Әдетте тыныш өтетін демалыстар маусымы үстіміздегі жылы дәстүрінен жаңылғандай болды. Жаздың үш айында бірнеше резонанстық оқиғалар орын алды. Дәл осы жаз айларында ірі әлемдік ойыншылар арасында маңызды кездесулер өтіп, ұзаққа созылып бара жатқан проблемалық мәселелер талқыланып, оң шешімін тапты.
Демалыстар маусымы Түркі әлемінің елдері үшін де тып-тыныш бола қойған жоқ. Бауырлас түрік елінде әлемді елең еткізген сәтсіз мемлекеттік төңкеріс, бірнеше жауыздық террорлық акт орын алды. Сондай-ақ, осы кезеңде Түркия мен Ресей басшылығы арасында маңызды келіссөздер жүріп, нәтижесінде тараптар бұрынғы достық қарым-қатынастарын қалпына келтіруге шешім қабылдады. Ал мұхиттың арғы бетінде АҚШ президенттігіне кандидаттар Д.Трамп пен Х.Клинтон арасында бәсеке қыза түсті. Қазіргі кезде екі үміткердің де үлкен елді басқаруға мүмкіндігі тең делініп отыр.
Жаздың аса «ыстық» болғанына қарамастан, күз де одан қалыспайтын сыңайлы. Саяси оқиғалар тізбегін «Үлкен жиырмалық» елдерінің басшылары бастап бермек. Бұл айтулы басқосу биыл алғаш рет Қытайда өткізілмек. Мұның осындай пішімдегі он бірінші кездесу екенін және оның Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылатынын да айта кетейік.
Мамандар қазірдің өзінде саммиттің табысты аяқталатынына үмітпен қарайды. Келешекке серпін берер шешімдер қабылданады деп сенеді. «Үлкен жиырмалықтың» саммиті өзінің алаңына әлемдегі аса ықпалды мемлекет қайраткерлерін тартатынын да айта кеткеннің артықтығы жоқ.
Қытай бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларына құлақ түрсеңіз, жоғары деңгейдегі маңызды форумға дайындықтың үлкен ыждағаттылықпен жүргізілгені көлденең тартылады. Ал дәстүрге сәйкес бұл басқосуға планетамызда аса ірі экономикасы бар елдердің бірінші басшылары жиналады. Дәстүрлі 20 мемлекеттен бөлек, биыл құрметті қонақ ретінде бірнеше басқа елдердің өкілдері де шақырылыпты. Атап айтқанда, қабылдаушы жақтың, яғни саммит иесі ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің арнайы шақыруымен «Үлкен жиырмалық» саммитіне құрметті қонақ ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын болады.
Сонымен қатар, 24 тамызда Қытайдың партиялық ресми газеті «Жэньминь жибао» «жиырмалыққа» қатысушылардың тізімін жариялады. Бұл хабарламада мына мемлекеттердің: Аргентинаның, Австралияның, Бразилияның, Ұлыбританияның, Германияның, Үндістанның, Индонезияның, Италияның, Канаданың, Қытайдың, Мексиканың, Түркияның, Ресейдің, Сауд Арабиясының, АҚШ-тың, Францияның, Оңтүстік Африка Республикасының, Корей Республикасының, Жапонияның басшылары, сондай-ақ, Еуропалық одақ елдерінің жетекшілері кездесуге қатысатындықтарын қуаттағаны атап көрсетіледі.
Бұл жолғы саммиттің оның алдыңғыларынан ерекшелігі мынада: Ханчжоу саммитінде «жиырмалықтың» отырысын ұйымдастырушылар барлық қатысушыларды тек экономикалық мәселелер бойынша талқылаулар өткізіп, шешімдер қабылдауға шақырып отыр. Қытай тарапының аталған бастамасы қазіргі кезде әлемдік экономиканың күрделі кезеңді басынан өткеріп, іс жүзінде барлық елдерде экономикалық өсімнің баяулағанымен байланыстырылады.
Көптеген әлемдік экономистердің сөз саптауларына қарағанда, қазіргі кезде әлемдік экономикалық ахуал бұрынғысынша дағдарысты жағдайда тұр. Біраз елдер экономикалық өсімнің баяулауы, төменгі пайыздық мөлшерлеме, төменгі сұраныс, жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, үлкен қарыздар сияқты проблемалармен бетпе-бет қалып отыр. Бұдан бөлек, Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы және кейбір дамушы елдердегі тоқырау әлемдік экономиканы қалпына келтіру үдерісіне кедергі келтіруде.
Осындай жағдайда, ең интенсивті өсімі бар әлемдегі аса ірі дамушы экономикалық субъект бола отырып, Қытай аталған мәселені шешуге жаңа қырынан келуі ғажап емес. Атап айтқанда, Бейжің дамыған және дамушы елдердің өзара іс-қимылын үйлестіруге септігін тигізетін тұжырымдама мен жоспар ұсынып, әлемдік экономикадағы ахуалды айтарлықтай жақсартуға оң ықпал етуі әбден мүмкін. Қысқасы, әлем елдері Ханчжоудағы G20 саммитінен үлкен үміт күтеді.
