• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2016

Терроризм төрткүл дүниені теңселтіп тұр

477 рет
көрсетілді

Жалпы, қорқытып-үркіту деген адам баласына тән қасиет қой. Қоқан-лоқы көрсетуіңіз де солай. Алайда, қолға қару алып, тұтас мемлекетті дүрліктіру дегеніңіз үлкен қылмыс емес пе?! Соңғы кезде халықты қалқан ретінде алға салып, өз мақсатын жүзеге асыруға ұмтылу, жанкештілерді жұмсау арқылы мемлекетті террорлық әрекетімен тұсаулағысы келетіндер шоғыры пайда болды. Жекелеген мемлекеттерді ғана емес, бүкіл әлемді әбігерге салатын террористік топтарды әзірге ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Жақында ғана Үкіметтен Парламент Мәжілісінің қоржынына келіп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да Қазақстан халқының қауіпсіздігін нығайтудан туындап отыр. Халықтың қауіпсіздігі демекші, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алтыншы шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде де депутаттардың алдында тұрған өзекті проблеманың ішінде ең алдымен осы мәселеге тоқталды. «Бірінші. Ел қауіпсіздігінің заңнамалық негізін нығайту. Әлемнің өзге елдері сияқты Қазақстан да тікелей террорлық қауіп-қатерге кез болды. Ақтөбе мен Алматыдағы террорлық актілердің салдарынан Ұлттық ұлан сарбаздары, полиция қызметкерлері және ешбір жазығы жоқ азаматтар қазаға ұшырады. Осындай жағдайда мемлекет ұлттық қауіпсіздікті нығайтуы тиіс. Менің тапсырмам бойынша экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, қарсы барлау қызметі, дактилоскопиялық және геномдық тіркеу, пробация, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бо­йынша 7 заң жобасы жасалып, Мәжіліс қарауына енгізіледі», деген еді Елбасы. Осылайша өткен бейсенбі күні Мәжілісте Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген заң жобасының таныстырылымы өтті. Әрине, заң жобасы Парламент қабырғасында талқылау барысында жан-жақты сарапталып, жұртшылықтың пікірі де ескеріліп, сапалық жағынан ширай түсетіні сөзсіз. Елдегі заңдардың қатайтылуы ұлттық қауіп­­­сіздікті нығайтумен астасып жатыр. Әйтпесе, төріңде террористер ойран салатын болса, мемлекеттің мызғымастығы жөнінде, тәуелсіздіктің тұғырлылығы туралы қалай әңгіме қозғауға болады? Айтпақшы террористердің қанқұйлы әре­кетінің салдарынан Нью-Йорктегі Бүкіл­әлемдік сауда орталығы ғимаратының, халық аузында «Егіз мұнара» атанып кеткен ғимараттың жермен жексен болғанына да тұп-тура 15 жылдың жүзі болыпты. Алайда, содан бері де күллі дүние жұртшылығы қауымдасып, лаңкестікті тұсаулай алмай келеді. Осы уақыттың бедерінде терроризм атаулы мұхиттың арғы бетінен Азия құрлығына ауысып, әлі күнге дейін Сирия лаңкестік «сырқатынан» сауыға алмай отыр. Кәрі құрлықтың қақ ортасында, Париж бен Брюссельде де осы терроризмнің кесірінен талай бейбіт тұрғын құрбан болды. Қысқасы, терроризм төрткүл дүниені теңселтіп тұр. Сол себепті, зұлымдық атаулыны әлем болып күреспей, ауыздықтау қиын. «Бүгінде терроризмнің жаһандық мәселеге айналғаны ешкімнің күмәнін туғызбайды және онымен бүкіл әлем болып күрескен жөн. Қазақстан терроризм мен экстремизмнің кез келген көрінісін табанды түрде айыптайды және бүкіл елдердің бұл зұлым күшке қарсы ғаламдық жұмысына атсалысады», деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Астанада шетел дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуінде. Терроризмге қарсы, жалпы әлемдік қауіп­сіздік тұрғысындағы Қазақ елінің ұстанымы осындай. Олай болса, терроризм мен экстремизмге қарсы заңнамалық негізді мейлінше қатайтқан абзал. Заңнаманы қатайтумен қатар, терроризмге қарсы идеологиялық күресті де пәрменді түрде жүргізіп, халықтың идеологиялық иммунитетін күшейте түсу қажет. Әйтпесе, бүлдіргі ағым арқылы санасы уланғандар халықтың өткен тарихын, дәстүрін мансұқтағаны өз алдына, террористік әрекет арқылы мемлекеттілікке, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін көзіміз көріп отыр. Ғабит  ІСКЕНДІРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»