• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2011

Насихат тобы Батыс өңірде

362 рет
көрсетілді

Кеше Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұ­мағалиев бастаған ақпараттық-насихат тобы  жұ­мыс сапарымен Батыс Қа­зақ­стан облысына келді.  Са­пар­дың мақсаты  Президент Нұр­сұл­тан На­зар­баев­тың Қа­зақ­стан халқына арнаған кезекті Жол­­дау­ын­да көр­се­тіл­ген міндеттер мен тапсыр­ма­лардың  жүзеге асырылу ба­рысы туралы  жергілікті тұрғындарды ақпараттандыру. Жұмыс сапары барысында Асқар Жұмағалиев «Қа­зақ­те­ле­ком» АҚ-тың қызметкерлерімен және Қа­зақ­стандық иннова­ция­лық-телекоммуникациялар жүйесі уни­верситетінің студенттерімен кездесті. Кездесу ба­ры­сында министр: «Жолдауда Мем­ле­кет басшысы жастар мәсе­ле­сі­не көп көңіл бөлді. Өйт­кені, елі­міздің бола­шағы сіздердің қолда­ры­ңызда», – деп айтып өтті. Кездесу  соңында ҚазИТУ сту­денттері  е-үкіметтің www.egov.kz/порталындағы  мемлекеттік  электрондық қызметтерді алу үшін қажетті электрондық сан­дық қолтаңбаға ие болды. Ақпараттық-насихат тобының  Батыс Қазақстан об­лы­сына жұ­мыс сапары барысында Асқар Жұ­ма­ғалиев  батыс аймақтық бұ­қаралық ақпарат құралдарының өкіл­дерімен кездесті. Ақтөбе, Аты­рау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстық  бұқаралық ақпарат құрал­дарының  жетекшілері мен бас редакторлары Мемлекет басшысы­ның  Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзе­ге асы­ру барысын талқылады. Кездесуде «Теле­радио­хабарла­рын тарату» заң жобасы мен сандық спутниктік телевизия саласын  және отандық меди­акеңістікті дамыту мәселелері сөз болды. Кездесу кезінде Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев залдан қойылған көптеген сұрақтарға жауап қайтарды. Мысалы ол: біздің республикада  ғалам­тор қызметін пайдалану бағасы әлі де жоғары күйінде қа­лып отыр. Оның жылдамдығы да бүгінгі заманғы өске­лең талаптар деңгейіне сәйкес келе бермейді. Сіз бұған не дейсіз? – деген сауалға былай деді. – Не нәрсенің де бағамы мен артықшылығына салыс­тыр­малы түрде баға беріп, көз жеткізуге болады. Ға­лам­тор қызметінің қолжетімділігі бойынша қазақстандықтар әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Бұл қанағат тұтуға тұ­ратын көрсеткіш. Ал интернеттік жылдамдық жөніндегі мәселеге келсек, бізде оны Еуропа елдерімен бір өлшемде қарайтындар да жеткілікті. Бұл мемлекеттерде халық тығыз, аумақтар ықшам, шағын әрі бір-біріне жақын орналасқан. Сондықтан да, аталған мәселеде айтарлықтай проблема бола бермейді. Біздің жеріміздің кеңдігі, өңірлердің бір-бірімен қашықтығы интернет жылдамдығын көтеруге кері әсерін тигізбей қалмайды. Әрине, мұның өзі баға төмендемейді деген ұғымды білдірмейді. Бүгінде министрлік мамандары ғаламторды пайдалану қызметін арзандату жолдарын іздестіру үстінде. Темір ҚҰСАЙЫН.