Дін мен ғылым арасындағы қарым-қатынастарға да жеңіл-желпі қарауға, болмаса қайшылықтарды ымыраға келмейтін кереғар жақтар деп түсінуге тағы болмайды.
2009 жылдың 12 ақпанында Еуропа ғылыми қауымдастығы Чарльз Дарвиннің туғанына 200 жыл толуын атап өтті. Дарвинизм теориясы әлі де әлемді абыржытуда. Мұсылмандар онымен ымыраға келмей, жоққа шығарса, басқалар жартылай мойындайды, үшіншілер оны толық қабылдайды. Пікір-талас әлі жалғасуда. Католиктер ортасында дін мен ғылым арасындағы адамның пайда болуы туралы айтыс бірте-бірте мәмілеге келетін сияқты. Бүгін бірқатар христиандық шіркеулер Ч.Дарвиннің эволюциялық іліміне қарсы емес, адамдардың биологиялық, физиологиялық жағынан жануарлармен ортақ ұқсастықтары барлығы айтыс тудырмайды, ал оның жанының иесі Құдай дегенге тоқтайды.
Адамның тәні мен жаны сияқты ел халқының болмысына етене жақын, сіңіскен дінді мемлекеттен түгел ажыратуға болмайды. Осылай адамзат екі билікке бас иеді, дінге және зайырлы мемлекетке деген қағида қалыптасып келеді. Атеистердің жөні бөлек. Мемлекет адамдардың тәнін билесе, ішіп-жеуін, тұрмыстық жағдайын, денсаулығын реттесе, Жаратушы о дүниеде де, бұл дүниеде де адамның жанын билейді. Қазақ ойшылдары «жан дүниеге қонақ екен, дүние деген шолақ екен» деп талай айтқан. Дін адамдар Алла алдында бірдей десе, мемлекет адамдар заң алдында бірдей дейді. Мемлекет өз адамдарына елдің азаматы ретінде қараса, дін адамдарға Алланың сүйіктісі ретінде қарайды. Осы тұста зайырлы қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана үйлесіп жатыр.
Ғылыми және діни көзқарастар қарым-қатынасы әсіресе, христиан дінінде күрделі. 2012 жылы Ресейдің Ұлттық ядролық зерттеу орталығында (МИФИ) теология кафедрасы ашылып, оны Волоколам митрополиті Иларион басқарды. Ғылыми кеңестегі сөзінде ол кафедра дін мен жаратылыстану білімі арасында пікір алмасуға мүмкіндік туғызды, ал осындай пікір алмасу жаратылыстану біліміне де, дінді қолдаушыларға да керек. Бірқатар физиктер бұл жаңалықты өрескел қылық, дін мен ғылым адамдар харекетінің мүлде бөтен салалары, деді. Бұл парықсыздық, конституцияға да қайшы және біз төлейтін салық есесінен істеліп отыр деген қарсылық пікірлер айтылды.
Басқалары мұндай кафедраның ашылуы саяси конъюнктура, мемлекеттің дінге бетбұрысын қолдап, ағымға бейімделу, деді. МИФИ студенттерінің айтуынша, егер ғылыми орталықта теология кафедрасы ашылса, онда діни семинарияда жаратылыстану ғылымдары терең оқытылуы керек деп есептейді.
Еуропа мемлекеттері барлық діни топтар мен ынтымақтасуға ықыласты, бірақ барлығына бірдей бейімді емес, діндерге үлкен таңдау, талғампаздық танытады. Қоғамның іргелі тарихи құндылықтары, мәдениеті мен үйлесетін діни бірлестіктермен жарасымды қарым-қатынас орнату басты мақсатқа айналса, басқаларға тек төзімділік қана танытады, кейде қысым да жасайды.
Ресей физиктері дін туралы пікір таластырып жатқан тұста, 2012 жылы қазанның 25-імен 28-і аралығында Рейдельберг университетінде әр жыл сайын ұйымдастырылатын дін мен ғылымның өзара байланысына арналған конференция өтті. Ешқандай дау, талас болған жоқ. Ресейдегі айтыстың себебін талай жылдар бойы ғылым мен діннің қарама-қарсылығы туралы идеологияның ызғарынан деп түсініп келген еді дінді қолдайтын ғалымдар.
Дәстүрлі дінді ұстанбаған ғылымның құдіретін сезіндіруші Эйнштейн айтқан: «Мен Құдайдың әлемді қалай жаратқанын білгім келеді. Оның құдіретін ұғынғым келеді. Қалғанының бәрі ұсақ-түйек». Ол табиғат құбылыстарына араласатын, адамдар тағдырын билейтін үрей мен үміттің көзі болатын Құдайды мойындамайды.Әлемді келістіріп, үйлестірген Жаратушы барлығына сенеді. Інжілдің Құдай барлығын өлшеммен, санамен, салмақпен үйлестіріп жасады дегеніне қарсы емес.
Дін мен ғылымның өзара қатынасы бүгін ғылымды да, дәстүрлі діндерді де қызықтырып отыр. Ғылымның соңғы жаңалықтарын жаратылыстану, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар тұрғысынан да ой елегінен өткізуге бүгін Қазақстанның ғылым-білім қауымдастығы да мүдделі.
Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының
докторы, профессор
АҚТӨБЕ