• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2016

Еркіндікті сүйетін Елена

300 рет
көрсетілді

Өмір деген кинодағы кез келген кейіпкердің орны мен ойнайтын рөлі болатыны белгілі. Бірақ кейде екі адамның бейнесін бір адам сомдап жүргенін көргенде, еріксіз таңғаласың. Пендесінің пешенесіне қаншама қабілетті қалай сыйғызған деп Жаратқанның құдыретіне тағы бір бас иесің. Оның негізгі мамандығы – журналист. Алматыда дүниеге келіп, АҚШ-та білім алды. Әр жылдары радиода, комедиялық шоуларда тілші, редактор болып қызмет ат­қар­ды. Бірнеше рет «Эмми» сый­лығының лауреаты атанды. АҚШ-тағы RegLight галереясында суретші болып қызмет етті. Ол кім дейсіз ғой? Ол өнерлі отбасының бір мү­шесі – Елена Таракова. Өткен аптада­ Ас­танадағы Ресей Ғылым және мәдениет орталығында Елена­ның еңбегін таныстырып, шығарма­шылы­ғынан сыр шертетін сурет көр­месі ашылды. Қазақстанда тұңғыш рет­ ұйымдастырылған көрмеге муль­типликациялық cтильде салынған 39 картина қойылған. Экспозицияны тамашалауға келгендердің арасында қылқалам шеберінің атасы мен әкесі, елімізге танымал суретшілер мен журналистер және көрме иесінің достары болды. – Мен шығармашылыққа жақын адамдардың отбасында өскендіктен, сезімге тез бой алдырғыш, қиялға берілгіш болып қалыптастым. Әр туындым менің бір-бір перзентім секілді. Оларды жаныммен жақсы көріп, жүрегіммен беріліп саламын. Сала­тын дүниемнің тарихымен жете танысып, ойланып, толғанып, қыр-сы­ры­на қанық болғанда ғана оны орынд­­ауға кірі­семін. Бір суретті салу­­ға кете­тін уақыт туындының көле­­міне және күрделілігіне байла­ныс­ты болады. Тапсырыспен сурет са­ла­тынымды жасырмаймын. Ала­й­да, менің тапсырыс берушіге қоя­тын бір талабым бар: маған еш­қан­дай шектеу қойылмауы керек. Сурет­­тері­м­нің сюжетін ойдан емес, өмір­­­­д­ен аламын, – деді ол. Елена ең бірінші ш­ы­­ға­р­ма­шы­­лық еркіндікке ерекше мән бе­ретінін айтты. Оған се­беп, ал­ғаш­қыда ол суреттерін қатып қалған қағидамен, талап-тәртіп­пен салуға тырысқан. Бірақ шы­ғар­машылық туындылар шынжырға байлап, тәртіпке бағындыруға көнбейтін көңілдің қалауы мен жүректің алауынан туындайтын сиқырлы сыйлық сияқты. – Маған алдымдағы суретші­лер­дің сөздері қатты әсер етті. Олар суретті белгілі шеңбермен, шек­теумен салсам, өзгелерден еш айы­рмашылығым болмайтынын түсін­дірді. Ал мен ешкімге ұқса­майтын өзіндік қолтаңбамды қалыптастырғым келді. Әу баста суретті қызығушылықпен, қазір құштарлықпен саламын. Мен үшін бүгінгі экспозициядағы суреттердің барлығы қымбат, барлығы құнды. Көрмеде «Піл» деген картина тұр. Оны мен анама арнап салдым. Бұл картинаны ешкімге, ешқашан, ешқандай ақшаға сатпаймын, – деді суретші-журналист. Қалам мен қыл қаламды серік ет­кен сұлудың бұған дейінгі көр­месі АҚШ-та өткен. Махаббаты мен ма­ша­қаты қатар жүретін қос өнер сала­сының да салмағы ауыр. Біреуінде ойланып жазасың, екіншісінде толғанып саласың. Түптеп келгенде, екеуі де тарих, екеуі де тәрбие, екеуі де естелікке айналатыны айқын. Аталмыш көрме Астанадағы Ресей Ғылым және мәдениет орта­лығында қыркүйектің 23-не дейін жалғасады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»