Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде «ҚазАқпарат» агенттігін дамытудың жаңа стратегиясының таныстырылымы өтті. Оған агенттіктің бас директоры Әсел Төлегенова мен бас директордың орынбасары Қаламқас Әбуова қатысты.
«ҚазАқпарат» агенттігінің алдында тұрған негізгі міндет – еліміздің ең басты ақпарат сайты дәрежесіне сай болу. Біздің болашақтағы жұмысымыз бірнеше көрсеткішке негізделеді. Ең негізгі көрсеткіш сатысында агенттік тарататын материалдардың оқылымдылығы тұр»,– деді өзінің сөзінде Әсел Дулатқызы. Оның айтуынша, «ҚазАқпарат» сайтына тәулігіне орта есеппен 27 мың адам кіріп, ондағы ақпараттармен танысады екен. «Біз болашақта бұл көрсеткішті 45 мыңға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін ең алдымен, біздің контентіміз түбірімен және толықтай жаңарады. Әрине, бұрынғыдай мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпараттар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Бірақ одан бөлек, біз қарапайым интернет пайдаланушы оқырманның талап-тілегіне жауап беретін, оларды қызықтыратын, ой үделерінен шығатын дүниелерді барынша көп жариялауды назарда ұстап отырамыз», – деді Әсел Дулатқызы.
Агенттік бас директорының айтуынша, алдағы уақытта агенттік сайтында жарияланатын ақпараттарды берудің қалыбы өзгермек. «Бұл ретте, хабарлардың тақырыптары оқырмандарды тартатындай ойнақы, ал мазмұны жеңіл қабылданатындай стильде жазылады. Бұған қоса, біздің логотипіміз де өзгереді. Яғни, халықаралық ақпарат агенттігі атына сай болу үшін логотипке «әлем» ұғымын беретін глобус секілді жаңа элементті енгіздік. Сонымен қатар, алдағы уақытта сайт қолданушыларымен кері байланыс орнатып, оларды толғандыратын мәселелерге де тұрақты түрде үн қосып отырмақпыз», – деді агенттіктің бас директоры.
Баспасөз мәслихатында сөз алған «ҚазАқпарат» бас директорының орынбасары Қаламқас Әбуова да агенттік жұмысын жақсарту, оның сайтын жаңарту бағытында ұжым алдында ауқымды міндеттер қойылып отырғанын жеткізді. «Бұлардың барлығы біздің ұжымның қолынан келетін шаруа деп ойлаймыз. Мәселен, жақында Риода өткен Олимпиада ойындарына агенттігімізден арнайы тілші барды. Ол Олимпиаданың алғашқы күнінен соңғы күніне дейін тек қана қазақ тілінде 396 материалды фотоларымен жолдады. Ол ақпараттардың барлығы сол кезде өте көп сұранысқа ие болды», –деді Қаламқас Әскерқызы.
«ҚазАқпарат» өкілдері, сондай-ақ, бүгінде сайттың техникалық тұрғыда жаңалануы мен өзгеруіне, дизайнның жаңаруына айрықша мән берілетінін, бұлардың барлығы агенттік сайтының әрдайым трендте болу қажеттігінен туындап отырғанын атап өтті. «Біздің сайтымызда басы артық, оқырмандарды жалықтыратын материалдар болмайды. Фото және бейнеблогтар да сайт қолданушылардың назарын аудартатындай деңгейде іріктеледі. Бұлардан бөлек, онлайн-көрсетілімдер, инфографика, валюта курсы, ауа райы да тұрақты түрде беріліп тұрады. Яғни, сайт жеңіл, ыңғайлы болуы үшін бүгінде барлық алғышарт жасалуда», – деді агенттіктің бас директоры.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»