• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2016

Қостанайда театрдың бұрынғы директорына қатысты сот басталды

273 рет
көрсетілді

Қостанайда І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының бұрынғы директоры Нұрлан Ерекешевке, бұрынғы бас бухгалтер Гүлзада Бектұрсыноваға және бухгалтер кассир Меңсұлу Күлтаеваға қатысты сот ісі басталды. Олардың үшеуі де алдын ала келісіп, ұйымдасқан түрде мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынға бөлінген бюджеттік қаржыны аса ірі көлемде ұралағаны үшін айыпталып отыр. Театрдың 2011 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың наурызына дейінгі есеп-қисап материалдары бойынша тексеру органдары анықтағандай, директор Н.Ерекешев өзінің лауазымдық қызметін пайдалана отырып, бас бухгалтер Г.Бектұрсыновамен және кассир М.Күлтаевамен алдын ала келісіп, сыбайластықпен аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырған. Кассир М.Күлтаева банктегі есеп айырысу шотынан шығыс-кассалық ордер бойынша қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, шығарып алып отырған. Осылайша оны үшеуі бөлісіп келген. Ал Бектұрсынова ұрланған қаржының ізін бухгалтерлік құжаттармен жауып келген. Әрине, оларға директор Н.Ерекешевтің қолы қойылады және ол бухгалтер мен кассирді қамқорлығына алған. Алғашқы сот отырысының өзінде куәгерлердің сөзінен тексеріс кезінде кіріс және шығыс-кассалық құжаттардың қайтадан жасалғаны мәлім болды. Сондай-ақ адамдардың қолын сырттай қойып, олардың атына жалған құжаттар толтырылып, ақша жазған фактілер де молынан кездесті. Қысқасы, осындай «әдіс-тәсілдермен» театр директоры Н. Ерекешев бастаған қылмыстық топ 2011 және 2016 жылдар аралығында бюджеттен театрға деп бөлінген 163 миллион теңгеге қол салған. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 176-бабы 4-бөлімінің «б» тармағы, 314-бөлімнің 1 тармағы бойынша, яғни өзгенің сеніп тапсырған мүлкін аса ірі көлемде ұрлағаны және талан-таражға салғаны, лауазымын пайдалана отырып, жалған құжаттар жасағаны үшін айып тағылды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА