• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2016

Ауқымды шараға әзірлік пысықталды

287 рет
көрсетілді

Елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де иек астында тұр. Көрмеге әзірлік барысы қалай? Ауқымды шара туризмді және басқа салаларды дамытуға қаншалықты серпін береді? Бұған дейін осы көрмені өткізген елдердің нендей тәжірибелеріне сүйенген жөн? Кеше «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы қоғамдық кеңесінің отырысында осы және басқа да маңызды мәселелерге жауап берілді. Компанияның басқарма төр­ағасы Ахметжан Есімовтің айтуын­ша, көрмеге әзірлік жұмыстары жос­пар бойынша жүріп жатыр. Құры­лыс биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталмақ. – Халықаралық павильондар қазір дайын деуге болады, қазан айында оны қатысушыларға бере бастаймыз. Қатысушылар өздерінің жобаларын бізге бекітуге ұсынып жатыр, көпшілігі өте қызықты. Қазір қатысатын елдердің саны 98-ге жетті, бірер күннің ішінде өзіміз әу баста жоспарлағандай, 100-ші ел­мен келісімге қол жеткізбекпіз. Одан бөлек 18 халықаралық ұйым бар. 20 ел өздерінің ұлттық күн­дері­нің қашан өтетінін нақтылап қойды, – деді А.Есімов. Жақын күндері Нобель сыйлы­ғының лауреаттары сынды белді сарап­шылардан жасақталған Халық­аралық комиссия Үздік тәжі­ри­белер аймағына қойылатын үздік жобаларды анықтамақ. Қазір оған әлемнің 133 елінен өтініш түсіпті, енді сол 133 жобаның ішінен 25-і іріктеп алынуға тиіс. Осы жиында айтылғандай, көр­ме­нің тақырыбына қызығу­шы­лық білдірушілердің қатары көбейіп келеді екен. Мәселен, күні кеше ғана келісімге қол қойған Финляндия бұрын-соңды бұл көрмеге тек Солтүстік Еуропаның елдері­мен бірге қатысқан. Ал Астанадағы павильонда жеке экспозициясын жасау­ға ниет білдіріп отыр. Себебі, энергия үнемдеу мен «жасыл» технологиялар сала­сын­да дүние жүзі бойынша алдың­ғы қатардан көрініп жүрген фин компаниялары жеткілікті. ЭКСПО-2017 көрмесінде Финлян­дия осы компаниялардың жетістіктерін әлемге паш етуді мақсат тұтып отырса керек. Қоғамдық кеңес, негізінен, ішкі және сыртқы туризмді дамыту мәселелеріне арналған болатын. ЭКСПО-2017 еліміздегі осы бір кен­же қалған салаға соны серпін береді деп үміт артылып отыр­ға­ны белгілі. Егер осы басқосуда айтыл­ған жайттар іс жүзіне асатын болса, онда туристік әлеует айтарлықтай артады деуге болатын сыңайлы. Мәселен, келер жылы көрмеге шетелдерден 300 мың қонақ келеді деп күтілуде. Қоғамдық кеңесте «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компания­сының басшысына «Туризм ісімен шұғылданатын мемлекеттік ор­ган­ның қажеті бар ма?» деген сұ­рақ қойылған-ды. Бұл сауалға А.Есімов: – Мемлекет нашар менеджер деген пікір бар. Мүмкін солай да шығар. Алайда, мемлекет – ең жақсы ұйымдастырушы. Мысал үшін айтар болсам, Грузия соңғы 10 жылдың ішінде туризм саласында үлкен қадам жасады. Осы елдің Ұлттық туризм әкімшілігінің тиімді құрылым екендігі дәлелденді. Мұн­дай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Басқа елдерде мұндай жұмыспен агенттіктер, не болмаса ұлттық компаниялар айналысады. Бірақ бірде-бір маңызды кәсіби құрылымы жоқ туристік державаны еш жерден таба алмайсыз, – деп жауап берді. Әлемдік экономиканы дағда­рыс­тың дауылы шарпи бастаған тұста туризмнің алдыңғы