• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2016

Жүйелі мақсат, жаңартылған мазмұн

523 рет
көрсетілді

1 қыркүйек – Білім күні

Ел болашағы – білімде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыған байланысты барлық дамыған елдердің сапалы білім беру жүйесін саралай келіп, ұлттық білім берудің жаңартылған мазмұнын қалыптастыруды келелі міндет ретінде қойып отыр. Осыған байланысты елімізде биылғы оқу жылынан бастап білім беру жүйесі жаңартылған мазмұнмен жұмыс істей бастайды. Осы өміршең талапты іс жүзіне асыру мақсатында Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы қабылданып, қолға алына бастады. Егемен еліміздің білім беру жүйесін жаңғырту жоғары жауапкершілікті қажет етеді. Бұл салада игі мақсаттарға жету жолында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында да атқарылған іс аз емес. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда біліктілікті арттыру курстарынан 1 миллионнан астам педагог өтті, еліміздің әрбір төр­тінші оқушысы қосымша білім­мен қам­тамасыз етіледі. Тәуелсіздік ал­ған 25 жыл ішінде елімізде 450 мем­лекеттік балабақша салынды. Соны­мен қатар, жекеменшік бала­бақ­шалар саны 10 есе өсіп, 2200-ге дейін жетті. Бұл – жеке инвестициялардың 100 миллиард теңге қаржысы деген сөз. «Балапан» бағдарламасының ар­қа­­сында 3-6 жастағы балаларды бала­­бақшамен қамту 2,5 есеге өсіп, 82 пайызды құрады. Биыл бала­бақ­ша­ларда 400 мың орын ашу үшін мем­лекеттік тапсырысқа ал­ғаш рет қар­жы бөлінді. Бүгін біз ба­ла­лары­мыз­дың мектепке дейін­гі да­йын­дықпен жүз пайыз қамтыл­ға­нын айта аламыз. Білім берудің жаңартылған  маз­мұны 12 жылдық білім беру жүйе­сіне көшу, үш тілде білім беру бағ­дарламасын дамыту міндет­терін жүктеп отыр. PISA халық­ара­­лық салыс­тырмалы зер­т­теудің қоры­­тын­­дылары, біз­дің б­ала­лар­дың ака­де­миялық түрде жақсы дайын­ды­ғын, бірақ іс жү­зінде білімділікті қолданудан артта қалғанын көрсетеді. Осындай зер­т­теу­ қорытындылары білім беру саласында ғана емес, бар­лық қо­ғам­­да талқылануы қажет. Мы­са­лы, АҚШ-тағы STEM Education неме­се Малайзиядағы Skill for future зерт­теу қорытындылары бойын­ша қа­был­­данған көптеген үлкен рефор­­ма­лар мектепте білім беру маз­мұ­нын толық пішімдеуді қажет етті. 12 жылдық оқуға ауысудың және ағыл­шын тілінде оқытудың орынды екені «Назарбаев зияткерлік мек­тептерінде» экспериментальды түрде сынақтан өткізілді және расталды. Ендігі міндет – функционалды білім­ділік бағытымен барлық мектепте бұл  тәжірибені тарату. Осы ретте ерекше атап көр­сететін мәселе, 12-сынып деген болмайды, оның есесіне 5 және 6 жастағы балалар үшін 0-сынып енгізіледі. Әрі 12 жылдық білім беру кестесін енгізу осы немесе келе­­сі жылы емес, тек 2019 жылғы қыркүйек айынан басталады деп жос­парлануда. Ата-аналар 0-сы­ныпқа (мектепалды даярлық) бала­ны не 5, не болмаса 6 жастан бастап беру­ге құқылы. Тиісінше, 1-сыныпта 6 және 7 жастағы балалар оқитын бола­­ды. «Білім туралы» заңға сәй­кес, бүгін­гі күні бұл норма қол­даныс­қа енг­ізілген. Сол себепті, бар­­лық бала мек­те­п­алды даярлық бағдар­ла­ма­сы­нан өтуі тиіс. 12 жылдық білім берудің негізгі мәні – 0-сыныптарға (мектепалды даярлық) бірыңғай үлгілік білім беру бағдарламаларын енгізу. Мек­тепалды даярлықтан өту мүмкіндігі білім беру мекемелерінің 0-сыныпты ашу дайындықтарына қарай, мектептерде де, сондай-ақ, мектепке дейінгі мекемелерде де сақталады. Енді үш тілде білім беру мәсе­лесіне келетін болсақ, әуелі үш тілде білім беру көлемін түсініп алғанымыз жөн. Оның үстіне, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ешбір сыныпта үш тілді оқыту жүйесі енгізілейін деп жатқан жоқ. Бағдарламаға сәй­кес тек 10 және 11-сыныптарда төрт пән (физика, химия, биология, ин­фор­матика) ағылшын тілінде оқы­ты­лады, жоғарыда айтқанымдай, оның өзі тек 2019 жылдан бастала­ды. Бұл – аптасына 8 сағат деген сөз. Ал қазақ тілінде оқытатын