• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2016

Жерұйық мекеннің жәрмеңкесі

373 рет
көрсетілді

Астанадағы Оқушылар сарайының алдында сенбі-жексенбі күндеріндегі демалыстың өзінде азаннан бастап тіршілік қыз-қыз қайнайтынын шаһар халқы жақсы біледі. Себебі «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясының аясында апта сайын елордада облыстардың арнайы күндері өтіп, аймақтардан жеткізілген азық-түлік керуендері дәл осы жерде аялдайды. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойына орай, отандық тауар өндірушілердің ауылшаруашылық өнімдері үшін апта сайын осы жерде жәрмеңке өткізіліп жүргеніне біраз болған.  Өткен 10-11 қыркүйек күндері де таң бозарып атқанда алаңда кезекті мәрте сауда шатырлары тігіліп, сөрелерге саналуан отандық өнім түрлері қойыла бастады. Әне-міне дегенше бағасы базар нарқынан әжептәуір арзан, құнары мол отандық өнім алуға келген адамдар иін тіресіп, жәрмеңке қызып сала берді. Бұл жолы елордалық тұтынушылардың талғамына Алматы облысында өндірілген тауарлар ұсынылды. Тәуелсіздік тойының қарсаңында жерұйық мекен – Жетісудан жеткі­зіл­ген тауарлардың түрлері де, көлемі де көңіл көншітерліктей. Жалпы салмағы 340 тоннадан асатын қырыққа тарта өнім түрлері сөреге қойылыпты. Оның ішінде 1,8 тонна жылқы еті, 7 тонна құс еті, 11,8 тонна балық еті, 13,8 тонна сүт өнімдері, 16,5 тонна күріш, 5,8 тонна ұн, 6 тонна қант, 3 тоннаға тарта қымыз бен шұбат, 4 тоннаға жуық бал, 16 мың дана жұмыртқа және басқа да қажетті дүниелер бар. Мұқағали Мақатаев «Аясында Алматы тыныстаған» Жетісу жері әуел бастан алмасымен әйгілі емес пе?! Алматы облысының жәрмеңкесін алмасыз елестету қисынсыз болар еді. Астанаға осы жолы 100 тоннадан астам алма мен өзге де жеміс-жидек түрлері, 47 тонна картоп жеткізіліпті. Астаналықтар үшін жәрмеңке таңсық еместігі түсінікті. Аймақтардан келген азық-түлік керуендерінің қай жерге ат шалдырып, сауда жасайтынын шаһар халқы біліп алған. Дегенмен басқа жәрмеңкелерге қарағанда, осы жолы сатып алушылардың қатары көп болғандай әсер қалдырды. Иін тірескен жұрт әр сөренің алдында кезек күтіп, қызу сауда жасап жатты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сексенбай Бекішев: – Биылғы жыл еліміз үшін берекелі де мерекелі жыл болып тұр. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тойлануда, жыр алыбы Жамбыл бабамыздың 170 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтіп жатқаны және бар. Осындай толайым тойға алматылық шаруалар, кәсіпкерлер зор табыспен жетіп отыр. Біздің өнімдеріміз сапалы, құнарлы, барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға жауап береді деп айта аламыз. Мал өнімдері де, көкөністер де сұранысқа ие. Соның арқасында бүгінгі жәрмеңкеде сауда жақсы жүріп жатыр. Біз ешқандай делдалсыз, шаруалардың өздеріне өнімдерін сөреге жеткізуге жағдай жасауға тырыстық. Олар өндіріп қана қомай, оны жұртшылыққа ұсынудың да жолдарын меңгеруде. Еңбектерінің жанғанына кәсіпкерлеріміз де қуанышты, біз де қуаныштымыз, – дейді. Оның айтуынша, жәрмеңкеге облыстың 16 ауда­нында, 3 қаласында әзірленген тауарлар жеткізіліпті. Қазір тосап қайнату маусымы әлі толастай қоймағаны белгілі. Содан болар базардағы бағадан біршама арзан, килосы 