Қазір футболдан Қазақстан премьер-лигасының нағыз қызған шағы. Әсіресе, чемпиондықтан басты үміткерлер – «Астана» мен «Қайраттың» арасындағы текетірес жанкүйерлердің делебесін одан әрі қоздырып тұр. Сондай-ақ, көпшілік бірінші айналымнан кейін-ақ премьер-лигадан «шығарып тастаған» Оралдың «Ақжайығы» да тур сайын түлеп, жарыстың көрігін қыздыруда. Өткен демалыс күндері ойналған
26-тур ойындары осындай тартысты сәттерге толы болды.
Турдың орталық кездесуі елордада жергілікті «Астана» мен «Қайрат» командалары арасында өтті. Отандық жанкүйерлер ерекше назар аударған бұл ойында Станимир Стойловтың командасының бабы келіспеді. Ал алғашы минуттардан бастап тізгінді қолға алған алматылықтар 5-минутта-ақ Асеведоның көмегімен есеп ашып үлгерді.
Екінші таймда да қарқынынан таймаған алматылықтар айналдырған алты минуттың ішінде екі гол соғып кетті. Алдымен, 62-минутта команда капитаны Бауыржан Исламхан мергендігімен көзге түссе, 68-минутта чемпионаттың сұрмергені Жерар Гоу қанжығасын майлады. Өз жанкүйерлері алдында намысқа тырысқан «Астана» ойыншылары 71-минутта Джордже Деспотовичтің голымен есеп айырмасын қысқартқан болатын. Арада 5 минут өткенде, «Қайрат» сапындағы ресейлік легионер Андрей Аршавин нәтижелі соққы жасап, ойынның нүктесін қойды.
Осылайша, 4:1 есебімен жеңіске жеткен «Қайрат» «Астанамен» арадағы ұпай айырмашылығын 4-ке дейін қысқартып, чемпиондықтан әлі де үмітті екенін аңғартты.
Еурокубоктык бәсекелерде бақ сынауға мүмкіндік беретін үшінші орыннан үмітті Павлодардың «Ертісі» бұл турда өз алаңында Шымкенттің «Ордабасын» қабылдап, 1:2 есебімен есе жіберді. Ал Көкшетауда жергілікті «Оқжетпес» «Ақтөбеден» ойсырай жеңілді (0:3).
Премьер-лигадағы орындарын сақтап қалу үшін «жан беріп, жан алысып» жатқан екінші алтылықтың командалары да айтарлықтай тартысты кездесулер өткізуде. Әсіресе, көш соңында келе жатқан Оралдың «Ақжайығы» төртінші тур қатарынан жеңіске жетіп, мықтылар сапында қалу мүмкіндігін сақтап қалды. Бұл жолы «Ақжайық» өз алаңында Қостанайдың «Тобылынан» басым түсті (1:0).