• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2016

Ажалға аттанғандар

526 рет
көрсетілді

Бұл жантүршігерлік оқи­ғаны арада үш ай өткен соң «Из­вес­тия» газеті жазған. Тіл­ші М.Сувин­ский­дің 1937 жыл­ғы 2 сәуірде жа­рық көрген осы мақа­ласын 5 сәуір­де «Казах­стан­ская правда» көші­ріп басқан. Көп кешікпей одан Еуро­падағы ақ эмигранттар да хабар­дар болған. Оған дәлел – Бол­гария­ның Варна қаласында шығып тұрған «Русское слово» басы­лы­мындағы ақпарат. 1917 жылғы Уақытша үкімет кезін­де Сырт­қы істер министрі қыз­ме­тін атқарған, кейін шетелге қоныс аударған князь П.Милю­ков­тың жеке қорында сақталған жо­ғары­дағы газеттің 1937 жылғы 23, 24 және 29 сәуірдегі «А.И.Дутов» атты ма­қалада былай делінген. «...Ата­ман Дутовтың қазіргі кездегі көзі тірі достары оны атып тастаған (ат­қан деп жазылмаған – ред.) қыр­ғыз­дың (ұйғырдың – ред.) бірі Қожамияровтың әйелі мен қызын өлті­ріп, одан кек алды». Құдай басқа бермесін дейік. Қажет кезде Кеңес өкіметінің қиын тапсырмасын қаймықпай орын­даған, одан кейінгі бейбіт кезеңде бел шешпей еңбектенген жанға жоғарыдағы жағдайдың өте үлкен соққы болып тигені анық. Сұмдығы сол, ақ казактар жіберген жансыз­дың қолынан азапталып өлтірілген ана мен қыз денесінің жеті күн бойы жерленбеуі. Облыстағы орган адамдары келіп көргенше, міне, осындай келеңсіз жағдай орын алған. Соған қарамастан қай­ғылы оқиғадан кейін де бойынан өмір сүруге деген күш-қайрат таба біл­ген Махмұд Қожамияров өзіне сеніп тапсырылған жұмыстарды қаде­ри-халінше атқарып жүреді. Соң­ғы қызметі Жаркент қалалық кеңе­сінің төрағасы екен. Сол кезде оған қарсы тағы бір зәбір басталады. Ол халық жауы деген жала еді. Тағылған айып түрі – «жергілікті жердегі кеңес билігін басып алуға ұмтылған зиянкестік әрекет». Осындай «ұйғарыммен» Алматы облыстық НКВД үштігі 1938 жылғы 19 қазанда Махмұд Қожамияровты ату жазасына кеседі. Артында қал­ған жалғыз ұлы әкесі оққа байланған 3 жылдан соң соғысқа жіберіледі. Мұрағат құжаттарында ол бейбақ туралы «Хабарсыз кетті» дегеннен басқа дерек жоқ. Ал атышулы операцияға, яғни ақ казактар атаманының көзін жою­ға тікелей қатысқан үшінші адам Мұқай Байсымақов ше? Бұл қан­да­сымыз туралы біз не білеміз? ҰҚК мұрағатында оның 1895 жылы Жаркент өңіріндегі Бұрхан ауыл­ын­да өмірге келгендігі айтыла­ды. Шала сауатты кісі екен. Архив дерек­тері осылай десе, жергілікті өлке­танушы Нұрымбай Бекқұлиев өзі­міз жоғарыда сілтеме жасаған қол­жазбасында біз сөз етіп отырған жанның өмірге келген жылы 1895 емес, 1884, ал туған елді мекені Бұр­хан ауылы емес, Талды қыстағы еке­нін айтады. Өздері Мұқай, Көдек деген ағайынды екі жігіт еді дейді. Олар әкелерінен жастай же­тім қалып, әркімге жалданып күн кешеді. 1912-1914 жылдары Құл­жа қаласындағы атақты көпес Үсейін­бай Мұсабаевтың былғары зауытында жұмыс істейді. 1918 жылы Жаркентте Кеңес өкіметі орнайды. Бірақ мұндағы әскери гарнизон қаланы қорғауға, оны ұстап тұруға қабілетсіз еді. Орталықтан келген қызыл комиссарлар осы әлсіз, осал тұсты тез байқайды. Сөйтеді де қосымша күшті жергілікті жердегі ері­к­тілерден өте қысқа мерзімде жа­сақтап, күшейтуге ұран тас­тайды. Сонда төңіректегі ауыл кедейлерін жинап әкеліп, шақыруға алғашқылардың бірі болып үн қосқан Мұқай Байсымақов еді. Сөйтіп ол және оның ниеттестері Қызыл армия қатарына жазылып, Яков Лаковтың қазақ атты әскер полкін құрайды. Қапал және Абакумовка үшін болған ұрыстарға қатысады. Екі рет жараланған соң Жаркентке оралуға рұқсат беріліп, осындағы милиция бөліміне қызметке алынады. Одан кейін ағайынды Мұқай, Көдек Байсымақовтардың 1921 жылғы 6 ақпандағы операцияға қатысқаны алдыңғы тарауларда баяндалған оқиғалардан белгілі. Содан екі ай өткен соң басшысы да, қосшысы да қамтылған бір топ уездік милиция қызметкерлері Ташкентке шақырылады. Мұндағы марапат, алғыс және түрлі құрмет көрсету рәсімдерінен кейін Жеті­су өңірінен келген милиция қыз­мет­­керлерінің бір тобы осын­да қал­­дырылып, Ферғана бас­ма­шы­лары­ның құрбашысы Көршир­мат­қа қарсы ұрыстарға жіберіледі. Бұ­лар­дың қатарында Мұқай Бай­сымақов та бар еді. Біздің кейіп­кері­міз Орталық Азиядағы ол сапардан 6 айдан кейін оралады да Жаркентке келіп, милициядағы жұмысын қайта жалғастырады. Осыдан кейін, құрметті оқырман, Мұқай Байсымақовқа қатысты мәліметтер желісі үзіледі. Сөйтеді де оның аты-жөні 1938 жылы бір жер­ден қылаң беріп, қайта жоқ болады. Ол – ҰҚК мұрағатындағы куә ретіндегі жауап алу кезінде сақ­талып қалған дерек. Ондағы мә­селе бір тақырыпты анықтауға, атап айтқанда, 1921 жылғы ақ казак­тар атаманының көзін жоюдың алдын­дағы жағдай мен операцияны жүзеге асыру кезіндегі оқиғаны куәгер сөзімен нақтылауға арналған. Мұқай Байсымақовтың сондағы, яғни 1938 жылдың 12 қаңтардағы көрсетуі бойынша мәселе былай. «Жаркент милициясының бас­тығы Қ.