• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2016

Елбасы: Заңдар халыққа түсінікті болуы керек

286 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алтыншы сайланған ҚР Парламентінің екінші сессиясын ашып, елдің заң шығарушы органы алдында тұрған бірқатар міндеттер мен шараларға тоқталды. «Біріншіден, Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын қарсы алуға дайындалып жатыр. Бұл – жылдың басты оқиғасы, бұл – той тойлайтын ғана кезең емес, халыққа елдің жетістіктерін толық түсіндіретін кезең. Ширек ғасыр ішінде жүз жылға татитын қыруар шаралар атқарылды. Менің ойымша, халыққа айтарымыз да аз емес. Осы мерейтойға арналған шаралар қазірден басталуы тиіс. Ал ол мерейтойдың өзі қорытынды жасайтын шақ болуы керек. Әрбір қазақстандық, әрбір ауыл тұрғыны елдегі игілікті сезініп, болашақ бағдарды түсінуі керек», - деді Елбасы. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанда жаңғырудың жаңа кезеңі жүргізіліп жатқанын еске сала келе, Парламентке Үкіметпен сындарлы жұмысты жалғастыруды тапсырды. «Жаңа заңдарды әзірлеу мен қабылдауға қатысты барлық мәселелер бойынша Үкіметпен тығыз, орнықты жұмыс жасау қажет. Бұл ретте заңды әзірлеуде бірінші кезекте оны халыққа түсіндіруге тиіспіз. Ешкімге де түсініксіз жаңалықтар енгізуден қашу керек», –  деді Мемлкет басшысы. Президент атап өткендей, Мәжіліс пен Сенат депутаттарының халыққа қолжетімді түрде заңды түсіндірудегі рөлін күшейткен маңызды. Кез келген заң халық үшін аса маңызды бір мәселені шешуге негізделеді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне жол бермеуді тапсырды. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген әлеуметтік пакетке шығыстар көлемін сақтауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету керек екенін қадап айтты. «Бұл ретте бәрінен бұрын зейнетақы, жәрдемақыларға, шәкіртақыларға және адамдар үшін басқа да әлеуметтік төлемдерге қатысты болып отыр. Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне жол бермеу үшін  бюджеттік саясатты тиісті дәрежеде бағдарлау қажет», – деді Елбасы депутаттардың алдында сөйлеген сөзінде.