мек­теп­терде математика, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, гео­графия және басқа да пәндер қазақ тілін­де өтеді. Барлығы 18 сағат. Егер тек инвариантты сағаттарды ала­­­тын болсақ, 22 инвариантты ком­по­­нент­тің 14 сағаты қазақ тілінде, оған дене шынықтыру пәнінің 3 сағатын қосыңыз. Сонымен қатар, таңдау бойынша пәндер бар. Орыс тілі мен әдебиеті, дүние жүзі тарихы оқыту тіліне қарамастан орыс тілін­д­е оқытылады. Орыс тілінде оқыта­тын мектептердің жағдайы да осы шамада болады. Онда да жоғары сыныптарда. Қалған сыныптарда бұрынғы база­лық принциптер өзгермейді. Әри­не, жоғары сыныптарда үш тілде білім алуға дайын болу үшін бала­лар­дың тіл үйренуге көбірек күш жұмсайтыны анық. Біз негізгі мек­тептерге де үш тілде оқыту мүм­кін­дігін береміз. Бірақ ол мектептердің дайын болуына қарай жүзеге асады. Мұғалімдерді жаппай даярлау осы жылдан басталады. Бүгін еліміздің ерекше айтулы мерекелерінің бірі – Білім күні. Ағымдағы жылғы 24 тамыздағы жағдай бойынша, жаңа оқу жылына оқулықтар жеткізу 99%-ды құрайды. Бүгінгі күні 14 өңірде оқулық жеткізу аяқталған, 2 өңірде (ОҚО – 96%, Ақтөбе облысы – 93%) жалғасуда. Оқу­лық­тармен қамтамасыз ету мәсе­лесі министрліктің бақылауында. Республика бойынша барлығы 325 мыңнан астам педагог бар. Бүгінгі таңда мектепке 6 429 жас маман келді. «Мектепке жол» акциясы биылғы жылы 9-шы рет өтуде. Көмекке зәру 280 мың балаға қайырымдылық көмек көрсетілді. Жаңа оқу жылынан бастап министр­лік интерактивті тапсырмалар мен бейнематериалдарды жаппай қол­дану үшін мектептерді қажетті техника жиынтықтарымен (экран, проектор, компьютер) қамтамасыз етеді. Бейнематериалдар дәстүрлі білім беру жүйесіне қосымша тәсіл әрі есте қаларлық және оқушылардың білімге қызығушылығын тудыратын тиімді әдіс. Еліміздегі 700 мектепте отандық («БілімLand») және шетел­дік оқыту бейнематериалдар мен ин­те­рак­тивті тапсырмаларды бұ­ған дейін де пайдаланды. Бұл мүмкін­дік­ті пайдаланған мұғалімдер өз­дері­нің оң пікірлерін жеткізіп отыр. Мұндай техникамен алдыңғы кезекте ең аз жабдықталған мектептер жарақ­тан­дырылады. Интернет жүйесі жоқ мектептерде сандық ресурстар мек­теп серверлеріне енгізіліп, үнемі жаңар­тылып отырады. Биыл Білім және ғылым министр­лігінің қолдауымен жаңа «Kundelik.kz» бірыңғай ақпараттық білім беру кеңістігі іске қосылады. 2016 жыл­дың 1 қыркүйегінен бастап бұл жүйе еліміздің кеңжолақты интер­нет­ке кіру мүмкіндігі бар барлық мек­теп­те қолданылады. Елімізде 807 колледж жұмыс іс­тейді, онда білім алатындардың саны 499,5 мың адамды құрайды. Жыл аяғына қарай Астана қаласында 300 орын­дық жатақханасы бар 1 кол­ледж­ді іске қосу жоспарланып отыр. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқу­ға қабылдау жоспары 82 мың орын­ды құрайды, олардың 70 пайызы тех­ни­калық, технологиялық және ауыл шаруа­шылығы мамандықтарына берілген. «Мәңгілік Ел жастары – индус­трия­­ға» жобасы аясында мемлекеттік тапсырыс 30 колледжге беріліп, 43 мамандық бойынша 1100 орынды құрап отыр. 1718 кәсіпорынның қаты­суымен 348 колледжде дуалды оқыту енгізілді. Бұл колледждерде 22 мың студент оқиды. Жыл аяғына қарай техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бо­йынша тағы да 49 колледжге дуал­ды білім беру жүйесі енгізіледі. Кәсіп­орын­дармен 61 келісімшарт жасалды. Міне, жыл құсындай қайта айна­лып жаңа оқу жылы да келіп жетті. Жаңартылған мазмұнда білім беру бағдарламасы енгізілетін биылғы оқу жылына еліміздің барлық мектептері жоғары дайындықпен кіріскелі отыр. Жалпы, жаңа оқу жылына білім беру жүйесінің материалдық базасы да сақадай-сай. Ендігі міндет бәсекеге қабілетті өскелең буынды тәрбиелеу жолында жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасын сапалы іске асыру болып табылады. Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА, Білім және ғылым вице-министрі Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»