қатарға шық­қаны түсінікті. Себебі, дағда­рыс бірінші кезекте шикізат сек­торына арқа сүйеп әдеттенген елдер үшін қауіпті. Дәстүрлі энергия көздерінің құны құлдыраған тұста, балама энергияның бағасы одан сайын артатыны тағы да белгілі. Олай болса, болашақтың энергиясы саналатын балама энергия көздерін дамытуды көздейтін көрме Қазақ­стан үшін өте тиімді болмақ. Осы жиында Қазақстанның туристік әлеуеті мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі сынды салалардан кем түспейтіні, алайда, оны тиімді пай­далануды жолға қою керектігі де сөз болды. Дүниежүзілік турис­тік ұйым­ның 2015 жылғы есебіне көз жүгіртсек, дағдарыс бұл салаға да кері әсер еткенін бай­қауға бола­ды. Алайда, әлем бойын­ша аза­­мат­тары ең көп саяха­т­тай­тын ел­дер­дің санатында Қазақ­стан­­мен көр­шілес қонған Қытай­­дың бар екенін айта керек. Бұл орай­да, Қытай – АҚШ пен Ұлыбри­тания­ның қа­тарында көш бастап тұрған ел. Ас­танада өтетін айтулы шараға атал­­ған елдердің азаматтары көп­теп тар­тылады деп үміт етуге бола­тындай. Тағы бір айта кетерлігі, биыл­ғы жылы маусым айында Дүние­жүзілік туристік ұйым «Астана ЭКСПО-2017» компаниясымен арада әріптестік туралы меморан­дум­ға қол қойған болатын. Қазақ­станның туристік бағыттағы ұста­ны­мының дұрыстығын айтып, болашағына жоғары баға берген ұйымның Бас хатшысы Талеб Рифаи келер жылы Астанаға атбасын тіреуге тиіс. Осы отырыста қоғамдық кеңес мүше­лері шетелдік сарапшы ма­ман­дар­дың пікіріне құлақ түрді. 2015 жылы Милан қаласында өткен ЭКСПО халықаралық көрмесіне жетекшілік жасаған Джузеппе Сала мен 2010 жылы Шанхайда өткен ЭКСПО көрмесінің ұйымдастыру коми­тетінің мүшесі Ван Чинжен бейне­мәлімдеме жасап, өздері­нің тәжі­рибелерімен бөлісті. Олар ауқым­­­ды шараға әзірлік барысында бірін­­­ші кезекте не нәрсеге көңіл бөлі­нуі керектігін мұқият айтып берді. Джузеппе Саланың айтуынша, қатысушылар үшін көрме өтетін жерге дейін ыңғайлы көлікпен тасымалдаудың маңызы ерекше. Сол үшін де Миланда автобус, трамвай және метро сынды көлік түрлері көбейтілген, олардың қаты­нау жиілігі, жол бойында жолау­шыларды көрме туралы ақпарат­тандыру барысы да ескерілген. Әуежайлардың арасындағы бай­ланыс жетілдірілген. Шанхайда өткен көрменің ұйымдастыру комитетінің мүшесі Ван Чинженнің пікірінше, халық­аралық шара өткеннен кейін іле-шала оның тиімділігі бірқатар сала­ларда анық байқалатын бола­ды. Атап айтқанда, азық-түлік өнер­кәсібі, байланыс, көлік қаты­нас­тары, әсіресе, туризм саласында ілгерілеушіліктер көрмеден кейін іле-шала көріне бастауға тиіс. Шетелдің тәжірибесі мол сарап­шыларының кеңестерін тыңдаған қоғам­дық кеңес Астанадағы көр­меге әзірлік кезінде оларды назарда ұстамақ. Қоғамдық кеңес отырысында ЭКСПО-2017 науқанына өткен жылы 296 отандық құрылыс компаниясы атсалысқаны, Астанада және басқа да аймақтарда құрылысқа тікелей немесе жанама түрде 46 мың адам жұмыспен қамтылғаны белгілі болды. Ал қазіргі жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде жұмыс орындарын сақтап қалу және көбейту Үкіметтің басты міндеттерінің бірі екендігі белгілі. Тағы бір айта кетерлігі, құрылыстан 131 миллиард теңге үнемделген. Алдағы уақытта үнемделген қаржы көлемі тағы да артуға тиіс. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»