Бұрын Қазақстан Жастар одағының сыйлығы аталып келген марапат соңғы жылдары «Серпер» деген атауға ие болғаны белгілі. 1967 жылдан бері тұрақты беріліп келе жатқан бұл сыйлық екі жылда бір беріледі. Сыйлықтың маңызына келсек, ең алдымен жас таланттарды қолдау, – дейді Қазақстан Жастар одағының төрағасы Әсет Тұрдығұлов.
Бір айта кетерлігі, 2006-2008 жылдары ғылым номинациясы бойынша лайықты жоба табылмаған болса, есесіне биыл осы аталым бойынша қатысқан жастар қатары көбейгені байқалған. Сонымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті Шілдебай Сәбиттің ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалығы құнды деп бағаланыпты.
«Серпер» сыйлығы серпілткен жастар қатарында биыл «Әдебиет» номинациясы бойынша Мәлік Отарбаев, Саят Қамшыгер бар. Журналистика саласынан «Айқын» газетінің журналисі Қаншайым Байдаулетова мен «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Оксана Мягких марапатталды.
«Эстрадалық музыка» саласы бойынша әншілер Мәдина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Өмірқұл Айниязов Қазақстан Жастар одағы сыйлығына лайық деп табылды.
«Театр өнері» аталымы бойынша М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы Зәуре Көпжасарова, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы Анастасия Темкина, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының белді актері Мұхитдин Шынтаев, Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының актрисасы Гулнара Зиятова, Түркістан қаласындағы сазды драма театрының өнерпаздары Гүлзада Айтбаева мен Талғат Қарынбаев марапатталды.
Ал бейнелеу өнері бойынша суретші-мүсінші, дизайнер Дәурен Мұхамеджанов жеңімпаз атанды.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.