25 жылдың 25 сәті
Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы Бағзы замандарда бабаларымыз алдағысын байырқалап, келер күннің еншісін қашанда көңіліне түйе жүріп тұрмыс кешкен ғой. Алып аумақта атқа қонып, жұртына жайлы қоныс іздеп жортқанының өзі де елдің ертеңін ойлағандық, келешектің тереңіне бойлағандық емес пе. Ойламаса, Асан қайғы бабамыз Желмаясымен желіп жүріп жер жәннаты Жерұйықты іздеп, әрлі-берлі сабылар ма еді. Құдайға шүкір, сол «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған» бабалардың тілеуі шығар, тынымсыз тірлігінің арқасы болар, алаш жұрты бүгінде әлемнің тоғызыншы территориясы саналатын алып аумаққа тамырын жайып, Жерұйыққа бергісіз жерде өрісін кеңейтіп, түтінін түтетіп отыр. Ол бүгін солай. Ал оның ар жағында, бұл қазақ жұртының көрмегені жоқ-ты. «Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылған» кезі де аз болмады. Бодандықтың бұғауы жанына қатты батқан кезде ғой Махамбет сынды ақиық ақынның ақыра отырып, көкейдегі күйкіге толы арман-тілегін еріксіз ақтарғаны. «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім; Жағалай жатқан сол елге, Мал толтырсам деп едім...», деп. Махамбет сынды өр тұлғалы бабалардың азаттық үшін арпалысының жақсылығын араға ғасырлар салып үрім-бұтағы, ұрпағы көрді. Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана Қазақ елі бодандық бұғауынан құтылды. Осы уақыт ішінде көшін түзеп, өркениеттің керуеніне қосылып, төрткүл дүниеге танылды. Танылғаны сол, тәуелсіз ел ретінде бас қаласын – Астанасын төрге оздырды. Қазақ халқының ежелден ұстанған дәстүріне сәйкес бабалардың озық үрдістерін жаңғырта отырып, замана мінберіне көтерілді. Көтерілгені емес пе, Елбасы Қазақстан халқының атынан сөз алып, БҰҰ тәрізді биік мінберден бастамашылдық танытып, ұлтының ұлағатты қасиетін жаһанға әйгілеп жүр. Жә, айтарымызды, көңілге түйгенімізді, Қазақ елінің ширек ғасыр шеңберінде алдына қойған арналы мақсат-мұраттары, болашаққа бастайтын ізгі бастамалары жөнінде рет-ретімен баяндап, оқырманға жеткізіп көрелік. «Қазақстан-2030» қиял емес! Ол кезде, 1997 жылы Қазақстанның 2030 жылғы даму стратегиясы жарияланған тұста халық біткеннің көңілі алаң еді. Енді ғана тәуелсіздік алып, тәй-тәй басқан мемлекет үшін 30 жылдың бедеріндегі белес тым алыс, тым ұзақ сияқты көрінген. «Ойға алғанымыз орындалар ма екен?» деп, сарыуайымға салынып, көңіліне күдік ұялатқандар шоғыры да көбірек болатын. Сол сәтте ондайларды жазғыру қиын-тұғын. Өйткені, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі экономикалық байланыстар шорт үзіліп, өндіріс атаулы тұралап, халық біткеннің базар аралап кеткен кезі ғой. Отандық экономиканың бойына қан жүгіріп, әлеуметтің әлденуіне әлі бірнеше жыл бар еді. Сөйтсе, мәселенің құндылығы жылдар жөңкілімен емес, алға қойған мақсаттардың орындалуымен өлшенеді екен ғой. Ең бастысы, елдің алдына қойған стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға деген ерік-жігерінде, тұғыры бекем тәуекелде көрінеді. Бір кездегі «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы» да, Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» да халықтың асқаралы армандарын ақиқатқа айналдыру жолында жұмылдырылған өз кезеңінің стратегиясы емес пе еді. Ол заманда да аталған қағидаттарға күдікпен қарағандар аз болмаған шығар? Ендеше, атауы басқа болғанымен, кезіндегі бабалардың жөн-жобасы мен бүгінгі бағыт-бағдарымыздың мақсаты бір екендігіне ендігі жерде ешкім күмән келтірмесе керек-ті. Тәуелсіз елдің тізгінін ұстаған Елбасының алдағы күннің атқарылар ауқымды шаруасы туралы айбыны асқақ баяндамасын бабалардың бәтуалы сөзінің заңды жалғасы деп қабылдайтынымыз да сол. Бүгінгі күннің биігінен көз тастай отырып, осыдан 19 жыл бұрын қабылданған Қазақстан Республикасының 2030 жылғы стратегиясы басымдықтарының қай кезде де өзекті екеніне көз жеткіземіз. 