• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2016

Өскемен өрендерін өнеге етті

224 рет
көрсетілді

Ата Заң мерекесі күні шығыс­қазақстандықтар Өскемен әуе­жайы­нан ХХХІ жазғы Олим­пиялық ойындарының қола жүл­дегері, жеңіл атлет Ольга Ры­паковамен бірге ауыр атлет Денис Уланов, жеңіл атлеттер Евгений Лабутов, Ирина Смольникова, Элина Михина жә­не байдаркада есуші Екатерина Смир­нованы қарсы алды. Әуежай алдында спортшыларды жанкүйерлер атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жерлесіміз Ольга Рыпакованың Олимпиадада Қазақстан жеңіл атлеттері қатарынан жүлделі бол­ған жалғыз спортшы екеніне ерекше тоқталды. – Елбасымыз атап өткендей, Ольга Рыпакова тек спортшы ғана емес, сонымен қатар, ол батыр ана, – деді облыс әкімінің орынбасары. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері де риза­шылығын білдірді: – Олимпиададан кейін мен тағы бір жарысқа өнер көрсетуге аттанып кеттім. Сондықтан, екі сайыстан кейін Өскеменге жету – мен үшін үлкен қуаныш. Әр күн сайын әлеуметтік желі­лерде қолдау көрсетіп, тілек біл­діргендеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді Ольга Рыпакова. Облыс әкімі Даниал Ахметов Ольга Рыпаковаға жерлестері атынан Toyota Land Cruiser Prado автокөлігі мен 50 мың АҚШ долларын сыйласа, жарысты төртінші орынмен аяқтаған Денис Улановқа екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Олимпиялық ойындарға Шығыс Қазақстан облысынан қатысқан басқа спортшыларға, атап айтқанда, диск лақтырушы Евгений Лабутовқа, марафоншы Ирина Смольниковаға, жүгіруші Элина Михина мен ескекші Екатерина Смирноваға облыс әкімінің бір жылдық стипендиясы сертификаттары табыс етілді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН