсұт Баекеев жетекшілік етеді. Штаб құрамына қаладағы ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау саласының өкілдері, бұрыннан тәжірибесі мол жандар қамтылды. Штабтың негізгі міндеті – президенттікке кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қолдау көрсету, оның сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру бойынша жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізу.
Ержан БАЙТІЛЕС.