Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Пагуош ғылым және халықаралық істер жөніндегі ғалымдар қозғалысының президенті, белгілі дипломат, БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану жөніндегі бұрынғы орынбасары Джайантха Дханапаланы қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
1957 жылы құрылған Пагуош қозғалысы бейбітшілік, қарусыздану, қауіпсіздік және жаһандық ауқымдағы ғылыми ынтымақтастықты жақтайтын ғалымдарды, саясаткерлерді және қоғам қайраткерлерін біріктіреді. Қозғалыс Ядролық қаруды атмосферада, ғарыш кеңістігінде және су астында сынауға тыйым салу туралы шарт, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт, Зымырандарға қарсы қорғаныс жүйесін шектеу туралы шарт, Қарудың биологиялық және химиялық түрлеріне тыйым салу туралы конвенция, Еуропадағы жай қарулар туралы шарт, тағы басқа негізгі көптарапты келісімдерді әзірлеуде және қабылдауда маңызды рөл атқарды. 1995 жылы Ұйым Нобельдің Бейбітшілік саласындағы сыйлығына ие болды.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Пагуош қозғалысының идеясы мен құндылықтарын жақтайды, сондай-ақ қозғалыстың қарусыздану және қауіпсіздік саласындағы халықаралық келісімдерді әзірлеудегі және қабылдаудағы рөлін жоғары бағалайды.
Кездесу барысында Қазақстанның Пагуош қозғалысының 2017 жылы болатын мерейтойлық кездесуін өткізу мүмкіндігі қаралды. Қозғалыс мүшелерінің Астанада сондай кездесу өткізу туралы тілек білдіруі Семей ядролық полигонын мәңгілікке жауып, адамзатты ядролық соғыс қаупінен құтқару ісіне нақты үлес қосқан, әлемде қуаты жағынан төртінші орын алатын ядролық әлеуеттен бас тартқан біздің еліміздің және оның басшысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделіне байланысты болып отыр.
Қ.Тоқаев 29 тамызда болған «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясына қатысқаны және ондағы мазмұнды баяндамасына орай мейманға ризашылық білдірді.