Филиппин президенті Родриго Дутертенің намысқа тиетін сөзінен кейін АҚШ президенті Барак Обама онымен кездесуден бас тартты. Осының алдында Дутерте АҚШ президентінің өзіне адам құқы туралы дәріс оқығанына көнбейтінін айтып, Обаманы былапыт сөзбен тілдеген болатын.
Филиппин президенті Родриго Дутерте есірткі мафиясына қарсы жүргізіп жатқан күрестегі тым қатаң шаралары үшін құқық қорғаушылар тарапынан сынға ұшырап жатыр. Дутерте президент қызметіне маусымның соңында кірісті. Содан бері Филиппинде есірткі саудасына қарсы күресте 2000-нан аса адам қаза болған. Дутерте президенттік сайлау науқаны кезінде басты мақсаты елдегі наркомафияның тамырына балта шабуға уәде берген-ді. Ол тұрғындарды бой тасалап жүрген есірткі саудагерлерін шетінен өлтіруге шақырды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Давао қаласының әкімі болып тұрған уағында Дутерте күдіктілерді сотсыз-тергеусіз қырғызып отырған.