Соңғы 10 жыл бедерінде Қытайдың әлемдік экономикаға үлесі шамамен 40 пайызды құрады. Сөйтіп, бұл ел шын мәнінде әлемдік экономика өсімінің локомотивіне айналды. Тіпті, 2015 жылы жаһандық сауда-саттық көлемі теріс сипат алған кездің өзінде Қытайдың әлемдік саудадағы үлесі өсім бергенін атап өткен абзал. Осы орайда, әлемдік қоғамдастық, тағы да қайталап айтсақ, G20-ның Қытайда өтетін саммитіне үлкен үмітпен көз тігеді.
Қытайдың Азияның инфрақұрылымдық инвестиция банкі (АИИБ), Жібек жолының Экономикалық белдеуі қоры, БРИКС-тің даму банкі сияқты бастамалары елдің халықаралық экономикалық және қаржы тәртібін реформалауға белсенді қатысып отырғанын айғақтайды. Сондықтан Қытай осы саммит кезінде бастамашы рөлін атқарады десек, қателесе қоймаспыз.
Мұның алдында, яғни үстіміздегі жылғы шілде айында G20 елдері сауда министрлерінің кездесуі өткен еді. Шанхайдағы басқосу барысында әлемдік сауданы басқаруды жақсартуға бағытталған жаһандық сауда өсімінің стратегиясы, жаһандық сауданың өзара құнын төмендету, сауда және инвестициялық саясатты үйлестіруді күшейту, сауданың өсіміне қызмет көрсету арқылы ықпал ету, сауданы қаржыландыруды ұлғайту, сауда белсенділігінің жаһандық индексін жасап, электронды сауданы дамытуды ынталандыру мәселелері талқыланған болатын. Сөйтіп, тараптар көп қырлы сауда жүйесін қолдау үшін шектеу шараларын төмендету қажет деген ұстанымға келген еді. Кездесуде, сондай-ақ, G20 елдері осы жылдың соңына дейін ДСҰ-да сауда ресімдерін оңтайландыру туралы келісімді ратификациялау қажеттігі бойынша мәмілеге қол жеткізген-тін.
Қазақстан үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың G20 саммиті күндері болатын Қытайға жұмыс сапарының маңызы да айтарлықтай жоғары. Өйткені, Аспанасты елі Қазақстанның стратегиялық әріптесі болып табылады және өзара қызығушылық тудыратын мәселелерді дер кезінде талқылап шешу екі жаққа да тек тиімділік әкелмек. Қазақстан өзінің Қытаймен стратегиялық серіктестігін берік сауда-экономикалық байланыстар негізінде құруын жалғастыруда.
Қазақстан Шығыстағы көршісімен тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап тығыз қарым-қатынас орнатса, бұл үдеріс күні бүгінге дейін ел сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі болып келе жатыр. Қытаймен өзара сенімге, түсіністікке, тарихи көршілестік тәжірибесі мен берік сауда-экономикалық байланыстарға негізделген қарым-қатынасымыз қашанда тұрақтылығымен айшықталады. Тіпті, Қазақстан өз тәуелсіздігінің түрлі жылдарында бетпе-бет келген экономикалық дағдарыстар уақытында да Қытаймен ынтымақтастығын жоғары деңгейде сақтап қала алды. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қытайға өткен жылдың қыркүйек айындағы соңғы сапары барысында атап өткеніндей, «аталған сапарды екі ел қарым-қатынастары тарихындағы бетбұрысты кезең деп айтуға болады. Бұрындары Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы тек шикізатты өткізуге бағдарланып келсе, бүгінде әңгіме бірлесіп жаңа өнімдер өндіру, нысандар салу хақында болып отыр».
Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасына сәйкес, Қытайға Ресеймен және Орталық Азия елдерімен бірге Қазақстан Республикасы сыртқы саясатында ерекше орын беріледі. Қытай тарапы да айрықша атап көрсетіп отырғанындай, Қазақстанмен өзара тиімді, ізгі көршілестік қарым-қатынас қалыптастыру – ҚХР үшін де басым бағыттардың бірі. Бұған Ханчжоу қаласындағы G20 саммитіне Қытай басшылығының құрметті қонақ ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты арнайы шақыруы айқын дәлел бола алады.
Сөзіміздің соңында атап көрсететін бір жайт, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасындағы табысқа жоғары деңгейдегі конструктивті саяси үнқатысу серпін беріп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен Ташкенттегі ШЫҰ саммитіндегі соңғы кездесуі кезінде тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас көпжақты стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне шыққанын ерекше атап көрсеткен еді. Қытайдың жетекші ақпарат агенттіктері жазғанындай, Бейжің Астанамен қарым-қатынасын энергетика, сауда-саттық және туризм салаларында әрі қарай нығайтуға дайын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға осы жолғы жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік қарым-қатынастарды әрі қарай нығайтуға оң ықпал ететін жаңа уағдаластықтарға қол жеткізілетіні еш күмән туғызбайды.
Руслан ІЗІМОВ,
қытайтанушы