Кеше Астанада Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында келген Конституция күні мерекесі «Конституция – қоғам мен мемлекеттің серпінді және тұрақты дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен бастау алды.
Мәртебелі мерекелік шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми, Бас прокурор Жақып Асанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік құрылымдардың басшылары мен 10 елден және 6 беделді халықаралық ұйымнан келген шетелдік қонақтар қатысты.
Конференцияның ашылу салтанатында сөз алған Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова шараға қатысушыларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституция күні мерекесімен құттықтаған хатын оқып берді.
Мұнан соң конференцияда Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми Ата Заң аясында судьялар корпусының жұмысын саралап, сот жүйесінің 3 бағыт бойынша атқарған шаруаларын тарқатты.
Ал еліміздің Бас прокуроры Жақып Асановтың айтуынша, біздегі Ата Заң бар-жоғы 21 жыл ішінде мықты қалыптасып, өз нәтижесін беріп келеді.
Ғылыми-практикалық конференция бүгін жалғасады.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»