• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2016

Тақтадағы тайталас тәмамдалды

224 рет
көрсетілді

Әзербайжанның астанасы – Бакуде қыркүйектің 2-сінде басталған Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы 14-інде өзінің мәресіне жетті. Турнир швейцариялық жүйе бойынша 11 тур бойынша өткізілді. Әрбір команда сапында 4 негізгі және 1 қосалқы ойыншы өнер көрсетті. Каисса сарбаздарының күресі қорытындысында ерлер құрамалары арасында АҚШ, Украина және Ресей шахматшылары алғашқы үш орынға орналасты. Үздік ондықтың қалған орындарын осы реттерімен Үндістан, Норвегия, Түркия, Поль­ша, Франция, Англия және Перу коман­далары толықтырды. Осы додада Қазақстан жасағы 28-орынға табан тіреді. Посткеңестік елдерден біздің алдымызға Әзербайжан (12-орын), Беларусь (14), Латвия (17) және Грузия (24) түсіп кетті. Әйелдер арасындағы бәсекеде жүлделі үштікті Қытай, Польша және Украина спортшылары түзді. Ондықтың қалған орындарына Ресей, Үндістан, АҚШ, Вьетнам, Әзербайжан, Израиль және Грузия жайғасты. Біздің қыздар 37-орыннан табылды. Жарыстың соңғы күні алтын медальдің басты үміткерлері – АҚШ және Украина ерлер құрамалары кезекті қарсыластарын жеңіп, 20 ұпайдан жинады. Бұдан кейін қосым­ша көрсеткіштерді сарап­қа салуға тура келді. Ол Құрама Штаттар шах­мат­шыларын бірінші орынға шығар­ды. Осы күні Қазақстан коман­дасы Литваны 2,5:1,5 етіп тізе бүк­тір­ді. Олимпиада қорытындысында жігіттер арасында филиппин­дік Еугенио Торре – бірінші, канадалық Эрик Хансен – екінші, украиналық Антон Волокитин үшінші орындарға шықты. Біз­­дің командадан Мұртаз Қажы­ғалиев – 90-шы, Әнуар Ізмағамбетов – 92-ші, ал Азамат Өтеғалиев 107-ші болды. Әйелдер бәсекесінде Қытай мен Ресей бетпе-бет келіп, бұлардың алдың­ғылары жеңіске жетті. Сөй­тіп, бас бәйгенің тағдыры шешілді. Ал ресейліктер жүлделі орынның шең­берінен шығып қалды. Қазақ­стан қыздары соңғы турда Беларусь командасынан 1,5:2,5 есебімен жеңіліс тапты. Қыздар арасында грузин Нино Бациашвили – бірінші, қытайлық Жангию Тан – екінші, поляк Клаудиа Кулан үшінші орындарды еншіледі. Қазақ­стан­дықтар арасынан Шолпан Жыл­қайдарова (113), Жансая Әбді­мәлік (137) және Гүлмира Дәулетова (146) үздік 150-ліктің шеңберінен көрінді.   Дамир ҚОЖАМҚҰЛ