• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2016

«Педагог болу – өз уақытыңды аямау»...

2616 рет
көрсетілді

Бұл өмірде адамның тағдырын айқын­дайтын екі нәрсе бар: бірі – өмірлік жары болса, екіншісі – мамандығы. Маман­дық – әрбір адамның сүйіп әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі бола­шағы. Әр адам мамандығына құрметпен қарауы керек. Олай дейтінім, мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сонымен қатар әр маман­дық­­тың өз ерекшеліктері де бар. Ізгі маман­дық­тар­дың қатарындағы педагог баланы оқы­тып-тәрбиелеп, елін көркейтер азамат етеді. Мен де осы педагог маман­дығын таңдағанымды мақтаныш етемін. Өйткені педагогқа биіктік пен тереңдік ұғымдары тән. Осы екі ұғымды педагог сөзімен тығыз байланыстырамын. Шындығында педагог – мұхит тұңғиығындай терең білімнің, биік парасаттың иесі. Оның білігі мен білімі тайыз емес, тым тереңде. Ал енді ана да, дана да, ақын да, хакім де – бәрі-бәрі де аяулы да асыл ұстаздан тәлім алады. Бұл – бұлтартпас ақиқат. Қазақта «Бір кісі құдық қазса, мың кісі су ішеді», деген қанатты сөз және бар. Жер бетіндегі барша мамандық иелерін білім нәрімен сусындатып, зейінін ашатын, сан салалы ғылым сырын ұқтыратын бірден-бір маман­дықтың бастауында педагогтар тұратынына ешкім дауласа қоймас. Сананы саралап, ақылмен ойлап қарасақ, қашанда ұстазы жақсының ұстамы жақсы болады. Қазір елімізде білім жүйесі түбірімен өзгерді деуге болады. Бүгінгі ұстаздар мен оқушылар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Жаңа оқулықтар шығып жатыр. Мектептердің материалдық-техника­лық базасы жаңарды. Жаңа мектептер көбей­ді. Әр білім ұясында интернет желісі бар, интерактивті тақталар орна­тылды. Назарбаев зияткерлік мек­тебі секілді озық білім ұялары оқу­шы­лар­дың толыққанды әрі сапалы білім алуына жол ашты. Осыған орай маман­дықтың атасы саналатын ұстаздар да білімдерін жетілдіріп, шәкірттеріне сапалы білім, тәлімді тәрбие беруге ұмтылып келеді. Өйткені педагог болу жүректің батылдығы дегендей, олар барлық мамандық иесін үйретуші, тәрбиелеуші. Себебі одан қандай да болмасын маман­дық иесі дәріс алып шығатынын ұғып отыр. Жан-Жак Руссоның «Педагог болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» дегендей, ұстаз тек шәкіртіне білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ ті­леу­лі ана тәрізді барлық адамның бойы­нан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Өмірдегі көп мамандықтардың ішін­де жан-жақты білімділікті, икем­ділік­ті, шеберлікті, ерекше мейірім­ділік­ті қажет ете­тін мамандық та – педагог. Олай дейтінім, педагог еңбегі, бірін­шіден, адамзат қоғамы тарихында жи­нақ­­талған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шә­кірт­­терімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Осындай қызы­ғы да, қиындығы да мол мамандық ие­лері, яғни бүгінгі педагогтар шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз педагогтың ғана қолынан келеді. Педагогтардың ұлы атасы Ы.Алтын­сарин: «Педагогикалық мамандық –бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер  даналықты жүректен ұға білу болып табылады», дегені біздің ұстанымыз бола береді. Өйткені еліміздің білім саласындағы оң өзгерістер бүгінгі педагогтардан деп білемін. Білім ұясының тірегі мұғалім болғандықтан, жаңа оқу жылының басталуында ұстаз туралы ойым­ды ортаға салғанды жөн көрдім. Гүлнәр ЕҢСЕГЕНОВА, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің оқытушысы АТЫРАУ