• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2016

Қайтарымы мол қайырымдылық

412 рет
көрсетілді

«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші зәру жандарға демеушілік көмек көрсетудің өзі қалталылардың қас-қабағына қарап қалған мына заманда қайырымдылық акцияларын өткізу аз қамтамасыз етілген әлеуметтік салаларға қаржы табудың бір көзіне айналып отыр. Міне, осындай қайырымдылық шарасы жақында Щучинск-Бурабай шипажай аймағында өткізілді. «CHARITY TOUR DE BURABAY 2016» деген бірегей брендпен өткен төртінші қайырымдылық велошеруін қалыптасқан дәстүр бойынша Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, «ASTANA PRO TEAM» командасының бас менеджері Александр Винокуров бастап шықты. Қайырымдылық велошеруін Ақмола облысы әкімдігі, «Rixos Borovoe» қонақ үйі және кәсіпкер Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры бірлесіп төртінші рет қатарынан ұйымдастырып отыр. Оған барлығы 500-ден аса адам қатысты, оның ішінде белгілі спортшылар, отандық және шетелдік ірі компаниялардың топ-менеджерлері мен қызметкерлері, түрлі мемлекеттік құры­лым­дардың басшылары бар. Спорт пен қайы­рымдылықты үйлестірген бұл мерекеге барлығы 1500-ден аса адам келді. Велошеру шипажай аумағындағы жалпы ұзындығы шамамен 30 шақырымға созылған табиғаты сұлу трасса бо­йымен өтті. «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының директоры М.Айтмағамбетовтің айтуынша, алдыңғы жылдары өткізілген велошерулердің қорытындысында 203 миллион теңге қаржы жиналып, Ақмола және Қызылорда облыс­тарының әлеуметтік мекемелеріне берілген. Мәселен, 2015 жылы өткізілген қайырымдылық вело­шерудің нәтижесінде Щучье сәбилер үйіне, Ақмола облысының мүгедек балаларға арналған интернатына, Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына және Қызылорда облысының мүгедек балаларға арналған №2 оңалту орталығына 105 млн теңгеден астам жалпы сомаға көмек көрсетілген. 2013 жылы ұйымдастырушылар науқан аясында 11,5 млн теңге жинай алған болса, 2014 жылы бұл сома 87 млн теңгеге дейін жетті. Биылғы «Charity Tour de Burabay-2016» велошеруін ұйымдастырушылар Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық балалар ауруханасына арнап қажетті меди­циналық жабдықтар сатып алу үшін 20 млн теңгеге қаржы жинауды көздеген болатын. Алайда, науқан кезінде жиналған қаржы көлемі күткеннен асып түсіп, 100 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Енді, жиналған қаржы Қызылорда облысын­дағы ең ірі және облыс орталығынан шалғай жатқан Арал ауданының орталық ауруханасында шала туылған нәрестелерге арналған көлік кювезін жабдықтауға жұмсалатын болады. Осының арқасында жаңа туған нәрестелерді, әсіресе, шала туылған сәбилерді сыртқы ортаның әсерінен жақсы қорғап, облыстық перинаталдық орталыққа жеткізу кезінде сәбидің өмірін аман сақтап, әрі қарайғы дамуына жағдай жасайтын қажетті микроотаны жасауға мүмкіндік пайда болмақ. Өз кезегінде Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының, Қазақстан Теннис федерациясының, сондай-ақ, отандық және халықаралық белгілі компаниялардың атынан лоттар қойылған қайы­рымдылық аукционы қаржы жинауға елеулі үлесін қосты деуге болады. Мәселен, қазақстандық боксшы, орта сал­мақтағы Олимпиада чемпионы Геннадий Головкиннің қолғабы ең танымал лоттардың біріне айналып, ол үшін бірнеше адам таласты. Нәтижесінде, Қазақстан мақтанышының қолғабы аукцион кезінде 8 млн теңгеге сатылды. «ASTANA PRO TEAM» командасы бірден үш лотты, атап айтқанда, Фабио Ару жаттыққан олимпиадалық велосипедті, Испаниядағы «Вуэльта-2016» веложары­сының ақтық кезеңіне баруға арналған 3 күндік сапарды және Винченцо Нибалидің Джиро д’Италия жарысында жеңіске жеткен кезде киген джерсиін бәссаудаға ұсынды. Винченцо Нибалидің жеңісті киімі 1 млн 450 мың теңгеге сатылған болса, қайырымдылық аукционның қатысушылары 200 метрлік қашықтыққа брасс тәсілімен жүзу бойынша 2016 жылдың Олимпиада чемпионы атанған Дмитрий Баландиннің қолтаңбасы қойылған футболка да тура осындай бағаға бағаланды. Мүмкіндігі шектеулі балалар салған суреттер аук­циондағы лоттардың ішінде ең жоғары бағаға сатылып, үш сурет үшін 11 млн теңге ұсынылды. Аукцион қорытындысы бойынша барлығы 49 млн 850 мың теңге жиналып, Қайырымдылық жәрмеңкесі кезіндегі саудадан түскен қаржыны, корпоративтік және жекелеген тұлғалардың жарналарын қосқанда, бұл сома 100 млн теңгеге дейін жетті. Жиналған бүкіл қаржы қайырымдылық мақсатта жұмсалатын болады. Қайырымдылық шарасына атақты спортшылар, атап айтқанда, Риодағы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Данияр Елеусінов (бокс), Василий Левит (бокс), Гюзель Манюрова (әйелдер күресі) қатысты.  Ұлан САНЖАР