Елімізде мемлекеттік және коммерциялық сектор үшін электронды сатып алуларды жүзеге асыратын тағы бір портал ашылды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «MITWORK» компаниясының өкілдері порталды журналистер назарына ұсынды.
Компания бас директорының орынбасары Салтанат Құдабаеваның айтуынша, Еуразиялық электронды порталдың операторы болып табылатын «MITWORK» компаниясының құрылғанына көп уақыт өте қоймаған. Соған қарамастан, соңғы бірнеше айда бірқатар мұнай-газ компанияларының, банктердің, халықаралық ұйымдар мен ұлттық компаниялардың сатып алуларға қатысты бағдарламаларын жасапты.
– Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған портал барлық компанияларға сатып алулар жұмысында бірдей мүмкіндіктер береді, құқық бұзушылықтарды азайтуға, қағаз түріндегі құжат айналымын азайтуға, сатып алу жұмыстарына жұмсалатын шығындарды төмендетуге ықпал етеді, – дейді Салтанат Құдабаева.
Биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі көрсеткіш бойынша, eep.mitwork.kz мекен-жайындағы порталда жалпы сомасы 50 миллиард теңгеден асатын 4500-ден астам сатып алу жұмысы жүзеге асырылыпты. Осы жұмыстардың арқасында сатып алуға қатысушылар 15 миллиард теңгеге жуық қаражат үнемдеген.
Нұрхан АСҚАР