Чанышевті («сырт көз үшін») тұтқынға алардан бір ай ша­масы бұрын М.Қожамияров пен М.Байсымақов ЧК-дан А.Дутовты өлтіру жөнінде тапсырма алған. Белгіленген уақытта (айда) бұлар операцияны жүзеге асыруға қол же­т­кізе алмайды. Сол кезде ЧК бірнеше адамды кепіл ретінде тұт­қын­дайды да Қ.Чанышевті («түр­меден қашырып») Қытай аума­ғына жібереді. Шекарадан өткен соң ол («екеуін тауып алып») қайткенде де ақ гвардияшылар атаманының көзін жойып, кеңес жеріне қайта оралуды ұсынады. Өйткені тапсырма орындалмаған жағдайда олар үшін ЧК-да кепілдікке алынған 8 адам зардап шегетіні анық-тын. Бұдан әрі М.Байсымақов мынаны көрсетеді (ойластырылған операция басталады). (Сонда) М.Қожамияров пен М.Байсымақов ақ гвардияшылар генералын өлтіреді. Атап айтқанда, М.Қожамияров атаман А.Дутовты, ал М.Байсымақов оны күзетуші адамды оққа байлайды». Демек, біздің сөз етіп отырған кейіп­керіміз 1938 жылға дейін бар екен. Оған оның жоғарыдағы НКВД өкіліне берген түсініктемесі дәлел. Ал одан кейін ше? Бұған деген жауап­ты біз енді мұрағаттан емес, Мұқай Байсымақовтың ұрпақ­тары­ның айтқан сөздерінен табамыз. Олардың бәрі қарапайым еңбек адамдары. Жаркенттен онша қашық емес Алмалы ауылында тұрады. – Атамыз 1938 жылы Қытайға қоныс аударыпты, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміздің неме­ресі Тұралы. – Жаз кезі екен. Отбасымен өтіп барып, шекараның арғы бетіндегі Шипанзе қыстағына тұрақтапты. – Шекара 1934 жылы жабылды емес пе? Бұл өңірдегі арғы бетке жасырын өтуге әрекеттенгендердің ең соңғы көріністері 1936 жылы тіркелгенін айтады Қорғас шекара заставасының кезекшілік журналы. Содан соң.., иә, содан соң атаңыздың арғы бетке өтуіне не себеп болған? Онда не істеп, қандай кәсіппен шұғылданған? – Шекараның ол уақытта ашық не жабық екендігінен хабарымыз жоқ, – деп сөзге араласты осы кезде Мұқайдың екінші немересі Тұрғанбек. – Бірақ атамыздың сол жылы арғы бетке өткені рас. Туған жерден кетуіне ол кісінің бір кездері өзін білетін ЧК қызметкерлерінің азайып, арызқой аңдушылардың молайып, «халық жауы» деген қорқынышты аттан қорғап қалатын ешкімнің бел шешіп шықпағаны себеп болған. Арғы бетке барған соң дүкен ұстапты. Сауда-саттықпен айналысып күн көрген. Бұл айтып отырғандарымыз әжеміз Ақдана мен ағалы-інілі әкелеріміз Нұрмұқа, Қашқынбектің әңгімелерінен есімізде қалған деректер. Осыдан кейін Тұралы мен Тұр­ғанбек бізге төмендегідей жағ­дайды айтты. Жаркенттен жансау­ға­лап арғы бетке өткенде де Мұқай Байсымақовтың өмірінде тыныш­тық болмаған. Шипанзе қыс­тағындағы дүкеніне Сүйдіннің орталық базарынан зат алуға келген оны 1918-1920 жылдары мұнымен контрабандалық байланыс ұстаған ұйғыр, дүнгендердің біреуі танып қалады. Сөйтеді де 1921 жылғы ақпандағы атышулы оқиғадан кейін ол зауалдың кімнен келгенін біліп, іштен тынып жүрген ақ казактарға жеткізеді. Арғы жағы түсінікті. Сөз жеткізуші сыбыс иесі сыйлықпен аталып өтіледі. Мұқай Байсымақов «баққан малын орыс кордонындағы егінге түсірді» деген жаламен гоминдань шеріктеріне ұстатылады. – Содан көпке дейін хабар болмап­ты, – деді осы араға келгенде Тұр­ғанбек. – 1946 жылы Шың­жаң­дағы ұлт-азаттық көтерілісі жеңіске жетіп, түрмедегілер қапастан босамай ма? Міне, сол кезде Ақдана әже­мізге Шерғали, Болысбек деген екі кісі келіп жолығады. Олар Үрімші абақтысында Мұқай Байсымақовпен бірге жатқанын, жендеттердің атамызды ұрып өлтіргенін жеткізеді. Ол кездері біз жоқпыз, өмірге әлі кел­мегенбіз. Ал 1962 жыл есіміз­де. Шекарадан өтіп, атамекенге орал­дық. Осы Алмалы ауылына ор­нық­қан соң әжем Жаркентке барып көп ізденді. 1965 жылы Н.Ми­лованов деген кісі келіп, ата­мыздың туған ұлдары, біздің әке­леріміз Нұрмұқа, Қашқынбекпен ұзақ әңгімелесті. Нәтижесі – 1967 жылы жарық көрген «Көрінбейтін майдан» жинағындағы деректі очеркке Мұқай Байсымақовтың кейіпкер болып кіруі. Әжем Ақдана сол кітаптың шыққанын көріп, 1973 жылы өмірден озды. Әңгіме соңында үй иелерінен Мұ­қай­дың інісі Көдек туралы сұрау­ды да ұмытқанымыз жоқ. Себе­бі ақтар атаманының көзін жою опе­ра­циясындағы құжаттарда оның да есімі аталып өтетіндігі бар. Бірақ кейінгі тағдыры белгісіз-тін. Тұр­ған­бектің айтуына қарағанда ол кісі өте шапшаң, алғыр, керемет ша­бан­доз жігіт ретіндегі қасиетімен ел есінде қалыпты. Өкініштісі, ауру­шаң екен. Үйленбеген. 