Елордада 8-10 қыркүйек аралығында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Астана жұлдызы» атты ұлттық ойындар жарысы өтеді. Жарысқа Астана мен Алматы қалаларынан басқа, еліміздің 14 облысынан үміткерлер қатысады. Қазақ халқының ұлттық дәстүрін паш еткен спорт додасы оза шауып бәйге алған тұлпарларды анықтайтын болады. Атап айтсақ, жүйріктер бәйгесі, қыз қуу, теңге алу, көкпар мен аударыспақ сынды ойындар ойнатылып, құралайды көзге атқан мергендердің шеберлігі сыналады.
Халық сүйсініп тамашалайтын ұлттық ойындардан басқа ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі насихатталады. Темір иіп, ағаштан түйін түйген қолөнер шеберлернің туындылары көпшілік назарына ұсынылады. Сонымен қатар, қыран баптап түлкі алған құсбегілік өнер де көрсетіліп, тоғызқұмалақ пен асық ату ойындарынан сайыс өтеді.
Айман МҰҚЫШЕВА