Әлемдік экономикада соңғы он жылдың бедерінде қордаланған проблема жетіп артылады. Бұл әрісі АҚШ-тан, Еуропадан бастау алады. Сол проблемалар күні бүгінге дейін жалғасып келеді. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендейін, экономикалық дағдарыстың үстіне енді келіп шикізат бағасының төмендеуі, сондай-ақ, әлемдік күрделі ахуал, Сирия, Ливиядағы соғыстар, көші-қон, терроризм мәселелері қосылды. Осының барлығы жинақталып, жалпы, жаһандық экономикаға өзінің зардабын тигізіп отыр. Осыны біздің де сезініп отырған жайымыз бар. Өйткені, Қазақстанның жаһандық экономикадан оқшауланып өмір сүре алмайтыны тағы белгілі.
Жекелеген мемлекеттер қордаланған проблемаларды БРИКС, АСЕАН, ЕурАзЭҚ сияқты трансқұрлықтық жүйе құру арқылы шешуге ұмтылғанымен, бірақ олар тұтастай алғанда жаһандық проблемалардың түйінін тарқата алмайды.
Қазіргі кезде әлемдік экономиканың дамуы қаншалықты жедел болса, жағдайдың да күрделі екендігі соншалық, біздің Президент осыған орай Қытайды өткен саммитте сөйлеген сөзінде біртұтас жаһандық ұйым құруды ұсынды. Өз кезегінде аталған ұйым барлығын біріктіріп, әлемнің қаржы саясатын үйлестіріп отыратын болады.
Елбасы «Үлкен жиырмалық» саммитінде проблемаларды шешудің нақты жолдарын ұсынды. Ең бастысы – жиырма мемлекетпен ғана шектелмеу, күшті дамып келе жатқан мемлекеттерді қосу, Қазақстан да соңғылардың қатарында. G20 алаңын күшейту жөнінде де ұсыныс бар. Соңғы Астана экономикалық форумында тиімді ұсыныстарды біріктіру жөнінде шешім қабылданғандығын білеміз. Қазақстанда құрылған G-global алаңын, сарапшылар мен институттар өз ұсыныстарын бере алатын заманауи алаң деп айтуға болады. Аталған проблемалар бүкіл әлемге және әрбір мемлекетке, оның ішінде Қазақстанға да қатысты. Әлемдік проблемалар шешілген жағдайда, біздің проблемаларымыздың да түйіні тарқатылады.
Бақтыбай ШЕЛПЕКОВ,
Парламент Сенатының депутаты