1935-1936 жыл­дары Сарыөзек стансасы ма­ңын­­да өмірден озыпты. «Басқа дерек, мә­лі­метті білмейміз», деді үй иелері. Енді ақ гвардияшылар атаманы­ның көзін жою жөніндегі операцияға қатысқандардың ішіндегі келесі екі адамға келейік. Олар – Ғазиз және Насыр Ушурбакиевтер. Алдымен Ғазиз туралы бірер сөз. ҰҚК мұраға­тын­да оның 1904 жылы ұйғыр отбасында өмірге келгендігі айтылған. Жаркент қаласының тумасы екен. Шала сауатты болған. 17 жастағы жалын жігер, жас түлектің өте қауіп­ті тапсырманы орындауға қатыс­қан­дығы ВЧК-ның оны №6990 кү­міс сағатпен марапаттау туралы 1921 жылдың 6 мамырындағы №2354 куә­лік­пен расталады. Ғазиз Ушурбакиевтің өзінің көр­сетуі бойынша ол: «Чанышевтің (Құлжадағы) туыстарының өтіні­ші­мен Жаркентте (сырт көз үшін) «тұт­қындалған» Қасымханды босатуға Қызыл армия басшыларымен жасалатын айырбас мәселелері бойынша кеңестік және қытайлық билік арасындағы хат жазысудың тасушысы болған және (кейін) Қытай аумағына өтіп, оқиға алдында сонда жүрген Чанышевпен кездескен». Сөз орайында атап айтатын нәрсе, 1921 жыл­дың 6 ақпаны күні таңертең опе­рацияны: «Бастай беріңдер!» – деп Жаркенттен Сүйдінге хабар алып келген міне, нақ осы Ғазиз Ушур­бакиев. Өкініштісі, осындай жігерлі, өжет азаматтың ғұмыры қысқа бол­ған. 20-шы жылдардың ортасында үй­ленбеген күйі ауырып жүріп өмір­ден өткен. Басқа дерек жоқ. Ал керісінше мұрағатта оның ағасы Насыр туралы мағлұмат өте көп. Ол 1895 жылы Жаркентте ту­ған. Жасынан пысық, елгезек жі­гіт 1915 жылы қаладағы интен­дант Дубининнің қоймасына қара жұ­мысқа алынады. Бұл осын­да­ғы 6-шы Орынбор казак пол­кін қару-жарақ, оқ-дәрімен қам­та­масыз етіп тұрған мекеме еді. 1917 жылғы қазан төңкерісі қар­са­ңын­да Насыр Ушурбакиев қала­да­ғы телеграф почтасында фельдъе­герь болып істеп жүрген-тін. Оның бұдан кейінгі өмірбаян жол­дарын Алматы облыстық мем­ле­кет­тік мұ­ра­ғаты Панфилов аудан­дық фи­­лиа­лының директоры Г.Макаро­ва­ның республикалық ұйғыр мәде­ниеті орталығының төрағасы Р.Тох­та­хуновқа берген анықтамасы толық­тырады. Онда: «Насыр Ушурбакиев 1918 жылдан бастап 1920 жыл ара­лығында солтүстік Жетісу майданында интенданттық жұмыс бо­йынша жеткізуші болды. Осымен бір мезгілде 1918 жылдан 1924 жыл­ға дейін Жаркент қаласында рези­дент қызметін атқарды. Атаман Дутовтың көзін жоюға белсене қа­тысты», – делінген. Тоқта.., тоқта! Мұндағы резидент ұғымына назар ауда­райық, құрметті оқырман. Бұл не сөз? Халықаралық, дипло­ма­тия­лық анықтамалықтарда оған «протектораттағы отарлаушы ел­дің өкілі», «агентуралық желінің жұмысын бағыттап отыратын бір елдің екінші бір елдегі адамы» деген мағынадағы түсініктемелер беріл­ген. Ал С.Ожеговтің «Орыс тілі­нің сөздігінде» ше? Мұнда: «Рези­дент – барлаудың шет мем­лекет­тің қандай да бір ауданындағы құпия өкілі». Демек, Насыр Ушурбакиев 1921 жылғы атышулы операция алдында Құлжа мен Сүйдін маңындағы кенттерде орын ауыстыра жүріп, байланысшы адам болған ғой. Оны Жаркент милициясының құрылуы мен қалыптасуы туралы «Право на истину» атты жинақты құрас­тырушы, заң ғылымдарының докторы Сарқытбек Молдабаев тапқан құ­жаттардағы сөз етіп отырған кейіп­керіміз туралы кездесетін «Қасым­х­ан Чанышевтің жеке курьері», «Арғы беттегі Насыр Ушур­­бакиевтің хабары бойынша» деген сөйлемдер дәлелдейді. Сон­дай-ақ өлкетанушы Нұрымбай Бек­құлиев­тің жазбасындағы деректерге де назар аударған жөн ғой деп ой­­лай­мыз. Ол кісі Насыр Ушур­бакиев­пен көзі тірі кезінде сөйлесіп қал­ған санаулы адамдардың бірі. Сон­­дағы әңгіме бойынша құрас­ты­рыл­­ған қолжазбада: «...Олар қор­­ған сыртындағы серіктеріне қосы­л­ған соң Сүйдіннің тар көше­лері­мен шаба жөнелді. Қорған іші­нен шу шығып, арттарынан қуғын­шы шыққанша бұлар ұзап үлгер­ген еді. Халық кекшілдері түн ішін­де Көкдаланың қалың құмына келіп жасырынды. Атаманның өл­ген­­дігін анықтау үшін Насыр Ушур­бакиев Шипанзе қаласынан бір шақы­рымдай жердегі Дағыр қыста­ғын­да тұратын Насырқожаның үйіне кетті», – деген сөйлемдер бар. Осы деректер өзіміз сөз етіп отырған кейіп­керіміздің атаман Дутовтың көзін жою операциясы кезінде ар­ғы бетте барлаушылық қызмет ат­қар­ға­нынан хабар береді деп айта аламыз. 1921 жылғы жанкешті сапардан кейін Насыр Ушурбакиев резиденттік қызметін тағы 3 жыл жалғастырады да 1924-1929 жылдар аралығында Жаркент шекарашылар отрядының шаруашылық саласында жұмыс істейді. 1929 жылы «Дехкан пахталық» артелін ұйымдастырып, 1936 жылға дейін сонда ұжымшар төрағасы болады. 1937 жылы Жаркент қаласындағы МТС директорының орынбасары қызметінде жүргенде «халық жауы» атаныпты. Сөйтіп атышулы 58-баптың 10-А тармағымен 25 жылға сотталады. 1942 жылы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда, Ақмола лагеріндегі «халық жаулары» бұларды еңбек армиясында жұмыс істету үшін Орскіге апарады. Насыр Ушурбакиев, міне, сондағы Никольск комбинатында десятник болып жұмыс істейді. Бұл деректерді бізге айтқан оның кенже ұлы Ахметжан. Ол 1948 жылы сол Орскіде туған. Қазір Жаркентте тұрады. Осыдан бес жыл бұрын кездескенімізде Панфилов аудандық аңшылық шаруашылығы мекемесінің дирек­торы-тын. – Әкей сонда, яғни Орскіде табан аудармай жұмыс істеп жүріп, 1946 жылы Қазақстандағы отбасы мүшелерін көшіріп алуға қол жеткізеді. Сондай-ақ 1955 жылы құрметті еңбек демалысына шыққаны есімде, – деп сөзін жал­ғады Ахметжан. – Байқаймыз, жер­лес­терінің 1937 жылғы өзіне жаса­ған қиянатын кешіргісі келмеді ме, жоқ әлде басқа бір себеп бар ма, әйтеуір ол кісінің елге қайтуға онша құлқы болмады. Осылай тұрып жатқанымызда 1963 жылы Мәскеуден біздің отбасын іздеп жазушы Юлиан Семенов келді. Бұл кісі ол кезде аты жаңадан таныла бастаған, ал кейін «Парольдің керегі жоқ», «Көктемнің он жеті сәті», «ТАСС мәлімдеуге өкілетті...» деген өздеріңіз жақсы білетін атақты кітаптардың авторы ғой... Оның әкеймен ұзақ әңгімелескені есімізде. Қоштасып кеткен соң көп ұзамай қаламгердің «Огонек» журналының 1963 жылғы 33-ші нөмірінде «Ақтар атаманының ақыры» деген деректі дүниесі жарқ ете қалды. Онда атышу­лы операцияға қатысқан адам­дар­дың бәрінің аты-жөндері өзгер­ті­ліп, шартты түрде алынған еді. Соған қарамастан жергілікті жер­дегі көрші-қолаң арасында бізге деген суық көзқарас байқала бас­та­ды. Бұл түсінікті-тін. Өйткені Орск қаласы Орынбор облысына қа­райды. Ал ол бір кездері Алек­сандр Дутовтың ат ойнатып, ұран шақырып, ақ казактардың атаманы болып сайланған жер. Көршілеріміз солардың қалған ұрпақтары ғой. Олар жазушы Ю.Семеновтің Мәс­кеуден не үшін келіп, не жазға­нынан жергілікті орган адамдары – өздерінің таныстарынан жақсы хабардар еді. Сөздің тоқетері, үн-түнсіз қастандық әрекеттер жасау бас­талды. Бір күні ауламыздағы қаз-үйректер қырылып қалды. Бір айдан кейін өрістегі бұзауымыздың іші кеуіп өлді. Мұның тегін еместігін білген зейнеткер әкем ешкімге ештеңе айтпай, он күнге жоғалып кетті. Белгісіз жаққа барып келгеннен кейін тұр­ған үйімізді татар құдамызға ама­на­ттап тапсырды. Сөйтті де бәрі­мізді пойызға отырғызып, Қазақ­станға тартты. Екі апта жол жүріп Жаркенттен бір-ақ шықтық. Содан бері осындамыз. – Насыр аканы ел-жұрт қалай қарсы алды? Жергілікті үкімет ол кісіге оң қабақ танытып, дұрыс қабылдады ма? – Алдымен мына жағдайға тоқтала кетейін. Жоғарыда Орскіде жүргенде әкей жоқ болып кетіп, қайта оралды дедім ғой. Сөйтсек осы Жаркентке келіп, бар жағдайды байқап қайтыпты. Содан соң туған жеріне көшуге бел байлаған екен. Ел-жұрт жақсы қабылдады. Көзкөргендердің куәлікке жүріп, ұсыныс жасауымен бір кезде өзі құрған «Дехкан пахталық», кейін Октябрьдің 40 жылдығы атанған миллионер колхоздың құрметті мүшесі болды. Аудан, облыс көлеміндегі салтанатты жиындарда сыйлы адам ретінде төрден табылып жүріп, 1986 жылы дүниеден озды. Сөз соңында өзіміз сөз етіп отыр­ған операцияға тікелей қаты­сы бар тағы екі адам – Юсуп Қадыров пен Солтанай Маралбаевқа тоқ­тала кетейік. Бұлардың аты-жөн­дері 1967 жылы жарық көрген «Көрін­бейтін майдан» жинағындағы Н.Ми­ловановтың «Қасымхан Чанышев» деректі туындысында бар. Олардың алғашқысы Юсуп Қадыровқа келсек, туған баласы Ақжол әкесінің 1890 жылы Қонақайда өмірге келгенін айтады. Ол Жаркенттен 40 шақырым жердегі елді мекен болып шықты. Шын аты Юсупахун екен. 1918 жылы уездік милицияға қызметке алынғанда Юсуп деп хатқа түсіп, ресми құжаттарда солай аталып кетіпті. 1921 жылдың 6 ақпанындағы Сүйдін операциясы кезінде бұл кісі қамал сыртындағы сүйемелдеуші топ құрамында тұрған. Оқиғадан кейін бәрі бытырай тарап, бой жасырғанда Юсуп ака жапан түздегі малшы үйін паналайды. Содан 5-6 күннен кейін шекарадан аман-есен өтіп келеді де өзінің бұрынғы жұмысы – жергілікті милиция бөлімшесіндегі қызметін одан әрі жалғастырады. 1928 жылы Жаркент ауданына қарайтын Қоңырөлең өңіріне Іле өзенінің арғы бетіндегі Қырғызсай, Сүмбе, Қарқарадан жер аударылған байлардың малдары айдап әкелініп, жаңа артельдік бірлестік ұйымдастырылады. Міне, сонда оған Юсуп Қадыров қой фермасының меңгерушілігіне жібе­ріледі. Сол жерде қазақ қызына үйленіп, 1937 жылы Рахматулла, 1939 жылы Ақжол, ал 1942 жылы Қасымжан атты балалары өмірге келеді. Ұлы Отан соғысы кезінде Қоңырөлең колхозы үлкейіп, одан Гвардия деген жеке шаруашылық бөлініп шығады. Сонда кейіпкеріміз ол жерге егістік бригадирі болып барады. 60-жылдары зейнетке шыққан соң балалары жұмыс істеп жатқан «Бірлік» колхозына көшіп келіп, 1974 жылы өмірден озады. Осы деректерді айтқан Юсуп аканың ортаншы ұлы Ақжол өзінің жетіжылдық мектепті 1946-1953 жылдары Айдарлы ауылында, ал онжылдықты Көкталда бітіргенін сөз етіп, 1959-1962 жылдары әскерде бол­ғанынан хабардар етті. Содан соң шаруашылықтан қол үзбей жұ­мыс істеп жүріп Алматыдағы ауыл ша­руашылығы институтын тәмам­дап, 1970 жылдан 1990 жылға де­йін «Бірлік» колхозында бухгалтер, 1991-1998 жылдары Панфилов аудан­дық салық инспекциясының бас­тығ­ы қызметін атқарып зейнетке шы­ғып­ты. Қазір Жаркент қаласында тұрады. Ал атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі Сүйдін операциясына қаты­сушы Солтанай Маралбаев тура­лы айтар болсақ, әңгімені бұл кісі­нің мұрағаттар мен зерттеу еңбектердегі Сұлтан деп жазыл­­ған, жазылып келе жатқан есімі­нің дұрыс емес екендігінен баста­ғаны­мыз жөн. «Атамыздың азан шақы­рып қойған аты да, елдің есін­дегі ныспысы да Солтанай, – дейді Алмалы ауылында тұратын немересі Молот. – Сондықтан ма­қа­лалар мен кітаптарда алдағы уа­қытта осылай айтылып, жазылса деген тілегіміз бар». ––––––––––––––––––– Суретте: жазушы Юлиан Семеновтің 1963 жылы «Огонек» журналында жарық көрген мақа­ласы. «Ақтар атаманының ақыры» деп аталатын бұл дерек­ті шы­ғар­мада Жаркент чекис­тері­нің жанқиярлық ерлігі одақ оқырмандарына алғаш рет баян етілген еді.  Жаркент өңіріндегі көнекөз қариялардың сөзіне қарағанда Солтанай Маралбаев өте өжет, ізшіл әрі мерген, ат құлағында ойнаған шабандоз жан болыпты. Оған бұл кісіні жақсы білетін Жайырбек деген қарияның өзіміз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің Иінтал сілемдеріндегі көктемде ат үстінен жерге түсіріп алған қамшысын қара күзде тауып алғанын, арғы беттегі Домбауыл деген қалмақтың көзінің ағы мен қарасына балаған бәйге атын шағын киіз үй – жаппада ұстап бағып отырғанда, оның шаңырақтан төменгі белдеуіне орай шалма салу арқылы арқанды тақымына баса төңкеріп тастап, ішіндегі қаңтарулы жүйрікті шүу деп жетекке алып елге әкелуі туралы әңгімелері дәлел бола алады. Кеңес өкіметін жасы ұлғайған кезі деуге келетін алпыстың ол жақ, бұл жағында қарсы алған ел ағасы 1918-1921 жылдары қызыл гвардияшылармен бірге жергілікті жердегі ел тыныштығын алған ақ бандыларды талқандауға қатысады. Сүйдіндегі атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операцияға қатысып келгеннен кейін шекара бойындағы шолғыншы топ – комотряд құрамында болады. Өлкетанушы Нұрымбай Бекқұлиевтің біз сөз етіп отырған кісі туралы жинаған деректерінде назар аударарлық бір эпизод бар. Ол осы өңірдегі колхоз құрылысының ардагері Нұрақын Рамимовтың естелігі. Куәгер былай дейді: «1927 жылдың қара күзі болатын. Мен және ауыл тұрғындары Аманжол Ыдырысов пен Мұқажан Қорғасбаев шекарашылар отрядының қарамағындағы орман шаруашылығында еңбек етіп жүргенбіз. 7 қараша күні Ұлы Октябрь революциясының 10 жылдық мерекесі дүркіреп өтіп жатты. Осы мейрам құрметіне арналып түрлі ойындар ұйымдастырылған-тын. Соның бірі ағаш басына ілінген жамбы ату еді. Оған ешкім оқ тигізе алмады. Түс қайта оны Солтанай Маралбаев қана атып түсіре алды. Осы мергендігі үшін Қорғас заставасының бастығы Пемуров оған шекарашылар атынан әдемі хром етік сыйлады». Өмірдің талай соқтықпалы, соқпақсыз жолдарынан өткен Солтанай ақсақал осыдан кейін де ат үстінен түспепті. Сол кездегі жаңадан ұйымдастырылған артельдік бірлестіктер жұмысына жәрдемдесіп жүріп, 1936 жылы өмірден озыпты. Зираты Алмалы ауылы іргесіндегі қорымда екен. Мұны бізге айтқан қарияның немересі Молот. Байқап қарасақ осы жерде ұстаздық етіп, ұзақ жылдан бері мектеп директоры қызметін атқарып келе жатқан бұл ағамыздың өмірде болған жоғарыдағы жағдайлардан басқа да айтар әңгімелері аз емес сияқты. Соның бірі атаман Дутовтың көзін жою операциясына қатысқан қарияның ұлы Мұса мен одан туған Еркінбай, Ауғанбайға қатысты жәйттер. Мұса есімі кезінде Жаркент өңіріне аты белгілі адам Ш.Байбатшаевтың «Бел-белестер» кітабында кездеседі. Онда автор: «1919 жылдың екінші жартысын уездік, болыстық, селолық және қалалық ревкомдар құрылған кез еді... Сондай жергілікті ревкомның бірінің председателі болып М.Солтанаев жолдас тағайындалды», деген. Сол Мұса 20-30-жылдары аталмыш өңірде әртүрлі жауапты қызметтер атқарады. Осы уақыт аралығындағы оқтын-оқтын жүргізілген үлкенді-кішілі жазалау толқындарында бес рет ұсталып, олардан әупіріммен аман қалады. Ұлы Отан соғысы басталғанда үлкен ұлы Еркінбаймен майданға бірге аттанып, кезекті бір шабуылда баласы хабар-ошарсыз кетеді де әкесі шайқас даласынан елге жарымжан болып оралады. Осылай ауыр хал кешіп жүргенде репрессияның 1948 жылғы соңғы толқынында Мұса Солтанаевтың екінші ұлы Ауғанбай ұсталып, түрмеге жабылады. Мұндай кезде назаланған әкенің қолынан келетіні іздену, арыздану, көмек сұрау да баяғы. Осындай ойман Мұса баласының ешқандай кінәсі жоқ екенін айтып Алматы мен Мәскеуге қайта-қайта хат жолдайды. Соның бірі атақты Үкімет мүшесі, Сыртқы істер министрі Молотовтың қолына түседі. Мәселеден хабардар болған ол кісі хат шекесіне: «Іс қысқартылсын!» деген бұрыштама соғады. Осы пәрменмен түрмеден босаған Ауғанбай елге келгенде әке шаңырағындағы екі бірдей қуаныштың үстінен түседі. Оның алғашқысы соғыста хабарсыз кетті деген ағасы Еркінбай Мұсаевтың Махачкаладағы бауырластар зиратындағы қабірінің табылуы да соңғысы кенже інісінің өмірге енді келіп жатуы еді. «Егер Молотовтың мейірімі болмаса ұлым Ауғанбай бостандыққа шықпас еді. Сондықтан осы Үкімет мүшесіне деген ризашылығымның белгісі ретінде кенжемнің атын Молот қоямын!» – деген екен 1948 жылдың сол ызғарлы күзінде Мұса Солтанаев ақсақал. «Менің есімімнің осындай тарихы бар», – деп сөзін аяқтады бізбен қоштасарда кешегі дала көкжалы Солтанай батырдың немересі Молот ағай. 5.Тоғызыншы, сіз кімсіз? «Атаманның ақыры» атты атақты фильмді кім білмейді?! Бұл күнде одан бәріміз де жақсы хабардармыз ғой. Міне, осы кинокартинаның екінші сериясында бір эпизод бар. Ол Сүйдіндегі қауіпті тапсырманы жандарын шүберекке түйіп жүріп орындаған чекистер Қасымхан Чадияров пен Махмұд Қожамияровтың шекараның бергі бетіне арып-ашып әрең жеткен сәті. Іңір қараңғылығы түсе бере ескі зираттағы жартылай құлаған күмбезді паналаған оларға қастарындағы қаңтарулы аттары бөтен біреудің келе жатқанынан хабар беріп, құлақтарын қайшылай жер тарпиды. Осы сәтте: «Қасымхан! Бұл мен ғой, қарағым», – деген үстінде былғары курткасы бар жігіт ағасының даусы естіледі. Ақ шашты, бурыл мұртты ол кісі қалың шилі өзектен бері беттейді де: «Қалай, аман-есен жеттіңдер ме?» деп атынан түседі. Енді әңгімелесе бергенде шығыс жақтан жойқын ат дүбірі естіледі. Бұл атаманынан айырылып ашынған ақ казактардың қуғыны еді. Оларды алдарқатпақ болған жаңағы қарт кісі Қасымханның бас киімін өзіне ауыстырып киеді де тасадан атына қамшы баса атып шығып, жазық даламен ағыза жөнеледі. Улап-шулаған казактар соған қарай бұрылып, қуғын қаупі сейіледі. Осы мезетте қос чекист енді ешқандай қауіп жоқ дегендей атқа қонып, елге бет алады. Фильмдегі осы бейненің, атақты суретші Әубәкір Ысмайылов сомдаған образдың прототипі кім? Ол: «Сол кездегі Жаркент милициясы бастығының орынбасары Әубәкір Жүнісов», – дер едік біз. Иә, сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Қасымхан Чанышевпен бір мекемеде қызмет атқарған жан. Яғни, 1919-1920 жылдары аудандық милицияда біреуі басшы десек, екіншісі оған қосшы болған адам. Атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операция ойластырылғанда ЧК өкілдері Әубәкір Жүнісовке жауапты тапсырманы орындаушы ерекше топ мүшелерін арғы бетке аман-есен өткізу, қайтар кезде оларды күтіп алып, ықтималдылық жағдайындағы қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету міндетін жүктеген. Нәтижесінде сөзі салмақты, ісі тиянақты, өмірден көргені мол бұл адам тапсырылған істі тамаша орындап шыққан. Бұған оның кезінде ВЧК тарапынан операцияны тікелей жүзеге асырушы топ мүшелерімен қатар марапатталып, атқарған ісінің бір үзігі жоғарыда сөз еткен фильмде арнайы эпизодқа арқау болуы анық дәлел. Атқарған ісінің бір үзігі демекші... Өмірбаянына үңілсек ол 1886 жылы Алматы облысының Кеген өңіріндегі Жалаңаш ауылында өмірге келіпті. 14 жасында Жаркенттегі ауылшаруашылық орыс мектебіне оқуға түсіп, оны 1904 жылы орманшы мамандығы бойынша бітіріп шығады. Екі жыл әкесі Ниязбектің тұрмыс-тіршілігіне көмектеседі. Содан соң еңбек жолын 1906-1916 жылдар аралығында түрлі істер бойынша жергілікті билікке жүгінген Петров, Нагибин, Галицкий, Исаев, Денякин дегендердің бітімгершілік соттарында аудармашы болып бастайды. Мұрағаттанушы Зияда Ижановтың 2001 жылғы бізге берген мәліметі бойынша Әубәкір Жүнісовке қатысты деректер негізінен Алматы облыстық мемлекеттік архивіндегі 408-қордың 2-тізімдемесіндегі 468-іс пен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі 5-қордың 8-тізімдемесіндегі 52-істе және 733-қордың 1-тізімдемесіндегі 1-істе сақталған. Сондағы мәліметтерге сүйенсек, кейіпкеріміздің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысқанын байқаймыз. Осы әрекеті үшін патша үкіметі оны 6 жылға соттайды. Бірақ Қалжат пен Шарын болысының халқы оны кепілдікке алып, артынан іле-шала майдандағы қара жұмысқа аттандырып жібереді. Сөйтіп ол Ресейдің Екатеринослав губерниясындағы Ветка, Накопный рудниктерінде десятник болып еңбек етеді. Патша тақтан құлаған 1917 жылдан кейін елге қайта оралып, Жаркентте тілмаш, қалалық атқару комитетіндегі мұсылман бөлімінің хатшысы, күзет бастығы, жергілікті ЧК тергеушісі қызметтерін атқарады. 1920 жылы атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операция жұмысына тартылар алдында Әубәкір Жүнісов Жаркент милициясы бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрген еді. Мемлекеттік мәні зор оқиға сәтті аяқталғаннан кейін Жетісу ЧК-сының бастығы Эйхманс басқалармен бірге біздің кейіпкеріміздің де еңбегінің ескерусіз қалмауына ерекше көңіл бөледі. Оны бұл лауазым иесінің ВЧК-ның Түркістан аумағындағы Уәкілетті өкілі, ВЦИК мүшесі Я.Петерске ұсыныс жасаған хатынан анық байқауға болады. Осыдан кейін билік орындары: «...тов. Жунусову от 134 КА. 1927 г. 1/ІV. За принятия участия над атаманом Дутовым» деген жазуы бар күміс сағат пен үш желілі винтовканы сыйлық ретінде береді. Сөз орайында айта кетейік, кейде адам үшін құжаттардың сөйлейтіні бар. Иә, архивтегі сарғайған қағаздар кейіпкердің толық болмаса да жалпы бейнесінен кәдімгідей мағлұмат беретіні анық. Республикалық Орталық мұрағаттағы Әубәкір Жүнісовке қатысты құжаттарды қарап отырғанда біз міне, сондай әсерде қалдық. Ол бірбеткей, қайсар адам болған. Қолға алған ісіне немкетті қарамаған. Белгілі бір мәселеге қатысты өзінің кесімді сөзін айта білген. 1920 жылдан кейін Жетісу губерниялық сотының мүшесі, Алматы қалалық адвокаттар мекемесінің төрағасы қызметтерін атқарып жүргендегі кейіпкеріміздің өзі жазған қағаздар мен оған берілген мінездемелер міне, осындай тұжырымдарға негіз қалайды. Қызмет буына мастанбаған, оның құлақкесті құлына айналмаған ол бұқпай, бүгежектемей сол кездегі өмірде орын алған әділетсіздіктерге қасқайып қарсы тұра біледі. Бірде мынадай оқиға болған. Әубәкір Жүнісов Жетісудың ең шеткі нүктесі Алакөл аймағында іссапарда жүргенде тергеуші Катков дегеннің Үржар мен Мақаншы елді мекендеріндегі жергілікті тұрғындарға жасаған қиянатын әшкерелейді. Өзін талқыға салған жиналыста ұлы орыстық шовинизм дертіне ұрынған шенеунік кеудемсоқ, астамшыл әрекетін мойындамайды. Қиямпұрыс мінезіне басып Әубәкір Жүнісовті атып тастауға ұмтылады. Сол кезде өте әбжіл қимылдаған ол оның қаруын тартып алып, өзін де, өзгелерді де өлімнен аман алып қалады. Осындай турашылдық, басқа ұлт өкілдерінің өзінің қандастарын басыну әрекетіне деген жаны төзбестік біздің кейіпкеріміздің жауларын көбейтпесе азайтпайды. Жер-жерден жәбір көргендер оны пана тұтып, айналасынан шықпайды. Ал бұл сол кездегі мемлекеттік жазалаушы органдар тарапынан Әубәкір Жүнісовке деген сенімсіздік туғызады. Сондықтан жергілікті ОГПУ, НКВД, прокуратура оның әр басқан қадамын аңдуды қолға алады. Соның салдарынан 1924 жылғы БКП (б) қатарын тазалау науқанында ол партиядан шығарылады. 1926 жылы жоғарыда біз өзіміз айтқан сыйлық – ВЧК винтовкасын Жетісу губерниясының ОГПУ бөлімі тартып алады. Осы заңсыздық жөнінде Әубәкір Жүнісов Қазақ АССР-ның ОГПУ бастығы Г.Каширин мен республика Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Е.Ерназаровқа шағымданады. Нәтиже болмайды. ОГПУ қызметкері Маркович: «Үйіңде жата бер, винтовканы іздеп жатырмыз, табылса қайтарамыз», – деп шығарып салады. Өстіп жүргенде 1932 жыл келеді. Бұл кезде Әубәкір Жүнісов Алматы облысының Кеген ауданындағы №16 ауылда тұратын. Жала жабылып, үй-мүлкі тәркіленеді. Өзін бала-шағасымен жер аударуға шешім шығарылады. Бірақ Алматыда бұл кісіні білетін адамдар ара түсіп, Кеңес үкіметіне сіңірген еңбегі ескеріліп, аман қалады. Ал 1938 жылы... Мұрағаттанушы Зияда Ижановтың осыдан 15 жыл бұрын біздің хатымызға жазған жауабындағы деректер былай сөйлейді. «...Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы Ыдырыс Көшкінов халық жауы деп ұсталғанда Әубәкір Жүнісов оны қорғау үшін сот төрағасына бұл адал, таза адам деп дәлелдеуге тырысады. Бірақ сот төрағасы оның сөзін қаперіне де алмайды. Ол соған ашуланып, бөлмедегі үстел үстінде тұрған сия сауытты алып ұрмақшы болады. Осы жерде бұрыннан өшігіп жүргендердің көктен іздегені жерден табылады. Сөйтіп Әубәкір Жүнісов ұсталып, 4 ай бойы тынымсыз тергеу мен адам айтқысыз азапты бастан кешіреді. Тағылған кінәларды мойындамай, бәрін жоққа шығарғанына қандары қарайған сот мүшелері есіл ерді 1938 жылғы 5 тамызда ату жазасына кеседі. Өкініштісі, асыл азаматтың Кеңес үкіметін нығайтудағы, ақ бандыларға қарсы күрестегі еңбектері мен елім, жұртым деп атқарған басқа да істері еленбеді. Тіпті ВЧК-ның Түркістан республикасы бойынша Уәкілетті өкілі Я.Петерстің: «Предьявитель сего т. Жунусов Абубакир 6-го февраля 1921 года совершил акт, имеющий республиканское значение, чем спас несколько тысяч жизней трудовых масс от нападения его банд, которому требуется по отношению к выше означенному товарищу со стороны советских властей внимательное отношение и означенный товарищ не подлежит аресту без ведома полномочного представителя» деп берген 1921 жылғы 14 сәуірдегі №1887 куәлігі де ескерілмеді. Ескерілу былай тұрсын, Әубәкір Жүнісов 1938 жылғы 14 тамыздағы үкім бойынша атылғаннан кейін өздерін қорғау мақсатында Алматы облысының сот, прокуратура, НКВД органдары 4 жыл бойы оны тірі адам есебінде бірнеше «айыптау қорытындыларын» жасап, «қайта тексеруге» жіберген болып, оның «қылмысына сай» енді 10 жылға түрмеде отыруға, 5 жыл сайлау еркінен айыруға жалған үкім шығарды. Сөйтіп Гогольдің «өлі жандарындай» өтірік «өлі құжаттар» Мәскеу мен Алматы арасында ерсілі-қарсылы үнсіз жөңкіді. Егер ол қағаздарға тіл бітсе: «Жіберіп отырған адамдарың әлдеқашан атылып кеткен жоқ па еді», – деп айтар еді-ау. «Мұның бәрі сонда не үшін керек болған?» – деген сұрақ туады осы арада. «Мәселе мынада сияқты, – деген болатын мұрағаттанушы Зияда Ижанов жоғарыдағы хатында. – Әубәкір Жүнісовтің атылғандығы жөнінде оның отбасына хабарланбады, жасырылды. Сондықтан оның тағдыры ел-жұртына белгісіз болды. Есіл ердің туыстары, достары жер-жерге шағымданды. Олар жіберген хаттардан тек асыл азаматтың зайыбы Бопыханның 1939 жылғы 2 ақпанда Қазақ ССР прокурорына: «Менің ерім қайда? Әлі күнге тергеуде ме? Маған хабарлауыңызды өтінемін», – деген арызы ғана сақталған. Республика прокуратурасында бұл хат 1939 жылғы 17 ақпанда 2760-шы нөмірмен тіркеуден өткен. Оның шекесіне: «Дело в облсуде, сообщить об этом жалобщице», – деп 15 ақпанда қол қойған. Көрдіңіз бе, тіркеуден екі күн бұрын-ақ бастық қол қойған, әрі жарының тағдырын білмей келген Бопыханды «арызқой» етіп көрсеткен. Сол кезде өмірде жоқ, әлдеқашан атылып кеткен арыс азаматтың ісі облыстық сотта деп жалған сілтеме жасаған». ...Әубәкір Жүнісов 1957 жылы 16 тамызда ақталды. Істі 19 жылдан кейін қайта қараған Қазақ ССР Жоғарғы сотының алқасы онда қылмыс құрамы болмағандықтан, бір кездегі Алматы облыстық сотының үкімін жойды. 32 жасында 6 баламен жесір қалған Бопыхан ана жоғарыдағы хабарды естігенде көз жасына ие бола алмай ұзақ жылады, дейді көзкөргендер. Ол сол бір зауалды күндердің зары ма, жоқ әлде қиянат қияметке кетпеді деген тәубе ме, мұны енді ешкім түсіндіріп айтып бере алмайды. Қазақтың қайсар әйелі 40-50-жылдары арыс азаматтың артында қалған ұлдары Смағұл, Әнуар, Батырхан, Әсет пен қыздары София, Рузиданы жетелеп жүріп жеткізіп, олардан тараған немере-шөберелерін көзімен көріп, 1978 жылы өмірден озды. Осы арада сөз ретіне қарай бір әңгіме айта кетейік. Кейіпкеріміздің жоғарыдағы аттары аталған балаларының ортаншысы Батырхан Әубәкірұлы Жүнісовтің мамандығы мұғалім еді. 1965-1969 жылдары Алматы облысының Нарынқол ауылындағы орта мектепте бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ұзын бойлы, зор денелі, көп сөйлемейтін, жүзі сұсты кісі-тін. Ұлы Отан соғысында артиллерист болыпты. 23 ақпан – Қызыл армия күнінде бүкіл класымыз болып С.Маршактың өлеңдер жинағын беріп құттықтағанымыз есімізде ағайымызды. Сонда үнемі қатал болып көрінетін ол кісінің жүзі сәл жылып, чекист әкесі Әубәкір Жүнісов туралы әңгіме айтқаны бар. Ал өзі қатысқан соғыс туралы: «Шайқаста пехотаға (жаяу әскерге – ред.) өте қиын болатын. Бір атакада-ақ олардың қатары сиреп қалатын. Ал біздің артиллерия... Құдайға шүкір, расчетіміз ондайдан аман болды. Вязьмадан Берлинге дейінгі 4 жылда 4-5-ақ рет пополнение (толықтыру – ред.) алдық», – деген сөзі есімізде. 6. Кино «Атаманның ақыры» фильмі. Жылдар жылжып, уақыт алға озған сайын мынадай сұрақтың бой көрсетіп қалары анық. Ол: «Кеңес чекистерінің жанкешті ерлігін көрсететін осы кинокартина қалай өмірге келді? Фильм қашан, қай жерлерде түсіріліп, ондағы басты рөлдерде ойнайтын актерлерге таңдау қалай жасалды? Ал сол бір тарихи оқиға ортасында болған адамдар бейнесі ше? Олардың іс-әрекеті мен қимылы осы кинолентада қаншалықты нанымды көрсетілг