• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2016

Жасампаздық жылнамасы

405 рет
көрсетілді

1993 * 13 ақпанда «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы» Заңы баспасөзде жарияланды. * 14 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Египет Араб Республикасына алғашқы ресми сапары кезінде ел президенті Хосни Мүбәракпен келіссөз жүргізді. Келіссөз аяқталғаннан кейін президенттер Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынас негіздері туралы шартқа қол қойды. Бұл сапар жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінің 18 ақпандағы нөміріне «Африка ашса құшағын, Қазақстан қарап қалмайды. Ол да ынты­мақ­тастық қолын созады» тақырыбымен мақала шықты. * 18 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Қа­зақ­­станд­ағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям X. Корт­­ни­ді оның өтініші бойынша қабылдады. Дипломат Мем­лекет бас­шысына АҚШ президенті Билл Клинтонның жеке хатын табыс етті. Кездесу кезінде ядролық қарусыздану мәселесіне мән берілді. *25 ақпанда Президент Жарлығымен Т.О.Әубәкіров Қа­зақ­стан Республикасы  Министрлер кабинеті жанындағы Ұлт­тық аэроғарыш агенттігінің бас директоры болып тағайындалды. * 26 ақпанда Мәскеуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Борис Ельцин бастаған Ресей және Қазақстан мемлекеттік делегацияларының келіссөзі аяқ­талды. Президенттер әскери-өндірістік кешеннің күш-қуа­тын пайдалануды үйлестірудің мақсаттылығы және оны кон­вер­сиялау туралы, «Байқоңыр» ғарыш айлағын және басқа поли­гондарды екі ел халық шаруашылығының мүддесіне пайда­лану туралы ортақ пікірге келді. Осы күні «Қазақстан Респуб­лика­сының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңы өз күшіне енді. * 3 наурызда Мемлекет қарамағынан алу және жекешелен­діру жөніндегі 1993-1995 жылдарға арналған ұлттық ба­ғ­дарлама талқыланды. Облыс әкімдерінің және министрліктер мен ведомстволар басшыларының қатысуымен өткен кеңесте Президент Н.Ә.Назарбаев құжаттың маңыздылығы жағынан жақында қабылданған Конституциядан кейінгі екінші бедерлі белес болатынын қадап айтты. * 5 наурызда Президент Н.Ә.Назарбаев «Мемлекеттік кәсіп­орындарды акционерлік қоғамдар етіп қайта құру жөнін­дегі ұйымдастыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. * 20 наурызда Президент Н.Ә.Назарбаев республика хал­қы­на Наурыз мейрамына орай құттықтау жолдады. «Көктем шуағымен бірге жететін Наурыз мейрамы біздің бәріміздің жүректерімізге жылылық құйсын, бір-бірімізге деген достық көңілімізді арайландырып, ізгіліктің сәулесін төксін», деп тілек білдірді Елбасы. * 25 наурызда Республика қауіпсіздік кеңесінің мәжілісі өткізілді. Кеңесті ашқан Президент Н.Ә.Назарбаев бұдан былай бұл кеңес конституциялық орган болып табылатындығын айтты. * 1 сәуірде Жоғарғы Кеңестің сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заң жобасы талқыланды. Пікір алмасу барысында «Халық қаһарманы» атағы, «Отан», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары қабылданды. Жобадағы «Ардақты ана» құрметті атағы және «Ана мерейі» күміс алқасы жөнінде талас өрбіп, депутат Шерхан Мұртаза: «Аналардың бәрі ардақты, егер ол баласын тастап кетпесе, бұзық жолға түспесе. Орысшалағанда «Почетная мать» болып шығады. Дүние жүзінде мұндай атақ қәне. Ерсі естіледі», дей келіп, «Алтын алқа», «Күміс алқа» деген атауларды ұсынды. Қазіргі қолданылып жүрген заң бойынша осы құрметті атақтар беріліп келеді. * 6 сәуірде Алматыдағы Достық үйінде Президент Н.Ә.Назарбаев пен «Шев­рон» корпорациясының басқарма төрағасы және өкімші директоры Кеннет Т. Дерр 40 жыл мерзімге есептелген «Теңіз-Шеврон»/«ТенГизшевройл»/ бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімшартқа қол қойды. * 8 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде экономиканы тұрақтандыру және нарыққа көшу кезеңіне арналған «Дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар және әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдету бағдарламасы» жарияланды. Жоғарғы Кеңестің тоғызыншы сессиясында қаралған бұл бағдарламаны Президент Н.Ә.Назарбаев бекітті. * 9 сәуірде Түркия Президенті Тұрғыт Өзал Қазақстанға рес­ми сапармен келді. Түр­кия делегациясы Қазақ­станға халықаралық экономикалық көмек берілуіне бағытталған өз күш-жігері туралы хабардар етті. * 10 сәуірде Түр­кия Президенті Тұрғыт Өзал мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында болып, Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тағзым етті. Осында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ресми ашылу салтанаты өткізілді. Рәсімде екі елдің басшылары сөз сөйледі. * 12 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцинмен, Әзербайжан Президенті Әбілфаз Елшібеймен және Армения пре­зи­денті Левон Тер-Петросянмен Таудағы Карабақ төңірегінде қалыптасқан жағдай жөнінде телефон арқылы сөйлесті. * 15 сәуірде Президент Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Венгрия Республикасындағы, Бельгия Корольдігіндегі, Египет Араб Республикасындағы елшіліктерін ашу туралы жарлықтарға қол қойды. * 18 сәуірде Алматыда Бүкілдүниежүзілік экономикалық форумның көшпелі сессиясы жұмысын бастады. Оған әлемнің 30-ға жуық елінен іскер топтардың беделді өкілдері келді. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев форумда сөз сөйледі. * 21 сәуірде кенеттен қайтыс болған Түрік Республикасының президенті Тұрғыт Өзалмен қоштасу рәсіміне қатысу үшін Ыстанбұлға келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Премьер-министрі Сүлеймен Демирелмен, Германия Президенті Рихард фон Вайцзеккермен, АҚШ вице-президенті Альберт Гормен, Әзербайжан Президенті Әбілфаз Елшібеймен, Армения Президенті Левон Тер-Петросянмен, Грузия парламентінің Төрағасы Эдуард Шеверднадземен, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Әли Әкбар Велаятимен, АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен, басқа да лауазымды адамдармен қысқаша кездесулер өткізді. * 26 сәуірде Австрия Республикасының Федералдық канцлері Франц Враниц­­кий ресми сапармен Алматыға келді. Бұл Австрия басшысының Қазақстанға екінші сапары болатын. Қазақстан Президенті кездесу барысында елдер арасындағы ынтымақтастықтың болашағына қатысты екі жақтың пікірлерінің сәйкестігі арта түскендігін атап көрсетті.