• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2016

Көшпелілер күресінің көрігі қызды

417 рет
көрсетілді

Бұдан бұрын хабарла­ғаны­мыздай, 3 қыркүйек күні кешке Қырғызстанның Ыстықкөл облысының орталығы – Чолпон-Ата шаһарының ипподромында Көшпелілердің бүкіләлемдік II ойындары салтанатты жағдайда жалау көтерді. Ойындардың ашылу салтанатында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев сөз алып, қатысушылар мен қонақтарды осынау орасан зор оқиғамен құттықтады. Ол елдің бір мезгілде 62 мемлекеттің 1 мың адамға жуық спортшыдан тұратын үлкен делегациясын қабылдай алып отырғанына мақтаныш сезімін білдірді. Қырғыз елінің басшысы соңында Ойындарды ашық деп жариялады. Арада бір күн өткеннен кейін таяк тартыш жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдері белгілі болды. Әйелдер арасында – 5, ерлер арасында 7 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Бұл үлесте Қазақстан командасы қоржынына 1 күміс, 2 қола медаль түсті. Атап айтқанда, бізден 65 кг салмақта сынға түскен Эльмира Эзыями – екінші, 85 килодан ауыр салмақта бағын сынаған Сураи Шаропова мен 80 кг салмақта күш байқасқан Роман Григорьев үшінші орындарға табан тіреді. Келесі күні көкпар мен күрес түрлерінен жарыстар сөреден шықты. Мұнда бірінші күні қазақстандық көкпаршылар Қытай командасын 15:1 етіп ойсырата ұтты. Ал кеше Қазақстан және Қыр­ғызстан жасақтарының өз топтарында барлық қарсыластарын жеңіп, финалға шыққандары белгілі болды. Ойындарда қазақ күресі турнирі бәрінен бұрын мәреге жетті. Онда 5 салмақ дәрежесінің 4-інде біздің балуандар ешкімге дес бермеді. Соның ішінде Талғат Шегенов (60 кг), Әділет Сейілханов (70 кг), Дәулет Пахриденов (80 кг) және Сұңғат Зәкәряев (90 кг) чемпион атанса, Еламан Ерғалиев (+90 кг) күміс медальді қанағат тұтты. Қазір бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша 10 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жинаған Ресей спортшылары командалық есепте бірінші орында келеді. Екінші орынға 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль алған Қазақстан шықты. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