• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2016

Жазира сыйақысын сіңлісіне берді

377 рет
көрсетілді

Ауыр атлет Жазира Жап­парқұл мен дзюдошы Отгон­цэцэг Галба­драхты қабылдаған Оңтүстік Қазақстан облысы­ның әкімі Бейбіт Атамқұлов Олимпиялық ойындардың жүл­дегерлеріне лай­ық­ты құрмет көрсетті. Рио Олимпиадасының күміс жүл­дегері Жазира Жап­парқұлға Шымкент қаласынан екі бөлмелі пәтер мен Toyota Land Cruiser 200 маркалы джип көлігі тарту етілсе, қола медаль иегері Галбадрах бір бөлмелі пәтер мен Toyota Prado машинасына ие болды. Естеріңізде болса, Қазақстан қоржынына ең алғашқы медальді бақытын қазақ жерінен тапқан Отгонцэцэг Галбадрах салған болатын. – Галбадрахтың жолы ақжол­тай болды. Біздің мемле­кетіміз Тәуелсіздік алғаннан бері ең көп медальға қол жеткізді, – деді аймақ басшысы. – Облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев осы хабарды телефон арқылы маған жеткізгенде, ерекше қуандық. Қос спортшымыздың жеңісі – тек оңтүстікқазақстандықтар үшін ғана емес, мемлекетіміздің мерейі. Еліміздің барлық жанкүйерлері тілеулеріңізді тілеп, жеңіске жеткендеріңізде шексіз қуанды. Сондықтан, бұл сый-сияпатты барлық қазақстандықтардың тартуы деп қабылдаңыздар, – деді ол. Бұл екі спортшы да «алтынға» сынық сүйем ғана жетпей қалған еді. Жазира Жаппарқұл қытай атлетінен жұлқа және серпе кө­­теруді қосқанда, екі кило ғана қалып кетті. «Әлі толық жа­зыл­­маған жа­рақаттарым бар. Рио­да соның зардабын тарттым. Енді өзіме-өзім келіп алған соң жара­қаттарымды емдеп, Токио Олимпиадасының «алтыны» үшін дайындалатын боламын», – дейді ол. Ал татамиде небір мықты­лардың аптығын басқан От­гон­цэцэг Галбадрах келесі Олим­пиялық ойындарында «алтын» алуға жағдайы әбден жететінін сол жолы танытып кетті. Жазира даңқты жеңісінен кейін журналистердің көз алдында үй-ішімен сөйлесті. Сонда: «Әльфия-ау, бұл жеңісті сен үшін алдым ғой» дегені құлақта жатталып қалыпты. Кейін білсек, спортшының Әльфия деген 11 жасар жиен сіңлісі церебралды сал ауруымен ауырады екен. Оны шетелде емдетіп, қатарға қосу – Жазираның арманы. Сондықтан, өзіне берілген сыйақыны сіңлісін емдетуге жұмсайтынын айтқан. Қазақтың ақкөңіл қызы өзіне тиесілі екі бөлмелі пәтерді ата-анасына сыйлады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы