Түріктің Ыстанбұл қаласында Босфор бұғазы үстінде Явуз Селим сұлтанның есімімен аталған үшінші көпір салтанатты жағдайда ашылды. Ол сондай-ақ мегаполистің солтүстік жағалауы арасын қосатын автострада да болып табылады. Бұл туралы «Анадолу» агенттігі хабарлады.
Көпірдің ашылуына арналған жиынға Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған, премьер-министр Бинали Йылдырым, парламент спикері Исмаил Кахраман, қарулы күштер бас штабының бастығы, армия генералы Хулуси Акар, Бахрейн королі Хамад бин Иса Аль Халифа, Македония президенті Георге Иванов, Болгария премьер-министрі Бойко Борисов және басқа да шетелдік қонақтар қатысты.
Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым шарада сөйлеген сөзінде бұл көпірдің ел өмірінде алатын орны ерекше екенін атап өтті.
«Көпірдің ерекшелігі сонда, ол бұл бұрын Фатих Сұлтан Мехмет өткелі арқылы өтіп келген жүк автомобильдерін, автобустар мен фураларды қабылдап, айналмалы жол ретінде пайдаланылады», - деді үкімет басшысы.
Көпірдің жалпы ұзындығы 2164 метрді құрайды. Оның өткелінің негізгі аумағы 1408 метр болады. Ал биіктігі 322 метрге барса, ені 59 метрге тең.
Мұрат АЙТҚОЖА