Астанада Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен генерал-майор Жомарт Қуанғалиев пен Аманжол Оспановты салтанатты түрде запасқа шығарып салу рәсімі өтті.
Қорғаныс министрлігінде офицерлер үшін маңызды шара, яғни жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі алғаш рет өтті. Қорғаныс министрлігінің құрмет қарауылы ротасы мен ту ұстаушы топтың қатысуымен генералдарды шекті жасқа жетуі бойынша босату туралы бұйрық оқылды. Генерал-майор Жомарт Қуанғалиев пен Аманжол Оспанов кезекпе-кезек жауынгерлік тудың жанына келіп, бас иді. Осылайша олар туға әскери сәлем берді.
«Шынымен де нағыз командирлер, армиямыздың бетке ұстар генералдары әскери қызметтерін осымен аяқтауда. Олар әскеріміздің құрылуының басы-қасында болып, өздерінің білімдерімен және тәжірибелерімен тәуелсіз мемлекетіміздің әскери саласы мен қуатты қорғанысының дамуына қомақты үлес қосты», – деді Қорғаныс министрі И.Тасмағамбетов салтанатты рәсім барысында.
Шығарып салу кезінде генералдардың әскери дара жолы, олардың қалыптасуы мен жетістіктері туралы деректі фильм көрсетілді.
Генерал-майор Жомарт Қуанғалиев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Орталық командалық пунктін, генерал-майор Аманжол Оспанов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Қару-жарақ бас басқармасын басқарғанын айта кетейік. Әскери қызметшілер 40 жыл бойы жауынгерлік сапта болды. Оның тең жартысының біршама жылдарын қазақстандық армияның қалыптасуына сарп етті. Олармен бірге қызмет атқарған жауынгерлік қаруластары, Қарулы Күштердің барлық жеке құрамы олардың көп жылдық еңбектеріне шын жүректен алғыстарын білдіреді.
«Жоғарғы Бас қолбасшыға, мемлекетке және халыққа қызмет ету жоғары абыройды әрі қарай да алып жүретіндеріңізге сенімдімін. Бұл алдағы екі айтулы оқиға Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Қазақстан Қарулы Күштері құрылуының 25 жылдығы қарсаңында ерекше маңызды. Себебі алдымызда еліміздің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз етудегі жаһандық тапсырмалар тұр», деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Генерал-майор Жомарт Қуанғалиев Ростов жоғары әскери командалық училищесін және Ф.Дзержинский атындағы Әскери академияны тәмамдаған. Қазақстан армиясы құрылғанға дейін зымыран әскерлерінің «инженер-электригі» жоғары әскери-арнаулы білімімен дивизиядағы бірден-бір қазақ офицері болған ол Алтай өңірінде қызмет атқарып, «подполковник» шеніне дейін көтерілген. «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» ордені, ІІІ дәрежелі «Айбын», ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Генерал-майор Аманжол Оспанов Омбы жоғары танктік инженерлік училищесін және Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Броньды танкті әскерлер әскери академиясын бітірген. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін 8 медальмен марапатталған. Генерал-майор Аманжол Оспанов қызметін Германияда бастаған. Онда рота басқарған.
Сәулебек БІРЖАН