• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2016

Жаңа үкіметтің алғашқы отырысы

235 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жаңа құраммен алғашқы Үкімет отырысын өткізді. Онда жуырдағы  кеңейтілген отырыста Үкіметке Елбасы тапсырған мәселелер талқыланып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жайы қаралды. Жаңа құрам дегенмен, Үкіметте айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Оны жаңа басшының өзі де айтып өтті. Сондай-ақ, бұлай болуының бір себебі, қазіргі Үкімет мүшелеріне Елбасының сенімділігінде, дейді Премьер-Министр. Біздің бәрімізге көрсеткен үлкен сенімі деп қабылдауымыз керек. Сондықтан Үкімет мүшелерінің атынан және жеке өзімнің атымнан Елбасына көрсетіп отырған қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтқым келеді, деді Б.Сағынтаев. Одан соң  Үкіметтің жаңа мүшелерін қысқаша таныстырып, бірден негізгі мәселеге көшті. Кеңейтілген отырыстағы Елбасы берген тапсырмаларға тағы бір тоқталып, нақтылай түсті. Осы тапсырмалар үшін сұраныс қатаң болады. Оның барлығы белгі-ленген мерзімде және сапалы орындалуы тиіс. Сондықтан бәрімізді қауырт жұмыс күтіп тұр. Елбасымен бірге баратын сапарлар болмаса, бүкіл шетелдік сапарларды жылдың соңына дейін қоя тұру қажет. Аса бір қажеттілік туындай қалса, онда менің жеке өкіміммен шығасыздар. Еліміздің өңірлеріне жасайтын сапарларға да келісіп барасыздар. Сіздер Үкімет тарапынан қандай шешімдер керек, тез арада анықтап, ұсыныс енгізіңіздер. Біз қабылдаған шешімдер қарапайым xалыққа түсінікті болуы тиіс. Біздің кез келген шешіміміз жұртшылыққа тез арада жетіп, мақсат-міндеттерді үнемі түсіндіріп отыруы қажет, деді Үкімет басшысы. Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкімет алдында тұрған маңызды мін­дет­тердің бірі халықты баспанамен қам­тамасыз етудің кешенді қадамы ретінде «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеу болатын. Осыған байланысты Ұлт­тық экономика министрлігіне облыс әкім­дерімен, мүдделі мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Аталған бағдарламаға қолда­ныстағы бағдарламалардағы баспанаға қатысты мәселелердің барлығы шоғыр­ланады. Бұл ретте Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қол­даныста бар жер қорына тиісті сараптама жүргізуді, ал өңір әкімдеріне бас жоспарларының өзгеруіне қатысты тиісті ұсыныстар жолдауды тапсырды. Бұл жаңа бағдарламаның әлеуметтік маңыздылығы жоғары. Сондықтан оны қоғам мүшелерімен тиянақты талқылау керектігі айтылды. Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеген тағы бір тапсырмасы ағымдағы жылғы бюджетті нақтылау. Бұл ретте, Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Үкімет бюджетте тиісті қаржы шығындарының алдағы үш жылдық бюджетте қамтамасыз етілуін қадағалайды. Сондай-ақ, Үкімет АӨК бойынша жаңа міндеттерді қолға алмақ. Осы орайда, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне елдің қаншалықты инфра­құрылымдармен қамтамасыз етілге­нін анықтауды, Ұлттық экономика министрлігімен және әкімдіктермен бір­лесе отырып, тиісті шараларды қабыл­дауды тапсырды. Осы мәселелердің шешілуі АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының негізіне енеді. Премьер-Министр сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне көліктік инфрақұрылымдар бойынша жобаларды жүзеге асыруды жылдамдатуды жүктеді. Үкімет басшысы елдегі инфляция көлемін төмендету тапсырылғанын да еске сала кетті. Ұлттық экономика министрлігіне биыл аймақ әкімдерімен бірге бағалардың тұрақтылығын қам­тамасыз етуді және табиғи монополиялар қызметінің тарифтерін өсірмеуді тапсырамын,  деді Б.Сағынтаев.  Сонымен қатар, бизнесті қолдау құралдарын одан әрі жетілдіру және мемлекеттік-же­ке­меншік серіктестік қолдану тетіктерін енгізу бойынша тапсырмалар берілді. Үкімет отырысында бұдан әрі ағым­дағы жылдың нақтыланған бюджетіне қа­тысты бірнеше құжат қаралды. Бұл ретте әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы бойынша Ұлт­тық экономика министрі Қуандық Бишім­баев баяндады. Сіздердің қарауларыңызға екі құжат енгізіліп отыр, яғни біріншісі – Қазақстан Рес­публикасының 2016-2020 жылдарға ар­налған әлеуметтік-экономикалық дамуы­­ның нақтыланған болжамы, ал екін­шісі  – «Қазақстан Республикасының Ұлт­­тық қорынан 2016-2018 жылдарға арнал­­ған кепілдендірілген трансферт тура­лы «Қазақстан Республикасының Заңы­­на өзгерістер енгізу туралы» Қазақ­стан Рес­публикасы заңының жобасы, деді министр. Министрдің мәліметіне қарағанда, әлемдік экономиканың ағымдағы жағ­дайын, тауар нарықтарындағы конъюнк­тураны және ағымдағы жыл басынан бері Қазақстан экономикасы салалары­ның даму қорытындыларын ескере отырып, 2016 жылға арналған макроэко­номикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды. Бұл ретте мұнайдың орташа жылдық бағасы бір барреліне 30 АҚШ долларынан 35 АҚШ долларына дейін өсті. Металл бағаларының өзгеру индексі 2015 жылға 15,0 пайыз деңгейден 12,7 пайызға дейін төмендеді. АҚШ долларының орташа жылдық есептеу бағамы 1 АҚШ долларына 360 теңге деңгейінде сақталды. Ағымдағы жылғы қазан айында «Қашаған» кен орны іске қосылуының жоспарлануына байланыс­ты мұнай өндіру көлемі 74,0 млн тонна­дан 75,5 млн тоннаға дейін өсті, деді Қ.Би­шімбаев. Сондай-ақ, ол биыл ІЖӨ-нің өсуі бұ­рын мақұлданған 0,5 пайыз деңгейінде қалатынын айтты. Ал номиналды ІЖӨ 44 трлн 354,0 млрд теңге көлемінде бол­жанып отыр, бұл – ақпан айында мақұл­данған көрсеткіштен 187,5 млрд тең­геге артық. Ал халықтың жан басына шақ­қандағы ІЖӨ-сі 6,9 мың АҚШ долларын құрайды. Отырыста 2017-2018 жылдарға ар­налған республикалық бюджет жобасы бойынша Қаржы министрі Бақыт Сұл­танов баяндады. Бюджеттің шығыс бөлі­гін нақтылаудың басты мақсаты – тиімді жұмыс орындарын құру, эконо­микалық өсімді ынталандыру. Осы ба­ғыттарға 283,4 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр,  деді Б.Сұлтанов. Бұдан бөлек, үш негізгі блок бойынша бюджет шығыстарын арттыру көзделіпті. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп секторын қолдауға қосымша 97,3 млрд теңге бөлу қарастырылады. Индустриялық-инновациялық дамудың екінші кезеңіне қосымша 112 млрд теңге көзделеді.  Ал көліктік инфрақұрылымды дамытуға 74 млрд теңге бөлінетін болады, деді министр. Сонымен қатар, ағымдағы бюд­жетті нақтылауда әлеуметтік тұрақ­тылықты сақтаудан бөлек, мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытына да бюджеттен қосымша қаражаттар қарастырылып отыр екен. Бюджет жобасында осы мақсаттар үшін күш құрылымдары бағыттарына қосымша қаражат 72 млрд теңге шамасында бөлінбек. Қаржы министрінен соң Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық банктің негізгі индикаторлары туралы әңгімеледі. Бас банкирдің айтуынша, жыл соңына дейін еліміздегі инфляцияның болжанған деңгейден асып кету қаупі бар. Алайда, Үкімет пен жергілікті ат­қа­рушы органдар баға мен тарифтердің өсіп кетуіне жол бермеу бойынша шара­лар кешенін іске асырған жағдайда 2016 жылы инфляцияны бекітілген дең­гейде ұстап тұруға болады. Бұл ретте Ұлт­тық банк өз тарапынан ақша және валю­та нарықтарында тұрақтылықты қам­тамасыз етуге бағытталған айқын ақша-кредиттік саясатын жалғастыруды қам­тамасыз етеді, деді Д.Ақышев. Отырыстың қорытындысында Әлеу­меттік-экономикалық даму болжам­дары мен заң жобалары мақұлданды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»