Кеше Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның отырысы болып өтті. Бұл жолы аталған комиссияның сынағынан өту үшін президенттіктен үміткерлер Толыбай Баймурзин мен Мэлс Елеусізов келді.
Таңертеңгісін сағат 11:00-де мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін көрсету үшін Толыбай Баймурзин Орталық сайлау комиссиясына келген болатын. Президенттікке кандидат мемлекеттік тілден сүрінді. Емтихан нәтижелері бойынша Лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы Толыбай Нұрділдаұлының жазуы мен мәнерлеп оқуына қанағаттанбаушылық білдіріп, мемлекеттік тілді меңгермеген деген шешім шығарды. Және де бұл шешімнің бірауыздан қабылданғанын айта кетуіміз керек.
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның төрағасы М.Жолдасбеков кандидаттың «Перзент парызы» деген тақырыпта шығармасының сауатсыз жазылғандығын жеткізді. Мысалы, орфографиялық қатенің саны 24 болса, тыныс белгілерінен – 23, ал стильдік жағынан 5 қате жібергені анықталған. Барлығын қосқан кезіндегі қате саны 52-ге жетіп отыр. Екінші кезең бойынша Ғабит Мүсіреповтің шығармаларынан үзінді келтіру керек болса, оның өзін де мәтінді кібіртіктеп, созбалап оқыған. Үшінші кезең бойынша «Батырлық пен сүйіспеншілік» тақырыбын ашу керек болса, президенттіктен үміткер оны да аша алмаған. Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков президенттікке кандидаттың сөйлем құрай алмағандығын ашық айтты. Сөйтіп, комиссия мүшелері Т.Баймурзин қазақ тілін меңгермеген деген байламға келгендіктерін жеткізді.
Президенттіктен тағы бір үміткер Мэлс Елеусізов мемлекеттік тілден емтихан тапсырар алдында Орталық сайлау комиссиясы ғимаратында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Үміткер сайлауға түспес бұрын алдымен жақсылап ойланып алдым, дей келіп, өзінің достарымен, таныстарымен ақылдасып алғандығын жеткізді. Экологиялық проблемаларды шешу жолындағы бағытымнан таймаймын, деген Мэлс Хамзаұлы президенттік сайлау алаңын өз мүмкіндігінше пайдалану қажеттігін алға тартты. Басқаларға қарағанда жақсы мүмкіндігім бар, деп мәлімдеген ол Абай мен Мұхтар Әуезов шығармаларын оқығандығымен де бөлісе кетті. Тіпті сөмкесіне салып әкелген кітаптарын да көпшілік назарына ұсынды.
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның сынағынан сүрінбей өтуі де осындай үлкен дайындықтың арқасы болса керек. Жазба жұмысының тақырыбы «Қазақстанның болашағы» деп аталса, үміткер оны барынша жақсы ашып көрсете білген. Үш беттік жазба жұмысынан 7 қате анықталса, соның 2-і орфографиялық және 4-і тыныс белгілеріне қатысты болған. Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков үміткердің ойы орнықты, жұмысы толық аяқталған деген пікірін білдірді.
Екінші тапсырма бойынша туғанына 80 жыл толуы тойланып жатқан ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңін оқыған Елеусізов өзін осы орайда да жақсы қырынан көрсете біліпті. Үшінші сынақ бойынша «Жер тағдыры – ел тағдыры» деген тақырыпты да шебер орындап шығыпты. Осылайша Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткер Мэлс Елеусізовтің мемлекеттік тілді меңгеруі барысын сыннан өткізген Лингвистикалық комиссия оған қазақ тілін еркін меңгерген деген шешім шығарды. Қорытынды шешімді жариялай келе Лингвистикалық комиссия төрағасы М.Жолдасбеков үміткердің атына біраз жылы сөздер айтып, оның дайындығына жоғары бағасын берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.