2030 жылға дейін де, одан кейін де. Тіпті қай уақытта да өзекті. Стратегияға темірқазық болған жеті басымдықтың қай-қайсысы да тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген мемлекеттің тұғырын биіктетіп, іргетасын бекітіп, нығайту жолындағы қадау-қадау мәселе екендігі көзге ұрып тұр. Бірінші басымдық – ұлттық қауіпсіздік Қазақстан түгілі кез келген елдің мәңгілік мәселесі дер едік. Осы басымдық аясында «Аумақтық тұтастығын толық сақтай отырып, Қазақстанның егемен мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз ету» бірізділікпен жалғасып келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары аумағымызда ат ойнатып, тұтастыққа селкеу түсіргісі келген оқыс оқиғалар да орын алды. Сепаратистік пиғылдағы әрекеттер де қылаң беріп, оқтын-оқтын қауіпсіздігіміздің беріктігін сынап көргісі келгендер де кездесті. Құдайға шүкір, қағаз жүзінде біржола қатталған бағдарымыздағы басымдық іс жүзінде шыңдалып, шымырланып, түлен түрткендерді тәубесіне түсіріп, сабырмен жеңе білдік. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы. Екінші басымдық бұл. Әрі қарай стратегияға сай тұжырымды жалғастырсақ төмендегіше түйінделеді: «Қазақстанға бүгін және алдағы ондаған жылдар ішінде ұлттық стратегияны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық біртұтастықты сақтап, нығайта беру». Ішкі саяси тұрақтылықтың мемлекеттің өрісін кеңейтіп, дамуында айрықша рөл атқаратынын төңірегіміздегі елдердің талайлы тағдыры арқылы талай мәрте куә болдық қой. «Төртеу түгел болмай төбедегінің келетінін» бабаларымыз баяғыда айтып кеткенімен, осы тақылеттес аманат-тұжырымды басқалардың да бабалары айтпады дейсіз бе. Айтты, әрине. Әйтсе де, айту бар да, сол аманат-тілекті жеріне жеткізе жүзеге асыру бар ғой. Осы тұрғыдан алғанда Елбасының елдің ішкі ынтымағы мен халықтың ауыз бірлігі туралы жиі әңгіме қозғайтыны да бекер емес. Айтып қана қоймай, Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық біртұтастықты қалыптастыру барысында жан аямай қызмет етіп келеді. Шетел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардың деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу. Экономикалық өрлеудің нақтылы, тұрлаулы және барған сайын арта түсетін қарқынына қол жеткізу. 2030 жылғы стратегиядағы үшінші басымдық бұл. Қазіргі кезде әлемдегі қаржылық дағдарыстың отандық экономикаға да өзінің зардабын тигізіп отырғаны белгілі. Соған сәйкес экономикалық өсім төмендегенімен, ішкі мүмкіндіктерді пайдаланып, көрпеге қарай көсіліп, өз өндірісімізге басымдық беріп отырған жайымыз бар. Бұрын-соңды мұнай мен газдың арқасында қазына қоржыны жоқ-жітігімізді жамап жатса, ендігі жерде шикізаттан гөрі дайын өнім өндіруге бет бұрдық. Задында, адам баласы жақсы тұрмысқа тез бейімделетіндей ме қалай? Әйтпесе, кеңестік кезеңде медициналық көмек көрсету, білім беру тегін дегеніңізбен, оның да өз проблемасы жетіп-артылатын еді ғой. Тек ашық айтылмай, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалған соң, бәрі керемет сияқты көрінетін. Соңғы оншақты жылдың бедерінде Қазақстан медицина саласында үлкен табыстарға қол жеткізді. Шетелден әкелінген медициналық жарақтарды ұршықша иіретін кәсіби мамандар шоғыры қалыптасты. Мұны не үшін айтып отырмыз? Жоғарыда біз әңгімелеп отырған Қазақстан Республикасының 2030 жылғы стратегиясының төртінші басымдығы Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Білім саласының жетістігі өз алдына. «Болашақ» арқылы қанаттанған жастар бүгінде әр салада еңбек етіп жүр. Денсаулығы мықты, білімі терең қазақстандықтың әлеуметтік жағдайы да жақсы болуы тиіс. Олай болса, аталған басымдықта да елдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосады деген сенімдеміз. Стратегияның бесінші басымдығы энергетика ресурстарына қатысты, отандық энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға байланысты. Осы төңіректе бір мәселені ғана айтып өтсек жеткілікті тәрізді. Мұнай мен газ экспорттаудан түскен қаржы Ұлттық қорға жинақталып, халықтың тұрмысын жақсартуға өз септігін тигізді. Әсіресе, қаржылық дағдарыс кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын құлдыратып алмас үшін Үкімет Ұлттық қордың көмегіне жүгінді. Соңғы кездері елімізде инфрақұрылымға баса назар аударылып, «Нұрлы Жолдың» арқасында ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдар жаңаша қалыпқа еніп, көлік және байланыс саласы заманауи тұрғыда жандана түсті. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолы Азия мен Еуропаны Жібек жолы арқылы жалғайтын күретамырға айналды. Міне, осының барлығы 2030 жылға арналған стратегияның алтыншы басымдығы аясында жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттіліктің озық өнегесі нағыз мемлекетшілдер корпусының қалыптасуымен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің 2030 жылға арналған стратегиясының жетінші басымдығының кәсіби мемлекет қалыптастыруға бағытталғаны да бекер емес. Өйткені, елдің өркендеуі, алдына қойған асқаралы міндеттер мен ұлттық жобалар нағыз мемлекетшіл жандардың жанкештілігімен іске асады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2030 жылғы стратегиясына қатысты Жолдаудың соңында: «Қазақтың халық мақалы «Шапшаң жүргенге шаң жұқпас» дейді. Сондықтан да бізге – уақыт төреші. Мұратына жүрген жетеді» деп түйіндеген еді. Стратегия жарияланғаннан бергі 19 жылдың бедерінде ел өмірінде талай-талай оң өзгерістердің болуы, жетістіктер жылнамасы Қазақстанның жоғары қарқынмен дамып келе жатқанының куәсі дер едік. «2030» бен «2050» стратегияларының арасында... Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының елдік мәселесі төңірегіндегі әңгіме ауанын төмендегіше қайырғаны бар еді: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». «Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» демекші, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр шеңберінде Елбасы Қазақстанның «білімді, бай һәм күшті болу» жолында үздіксіз еңбек етіп келеді. Оны Қазақстан халқына арнаған Жолдаудан айқын көруге болады. Соңғы 19 жылдың шамасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының мөлшері жиырма деген санды дөңгелектепті. Мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындап, оның замана талабына сай іс-қимылын үйлестіруде әрбір Жолдаудың орны бөлек. «Қазақстан-2030» Стратегиясына қатысты тұңғыш Жолдау туралы жоғарыда жан-жақты баяндадық. Ал келесі Жолдауларда көтерілген мәселелер олардың тақырыптарынан-ақ айқын аңғарылады. «Қоғамды демократияландыру, жаңа жүзжылдықтағы экономикалық және саяси реформа», «Жаңа жүзжылдықтағы тұрақтылық пен қауіпсіздік», «Ерікті, тиімді және қауіпсіз қоғам» – аттары айтып тұрғандай, қоғамның өрісін кеңейтіп, қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталады. Ал үш жыл қатарынан Елбасы Жолдауы елдегі жағдай туралы ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі бағыттарға арналған екен. Бұл Жолдаулар 2001, 2002, 2003 жылдардың еншісіне тиеді. Жолдаулардың келесі бір шоғыры экономикалық ахуалмен астасып жатыр. Яғни тақырыптары «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін», «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» немесе «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты болып келеді. Мемлекет басшысы ең алдымен, экономикаға басымдық беру керектігін үнемі айтып отырады. Сол себепті де елге «керектердің» ішінде экономиканың аты озып тұр. Жолдаудың басым бөлігі экономикаға бағытталатыны да сол. «Қазақстанның әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты», «Дағдарыстан жаңару мен дамуға», «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» болып жалғаса береді. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Қазақстан жолы – 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдаулар да Қазақстан халқының «білімді, бай һәм күшті болуы» үшін негізгі бағыт-бағдарға айналды. Бұл Жолдаудың жөні бөлек... Рас, орны бөлек. Өйткені, Қазақстан құлашын кеңге жайып, алдағы қырық жылдың жоспарына қанат қағып, арман-мұратын осы кезеңге тағы бір шегендеп қойды. Олай болса, «Қазақстан-2050» Стратегиясы «қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытына» айналатыны анық. Бұл туралы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ. Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады» деген болатын. Ұлттық стратегияның темірқазық-тұғырын соңғы сөйлем түбегейлі бекітіп, қадірімізді арттырып, беделімізді биіктететін ел болашағының бағыт-бағдарын біржола айқындап берді. Мемлекеттің жаңа саяси бағытының бастауы «қалыптасқан Қазақстанның» қысқа мерзімдегі жүріп өткен жолы туралы сөз болып, «көзқарасымыздағы маңызды серпіліс» – елдің 2030 жылға арналған стратегиясы төңірегінде, ондағы мақсаттардың орындалғаны хақында жан-жақты айтылды. Жолдауда айтылған қуатты да табысты мемлекет, демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі, этникалық және діни топтардың келісім мен татулығы, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясат, әлемдік қауымдастық таныған ел, ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі Қазақстанның басты рөлі сияқты қадау-қадау мәселелердің қай-қайсысы да Қазақ елінің бірізділікпен жүзеге асырып келе жатқан жұмысының нәтижесі деп бағамдауға болады. Осылардың әрбірі мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, әлемдік аренадағы беделін орнықтыруға өзіндік үлес қосатынын, қарапайым тілмен айтқанда, «қасықтап жинаған абырой» екені мәлім. Оны Елбасының өзі де осы Жолдауда ашық айтқан-ды: «Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030» Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты» деп айта аламыз. Бұл біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі». Осылайша, Мемлекет басшысы 2030 жылға арналған стратегияға қорытынды жасай келіп, алдымызда жаңа міндеттер тұрғандығын айта отырып, «біз мемлекетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейтуге тиіспіз», деді. «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты бағыт-бағдары ХХІ ғасырдың он жаһандық сын қатері төңірегінде өрбіді. Қазіргідей алмағайып заманда қауіп-қатердің алдын алмаса, оның қай-қайсысы да бүйірден тиген бүйідей осал еместігі белгілі. Демографиялық теңгерімсіздік дейсіз бе, азық-түлік қауіпсіздігі ме, су тапшылығы ма, әлеуметтік тұрақсыздық па, табиғи ресурстардың сарқылуы дейсіз бе, осылардың бәрінің де қатері күшті. Жаһандану заманында оқшаулана өмір сүру әсте мүмкін емес, ендеше, етек-жеңіңді жинап, сыртқы ықпалдастыққа, қауіп-қатерлерге қолданатын мемлекеттің амал-айласы да болуы тиіс. 2050 жылға бағытталған стратегияда өзекті проблемалардың көтерілуі Мемлекет басшысының осындай ойларымен өріледі. «Біз қайда бара жатырмыз?» деген сауал қарапайым қазақстандықтарды да мазалайтыны түсінікті. Көпшілікті мазалайтын осы сауалға біз әңгіме өзегі етіп отырған Жолдауда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев төмендегіше жауап береді. «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуы тиіс. Дамушы елдер арасында осы клубтағы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс». Заманында Асан Қайғы бабамыздың Жерұйықты іздеп сабылғаны да, осыдан он ғасырдан аса уақыт бұрын әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қаланың басшысы қандай болуы керек?» деген тұрғыда философиялық трактат жазуы да, бертінде Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ұлттық мемлекет құрудағы талпынысы да бабалардан бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан елдік үшін күрестің бірізділігін аңғартатындай. Ендігі жерде тәуелсіздік алып, өз билігіміз өз қолымызға тиген тұста әлемдегі 30 озық елдің қатарынан көрінуге деген ұмтылыс сол байырғы бабалардың арман-аңсарының іс жүзіндегі көрінісі болмақшы. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының өзі де: «Елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік әрқашан аталарымыздың бойынан табылған. Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек» деген-ді. Бабаларымыздың тірі қалуы үшін жанталасы, сөз жоқ, ұрпағының ірі болуына үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейтіні тағы сөзсіз. «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз». Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясына арналған Жолдаудың соңын осылайша түйіндеді. Қадыр ақын айтпақшы, «Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға, Бола алмаймыз ешқашан ұлы халық». Олай болса, «Мәңгілік Ел» – біздің ұлы мақсатымыз. Қазақтың «Мәңгілік Ел» арқылы ұлы халық атануына әбден құқы бар. Бабалардың азаттық үшін арпалысы ұрпағын осыған үндейді емес пе! Жиырмасыншының да орны ерек... Қиын кезеңде тығырықтан шығатын жолды іздеу, дағдарыстың халыққа түсетін салмағын азайту мемлекеттің негізгі міндетінің бірі емес пе. Қарап отырсаңыз, Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде еңсесін тіктеп үлгермей жатып, қаржылық дағдарыстың бірнеше толқыны соққаны мәлім. Соңғы бірер жылда да көмірсутегіне баға төмендеп, қазынаға түсетін қаржы көлемі азайды. Алайда, күллі дүниеде дағдарыс болып жатыр екен деп, сарыуайымға салынар болсақ, одан экономикамыз өрге басса, қане. Елбасының уақыт талабына сай халқына жігер беретін Жолдау арнауы осының нышаны іспетті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтырғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталады. «Біз бәріміз көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік» деген болатын Елбасы аталған Жолдауында. Қай заманда да күйректікке салынғанның күймесі ілгері жүрмей, жанын жалдап, жігер қосқанның жүрісі жеделдікке ұласады емес пе. Қай уақытта да еңбекшіл халық өз несібесінен құралақан қалмайтыны бағзыдан мәлім. «Қазір «мен әлсізбін» деп ешнәрседен таюға жарамайды. Әлсіздің әлді болуы, әлдінің әлсіз болуы осы заманда қиын емес. Жігер керек, қайрат керек. Күрестің аты – күрес. Жыламаған балаға емшек бермейді» деген болатын осыдан 90 жыл бұрын алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы. Жаһандық жағдайда жанкештіліктің, еселенген жігер мен қажыр-қайраттың қажет екендігі сөзсіз». Елдің еңсесі жығылып, уақыт сынынан мұқалмай өту үшін мемлекет алдындағы ахуалды егжей-тегжейлі зерттеп, күніне қырық аунақшып отырған әлемдік саясатқа орай өз байламын жасауы тиіс. Ел Президенті осыған орай, Қазақстан халқына Жолдауында өз тұжырымын да жеткізді: «Жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатерлеріне біз өзіміздің нақты мүмкіндіктеріміз негізіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек». Мемлекет басшысының өткен жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауының басты ерекшелігі, дағдарыстан шығудың басты тетігі болып табылатын экономикаға айрықша мән берілді. Елбасы айтпақшы, «жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге, жаңа мүмкіндіктер». Қазақ елі жаңа мүмкіндіктер аясында алдағы уақытта дағдарысқа қарсы әлеуетін жұмылдырып бағады. Ең бастысы, ендігі жерде шикізат ресурстарына деген тәуелділіктен арылатын экономиканы қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты бойынша жоспарларды жүзеге асыру қолға алынды. Қазіргідей қаржы саясаты қалт-құлт етіп, құбылып тұрған сәтте «қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру, оны жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру» маңызды міндеттің біріне айналды. Еншісі бөлінбеген ен қазақтың қазаны – бюджет саясатын оңтайландыру да кезек күттірмейтін мәселе. Қазына қоржынын молайтудың алуан түрлі амалдарына жүгініп, кіріс пен шығыстың бүкіл жүйесі қайта қаралып, кіріс базасын ұлғайтуға баса назар аударылады. Сондай-ақ, 2017 жылдың қаңтарынан бастап кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енетін болады. Экономикалық өсімді қамтамасыз етуде ішкі ресурстарды мейлінше іске қосу қажет, басқалай айтқанда, жекешелендіру мен экономикалық бәсекелестікті ынталандыру өз кезегінде экономиканың әлденуіне жол ашады. Әлеуметтік саясатқа да баса назар аударып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға артты. Сондай-ақ, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға өсті. Тағы бір атап өтетіні, Мемлекет басшысының былтырғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес, 2017 жылдан бастап жаңа жоба – Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы жарияланып, Үкімет осы бағдарламаны әзірлеп жатыр. Жаһандық дағдарысқа қарамастан мемлекет әлеуметтік ахуалды бақылауында ұстап келеді. Бұл туралы өз ойын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жолдаудағы түйінді сөзінде жеткізді. «Дағдарыстың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» Ендеше, біз де өз тарапымыздан болашақта Қазақ елінің тірегі мықты, тілеуі тұрақты, білегі күшті болсын дегіміз келеді. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
•
07 Қыркүйек, 2016
«Қайырымды қаладан» «Мәңгілік Елге» дейін
798 рет
көрсетілді