Жуырда Жапонияның Қазақстандағы елшісі қызметіне жаңадан тағайындалған Итиро Кавабата «Егемен Қазақстан» газетіне келіп, басылым басшылығымен кездескен болатын. Сол кездесуде алдағы уақытта өзінің басты міндеті екі елдің ынтымақтастығын одан әрі кеңейту болатынын атап өткен елші «Егемен Қазақстан» газетімен арадағы ақпараттық байланысты дамытуға ерекше ден қоятынын айтып еді. Міне, көп уақыт өтпей сол уағдаластық алғашқы нәтижесін бере бастады. Оған жақында газетімізде жарияланған Жапонияның Парламенттік вице-министрі Мотомэ Такисаваның мақаласы бір мысал.
Газетіміздің 27 тамыз күнгі нөмірінде жарық көрген «Тағдырлас елдерден – тағылым» атты бұл мақалада Жапонияның Парламенттік вице-министрі елімізде өткен Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған халықаралық конференция жайындағы ойымен бөлісті. Онда Жапония мен Қазақстанның ядро зардабын тартуда ұқсас тағдырларын мысалға келтіріп, еліміз атом қаруына қатысты шынайы ақиқатты ерекше түсінетін мемлекет болып саналатынын жеткізді. Сондай-ақ ол аталған конференцияның өткізілуін құптай отырып, Қазақстанның осы мәселедегі көшбасшылық рөліне құрмет сезімін білдірді. Ал кеше «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығына Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кавабата бұл мақаланың газетімізде жарық көруіне ықпал етіп, қолдау білдіргені үшін ризашылығын айтып, алғыс хат жолдады. «Болашақта да біздің екіжақты ынтымақтастығымыз әрі қарай жалғасын табады деп сенемін» делінген елшінің хатында. Иә, «елдестірмек – елшіден» деген осындай болса керек-ті.
«Егемен-ақпарат»