Әлем экономикасы әлі де болса тұрақтылыққа табан тірей алмай тұрғаны белгілі. Соның салдарынан қай елде де тікелей шетел инвестициялары ағымының бәсеңдеу үрдісі байқалады. Тіпті, инвестициялар үшін үлкен бәсекелестік жүруде. Ал бұл ретте инвесторлар алдымен инвестицияға ең икемді елді таңдайтыны белгілі. Осыған орай біздің Үкімет те ахуалды жақсарту үшін белсенді жұмыс жүргізіп, инвестициялардың қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз етуде. Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Еліміздегі инвестициялық ахуал жайын арқау еткен баспасөз мәслихатына Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитеті төрағасының міндетін атқарушы Руслан Тасбергенов, Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі қауымдастығының басқарма төрағасы Ульф Вокурка, «Экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі «Kaznex Invest» АҚ басқарма төрағасы Борисбий Жанғоразов және оның орынбасары Алмас Айдаров қатысып, атқарылып жатқан жұмыстардың бағытын, барысын баяндады. Мәселен, елімізде Кәсіпкерлік кодексінде инвестициялардың қауіпсіздігіне және сақталуына кепілдік беретін ережелер бекітілген. Ал инвестициялар саласындағы халықаралық құқықтық базаны жетілдіру шеңберінде Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы 48 келісімге қол қойылыпты. Сонымен қатар, инвесторлардың проблемалы мәселелерін тез арада шешу мақсатында үнқатысу алаңдары құрылған. Олар –Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі және Үкімет жанындағы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес. 2015 жылы Инвестициялық омбудсмен институты құрылғаны белгілі. Ал ағымдағы жылы Үкімет жанынан Инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес құрылды.
Айтқандай, жүргізіліп жатқан жұмыстар халықаралық сарапшылар тарапынан да жоғары бағалануда. Мысалы, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есебіне сәйкес, Қазақстан әлемнің 140 елінің арасында 42-орынға және ТМД елдері арасында екінші орынға ие болды. Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде Қазақстан 41-орынды иелене отырып, өзінің жайғасымын 12 тармаққа жақсартты. 189 ел арасында Дүниежүзілік банк тобының Doing Business-2016 бойынша Қазақстан миноритарлық инвесторларды қорғау жөнінде 25-ші орынға және Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісі бойынша инвесторларды қорғау бойынша 25-ші орынға ие болды. Инвестициялық ахуалды жетілдіру шеңберінде қабылданатын ауқымды іс-шаралардың барлығы инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және Қазақстанның өңірлік инвестициялық хаб ретінде қалыптасуы үшін енгізілуде.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»