260 теңгеден сатылған қантты қапшықтап көтеріп кеткендердің қарасы көп болды. Осы орайда Алматы облысы қазіргі таңда еліміздегі басты қант қызылшасын өндіруші өңірлердің бірі екенін айта кеткен ләзім. Шикізатты дайын өнімге айналдыруда да облыс әкімдігі толайым тірліктерді тындырып жатқаны байқалады. Облыста биыл қант қызылшасы бітік шықты, яғни құмшекер де көп болады деген сөз. Облыс әкімдігі өндірісті одан әрі дамыту үшін инвесторларды жұмылдыруда өзге аймақтарға үлгі көрсетіп отыр. Инвесторларды тартудың арқасында өткен жылы Көксу ауданындағы қант зауыты іске қосылғаннан бері облыс тәттіден тарықпайтын жағдайға жеткен. Ал Ақсу ауданындағы алдағы уақытта қант зауытының жұмысы жанданған соң, Алматының қанты облыс пен республикаға ғана емес, экспортқа шығаруға жетеді деген жос­пар бар. Айтпақшы, осыдан бірер ай бұрын Астана әкімі Әсет Исекешев елордадағы базарларды аралап, бағаларды көріп, журналистер арқылы тұрғындарға жуық арада бағаны түсіруге уәде бергені белгілі. Әкім облыс әкімдіктерімен келісімге қол жеткізіліп жатқанын, соның арқасында өңірлерден бас қалаға дейін келетін азық-түлік керуендеріне ешқандай кедергі келтірмейтін «жасыл дәліз» қалыптастырылатынын айтқан еді. Жәрмеңкеге келген халықтың көңіл күйіне қарағанда, әкімдік осы уәденің үдесінен шықты деуге болатын сыңайлы. – Күнделікті тұтынатын азық-түлікті апта сайын осы жәрмеңкеден аламыз, ең керекті деген тауарлар бар. Бағасы да біршама арзан. Әсіресе, көкөніс арзан. Бұл көп балалы отбасылар, біз сияқты зейнеткерлер үшін тиімді, – дейді апта сайын жәрмеңкеге келуді әдетке айналдырған Маржан Хамзақызы есімді тұрғын. Ырысы тасыған, қойнауы құт Жетісу өңірі жыл санап экономиканың басқа салаларымен қатар, ауыл шаруашылығын да қарышты дамытуды қолға алғаны байқалады. Еліміздегі басты аграрлық өңірлердің бірі саналатын облыс, әсіресе бау-бақша дақылдарымен мақтанатындай дәрежеде. Биылғы жылдың алғашқы 6 айында Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Талғар аудандарындағы жылыжайларда 1 277 тонна көкөніс өсірілгені осының бір нышаны. Өсірілген көкөніс түрлерін ысырап қылмай сақтау жағы да ойластырылған. Ол үшін өңірде 154,6 тоннадан астам өнімді сақтауға арналған қоймалар салынған екен. Топырағы құнарлы, шөбі шұрайлы Жетісу өңірі мал шаруашылығын дамыту ісінде де ауыз толтырып айтатын жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда сиыр малының саны 2,1 пайызға, жылқы басы 3,2 пайызға, қой-ешкі сынды ұсақ малдың қарасы 2,2 пайызға көбейген. Сәйкесінше өндірілген ет көлемі де ұлғайыпты. Алматы облысының Астанадағы күндерінің аясында аймақтан келген де­ле­гация тауар өндірушілердің ауылшаруа­шылық жәрмеңкесін ғана емес, кітап пен сәнді-қолданбалы өнер көрмелерін, мерекелік концерттер өткізуге де мұрындық болды. Шараның басы-қасын­да аймақ әкімі Амандық Баталов пен Астана әкімі Әсет Исекешев жүрді. Астанада апта сайын өтетін жәрмең­келер легі толастамақ емес. Алматы облысынан кейінгі кезек Батыс Қазақстан об­лысына келіп тұр. Яғни осы аптаның сен­бі-жексенбі күндері елордадағы сауда шатырларының сөресінде Батыс Қазақ­стан облысы ауылшаруашылық тауар­ларының өнімдері самсап тұруы тиіс. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»