Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуін Польша құрама командасымен өткізіді.
4 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында өткен матч 2:2 есебімен тең аяқталды.
Матчтың бірінші таймы поляктардың басымдығымен өтті. Ойынның 9-минутында Польша құрамасының жартылай қорғаушысы Бартош Капустка есеп ашты. Ал 35-минутта қорғаушы Елдос Ахметов өзінің айып алаңында Роберт Левандовскиге қарсы ойын ережесін бұзды. Нәтижесінде Қазақстан командасының қақпасына пенальти белгіленіп, қарсыластардың капитаны есеп айырмасын екі голға жеткізді.
Енді ойын өрнегінің өзгеретініне көп адамның сене қоймағаны да белгілі. Алайда, екінші таймда Қазақстан құрамасы ширақ қимылдап, поляктардың қақпасына екі гол соқты. Матчтың 51-минутында Сергей Хижниченко алғашқы голды соқса, 58-минутта дубль жасап, есепті теңестірді.
Ұлттық құрама келесі матчын сырт алаңда Черногория құрама командасымен өткізеді
Айдар ӨРІСБАЕВ