Астанада жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын қайырымдылық мақсаттағы ірі халықаралық марафон өтті. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков, бірқатар Үкімет мүшелері, отандық және халықаралық компаниялардың өкілдері, Қазақстанда тіркелген елшіліктердің қызметкерлері, сондай-ақ, алыс және жақын 25 шетелдің өкілдері қатысты. Марафонға қатысқандардың арасында Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Данияр Елеусінов, Олимпия ойындарының жүлдегерлері бар.
Таңғы сегізде басталып, түс ауа қорытындысы шығарылған жарыс барысында 10 шақырымдық қашықтықта әйелдер арасында Мөлдір Мекенбаева бірінші болып мәре сызығын қиып өтті. Ерлер арасында Азамат Сабыржанов жеңімпаз атанды. 21,1 шақырым қашықтықта бірінші орын Самал Исабаеваға бұйырса, ерлер арасында Ағзам Әріпжановтың бағы жанды. Ал ең ұзақ – 42,2 шақырым қашықтықта Ақмарал Мейірман мен Айдын Қасен бірінші орындарды иеленді. «Спортшы отбасы» аталымында Пәкістаннан келген отбасы жеңімпаз атанды. Марафон жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Адидас» фирмасының атынан тиісінше қаржылай сыйақы берілді.
Мәре сызығынан өткеннен кейін қатысушылар Рио Олимпиадасының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен естелік суретке түсті. Спорт шарасына қатысушылар мен оны тамашалауға жиылған жұртшылық алдында сөз алған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов:
– Баршаңызға көп рахмет! Бүгінгі маңызды шарамен сіздерді құттықтаймын! – деді.
Астана марафоны қалада 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Қайырымдылық мақсатта өтіп жатқан шараның аясында 2009 жылдан бергі аралықта 24 млн теңге жиналып, түрлі қайырымдылық ұйымдарға қолдау жасалыпты.
Нұрхан АСҚАР
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