Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі министрліктің осы жылдың сегіз айында денсаулық сақтау мәселелері бойынша атқарған қызметі жайлы хабарлады.
Атап айтқанда, Республикалық санитарлық авиация бригадалары 1408 ұшырылым жасап, 1740 медициналық қызмет көрсеткен. Оның ішінде 1365 науқас тасымалданып, 289-ына кеңес берілген және 86 ота жасалған.
Тасымалданған науқастардың 70 пайызы облыстық және қалалық медициналық ұйымдарға, 30 пайызы Астана және Алматы қалаларындағы республикалық орталықтарға жатқызылған.
Аталған мерзім ішінде шетелдік емханалар мен медициналық ұйымдардағы еліміздің азаматтарына Астана және Алматы қалаларында емдеу шараларын жалғастыру үшін Пусан (Оңтүстік Корея), Цвейбрюкен (Германия), Анталия (Түркия), Прага (Чехия) Бішкек (Қырғызстан), Мәскеу (Ресей) қалаларынан 7 ұшырылым жасалған.
Сонымен бірге, 2016 жылдың 8 айында санитарлық авиацияның мобильдік бригадалары әртүрлі жарақат алған 425 пациентке, оның ішінде жол-көлік апатынан зардап шеккен 180 адамға медициналық қызмет көрсеткен.
Республикалық санитарлық авиация орталығының жұмыс істеу мерзімінде аса білікті мамандар тарапынан жоғары мамандандырылған медициналық көмектің шұғыл әрі уақтылы көрсетілуі нәтижесінде мыңдаған адамның өмірін сақтауға мүмкіндік болған.
«Егемен-ақпарат»