• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2011

Чемпионат нені көрсетті?

490 рет
көрсетілді

Алматыда ел спартакиадасы аясында өткен бокстан ересектер арасындағы Қа­зақ­стан чемпионаты аяқталды Бір жеті бойы Балуан Шолақ атын­дағы Мәдениет және спорт са­райында керілген шаршы алаңда он салмақ бойынша күш сынас­қандар арасында төмендегі боксшылар ел чемпионы атанды. 49 кг. салмақта Азамат Есеғұлов (Жамбыл облы­сы), Әли Байбозов (Маңғыстау об­лысы, 52 кг.), Ғани Жайлауов (Жам­был облысы, 60 кг.), Данияр Елеусінов (Астана қаласы, 64 кг.), Рүстем Сыбаев (Қызылорда облысы, 69 кг.), Данабек Сужанов (Шығыс Қа­зақстан облысы, 75 кг.), Арман Рыс­бек (Солтүстік Қазақстан облы­сы, 81 кг.), Василий Левит (Астана қа­ласы, 91 кг.) және ең ауыр салмақта Иван Дычко (Қостанай облысы) Қа­зақстан чемпионы атағын тағы бір мәрте жеңіп алды. Сөйтіп, жеңім­паз­дар ішінде Василий Левит пен Ғани Жайлауов үш мәрте, Данияр Елеусінов пен Иван Дычко екі мәр­те ел чемпионы атағына ие болды. Чемпионат соңында жарыстың үздік боксшысы болып Данияр Елеу­сінов атанса, «Қайсар мінез та­ныт­қаны үшін» атағын Айдар Әл­мір­зақов, «Үздік төреші» атағын Бақытжан Бекпенбетов иеленді. Жалпы, биылғы бокс бәсеке­сін­де небір жағдайлардың болғанын айтуға болады. Мәселен, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Еркебұлан Шынәлиев (Оңтүстік Қазақстан облысы) алғашқы кездесуінде маңғыстаулық Әлібек Бал­қо­жадан жеңілген соң, шаршы алаң­нан біржолата кетуді ойластырып жатқанға ұқсайды. Өзінің айту­ын­ша, қазір оның салмағы 103 кг. Чемпионат алдында ол біраз салмақ қуып, жарысқа екі ай уақыт қал­ғанда дайындала бастаған. Ал оның бұрынғы 81 кг. салмағына қазір ауысу  мүмкін емес көрінеді. Сон­дық­тан Е.Шынәлиевтің шаршы ал­аң­нан шынымен де кетіп, қол­ғабын шегеге ілуі ғажап емес. Би­ылғы додада сондай-ақ мынадай күт­пеген оқиға болды. Тараздық Азамат Есе­ғұлов пен солтүстік­қа­зақ­стандық Ар­ман Рысбек өзде­рі­нен тәжі­ри­белі Біржан Жақып пен Алмат Серімовті ұтып, чемпион атанды. Бұл дегеніміз, жеңіл және ауыр сал­мақта жыл сайын бәсе­ке­лестердің көбейіп жат­қанын көрсе­те­ді. Чемпионатта ор­ын алған дау­лы мә­се­лелердің бірі Ол­жас Сәт­ті­баевтың (Жамбыл об­лы­сы) қарсы­ла­сынан жеңілгені болды. Рас, халықаралық дәрежедегі спорт шебері О.Сәттібаев алғаш­қыда қызылордалық қарсыласы Б. Жүсіпті «оңай олжа» деп ойлап, бірінші раундты тең аяқтауға мәжбүр болды. Ал енді екінші раундта Ол­жастың басымдығы айқын көрінді. Үшінші раундта, тіпті, қарсыласын қарша бораған соққының астына алғанымен   төрешілер 9:8 есебімен «жеңісті» Б. Жүсіпке берді. Осы жекпе-жектен арнайы репортаж жүргізген «Қазақстан» те­ле­арнасының комментаторлары да Олжастың шеберлігін дәл анық­тау­да төрешілер тарапынан әділдік болмағанын айтып жанайқайға ба­су­дай-ақ басты. Бокстың басы-қа­сында жүретін жанашыр, меценат азамат Мүсілім Дайырбеков те та­лантты боксшыны сүріндірген тө­ре­шілердің безбүйректігіне қатты қынжылыпты. Баркер Кубогының иегері Бақтияр Артаев секілді та­лантты боксшыны Олимпиада биігіне дейін көтерген білікті бапкер Нұрлан Ақүрпеков «протест» жазу­ға мәжбүр болған.  Әлем чем­пио­ны, Олимпиаданың екі дүркін кү­міс жүлдегері Болат Жұмаділов те Олжас Сәттібаевтың анық жеңгенін айтып отыр. Мұндай жағдай былтырғы Қа­зақ­стан біріншілігінде де орын ал­ған. Соның кесірінен, өткен жылғы «бірінші» нөмірлі боксшы деп ма­ра­паттаған жастардың ешқайсысы да халықаралық жарыстардан ал­тын не күміс алып келе алмады. Кей­бірі, тіпті, қола медальға да қол жеткізбеді. Биыл солардың бәрі құмға сіңген судай жоқ. Айтайын дегеніміз, алда ел на­мысы сынға түсетін үлкен жарыс­тар күтіп тұр. Онда Лондон Ол­им­пиадасына жолдамалар беріледі. Ал оған халықаралық рингтерге тізесі дірілдемей, жанары тайсалмай  шы­ға алатын және халықаралық ринг­тің «ауа райынан» хабары бар тә­жі­рибелі боксшылар баруы керек. Сол үшін осы жарыста «бірінші», «екінші» орын алды деп марапатталған боксшылармен бәсекелесе аламын дегендерді спаррингке шығарып, шын мықтыны анықтап алу қажет. Кімнің мықты екені сонда ғана анықталады. Елінің абыройы үшін, спортшысының ар-намысы үшін ол спаррингке Туризм және спорт министрі, Бокс федерациясының президенті, Олимпиадалық комитеттің төрағасы сияқты лауазымды бас­шы­лар мен білікті бапкерлер қа­ты­сып, кімнің кім екенін көруі   міндет деп білеміз. P.S Бокстан әуесқойлар арасында ел чемпионаты аяқталған кезде кәсіпқой боксшылардың «Астана арландары» командасының Макаода қытайлық «Бейжің айдаһарлары» командасынан басым түскені туралы хабар келіп жетті. Бұл кездесудегі есеп 4:1 болып Бақыт Сәрсекбаев бастаған былғары қолғап шеберлеріміздің пайдасына шешілді. Қытай боксшыларымен болған кездесуде Мерей Ақшалов қана Жимин Вангтан есе жіберіп алды. Ал басқалары 54  кг. салмақтағы Қанат Әбутәліпов, Бақыт Сәрсекбаев (73 кг.), Рамжон Ахметов (85 кг.) пен 91 кг-ден жоғары салмақта күш сынасқан Руслан Мырсатаев қарсыластарынан басым түсті. Дастан КЕНЖАЛИН.