• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2016

Тіреспен келген тең ойын

452 рет
көрсетілді

Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионаты іріктеу жарысының Е тобына түскен Қазақстан құрамасы қыркүйектің 4-і күні түнде турнирдегі бірінші матчында Польша командасын қабылдады. Елорданың «Астана-Арена» спорт кешенінде өткен қызықты кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Осылайша сол күні жасы 48-ге толып отырған Талғат Байсуфинов республика терме жамағаты тізгінін қолға ұстағалы бері өткізген бірінші ресми ойынында күшті қарсыласымен тең нәтижеге қол жеткізді. Тегінде, биыл ғана Еуропа чемпио­натының ширек финалына дейін барған топтың негізгі фаворитімен өтетін кездесудің біздің жігіттер үшін оңайға соқпайтынын алдын ала бәріміз де шамалағанбыз. Мұның үстіне, қарсыластардың басы 2003 жылдан басталатын үш кездесуінде де поляктар жеңіп кеткен. Алаң иелері ойынды өте еркін бастады. Олардың сенімді ойындары әдепкіде қонақтарды біршама тосылдырып тастағандай көрінді. Сондығынан болар, олар көпке дейін допқа иелік ете алмады. Бірақ 9-минутта доп аяқтарына тиген бойда құйындай құйғытқан қарсы шабуыл ұйымдастырып, біздің шепке тез жетіп келді. Поляктар алдымен сол қапталдан қақпа алаңына қарай доп жөнелтті. Оған біздің үш бірдей қорғаушыдан бұрын жеткен Бартош Капустка аяғын тоса қойды. Есеп осылай ашылды. Ал 35-минутта Роберт Левандовский пенальтиден есепті 2:0-ге жеткізді. Біз осыдан кейін өз коман­дамыздың барлық ынтасы мен мүм­кіндігі таусылып біткендей көріп едік. Бірақ жігіттер қайтпады. Алды­мен екі ойыншыны қарсыластар қақ­пасы алдында алдап өткен Бауыржан Исламхан голкипер Лукаш Фабьянскимен бет-бет келіп, допты бағанның жанынан жіберді. 42-минутта Мақсат Байжановтың әуелетіп жіберген добын Исламбек Қуат бас­пен ұрып, Фабьянскиді тағы бір сынап үлгерді. Командалар екінші таймға бұрын­ғы құрамдарымен оралды.  Қазақстан құра­масының белді форварды Сергей Хижниченко бас-аяғы жеті минуттың ішінде алаңның опай-топайын шығарып, есепті теңестірді де жіберді. Әдепкі гол 51-минутта жартылай қорғаушы Дмитрий Шомконың сол қапталдан айып алаңы ішіне доп жеткізуінен кейін салынды. Оны кеудесімен қабылдап алған шабуылшы голкипер мен қорғаушыны алдап өтіп, қақпа торын бүлік еткізді. Бұдан кейін поляктар екі рет стандартты жағдайдан доп ұрды. Мұның соңы тағы да алаң иелерінің қарсы шабуылына ұласты. Тағы сол бүйірден доп жеткізілді. Бұл жолы Мақсат Байжанов форвардқа жол ашып берді. Сөйтіп, есеп теңесті де кетті. Жағдайдың бұлайша қалыптасуы, әлбетте, поляктарға ұнаған жоқ. Сондық­тан олар естерін жиып алған­нан кейін қайта шабуылға шыға бас­тады. Мұнда көп ретте Левандовски ұрған доптардың жолынан Шомко табылып жатты. Енді бір кезде Милик алыстан ұрып, бағын сынап көрмек болды. Келесі бір мезетте Левандовскидің берген добын Якуб Блащиковски жақын жерден ұрып түсіре алмады. Мұның соңынан алаң иелері бұрыштама добынан гол соғып кетуге сәл қалды. Осымен іріктеу турниріндегі бірінші ойын екі құрамаға тең нәтиже әкелді. Осы күні осы топтағы Дания құрамасы Арменияны қабылдап, 1:0 етіп ұтса, Румыния мен Черногория 1:1 есебімен тең түсті. Бұдан басқа, мынадай нәтижелер тіркелді: Чехия – Солтүстік Ирландия 0:0, Норвегия – Гер­мания 0:3, Мальта – Шот­ландия 1:5, Литва – Словения 2:2, Слова­кия – Ан­­глия 0:1, Сан-Марино – Әзер­бай­­жан 0:1. Қалған ойындардың бір­­сы­­пырасы кеше өтсе, соңы бүгін ой­на­лады. Қазақстан құрамасы келесі кезде­суін 8 қазан күні сырт алаңда Чер­ногориямен өткізеді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