World University Rankings QS (Ұлыбритания) беделді рейтингтік агенттігінің зерттеу қорытындылары бойынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 236-орыннан көрініп, әлемнің 250 үздік университеті қатарына енді. Айта кетерлігі, бұл топқа ТМД елдерінен екі жоғары оқу орны – Ломоносов атындағы ММУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана кірді. Осылайша жетекші қазақстандық университет Орталық Азия мен ТМД-дағы теңдессіз көшбасшылығын тағы да дәлелдеді.
Халықаралық рейтингте жоғары бағалануына университетте заманауи талаптарға сай жүргізілген
кешенді құрылымдық жаңартудың ықпал еткені анық. Нәтижеге бағытталған процестік менеджмент, басқару жүйесі және еңбекті рейтингтік бағалау енгізілді. Сондай-ақ, жоғары әлемдік талаптарға сай әрі халықаралық аккредиттеуден өткен эксперименттік білім беру бағдарламалары дайындалып енгізілді, ғылыми-зерттеу жұмыстары да белсенді жүргізілуде.
Рейтингі жоғары шетелдік ғылыми журналдарда Қазақстанның атынан жарияланған әрбір үшінші мақала ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. Мемлекеттік-жеке серіктестік қағидалары негізінде бірегей нысандар салынып, университет кампусының инфрақұрылымдық құрылыстарының екінші кезеңі аяқталды.
QS сарапшыларының ұсыныстары бойынша, ҚазҰУ тәжірибесі әлемдегі үздік университеттерде зерттелуде. Бұл көрсеткіш әлемдік білім мен ғылым нарығында бәсекелестікке қабілеттіліктің айқын дәлелі болып табылады.
ҚазҰУ ғылым, білім беру және инновациялық жетекші орталық ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылған Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруі және екі ЖОО-ның әлемнің 200 үздік университеті құрамына енуі жөніндегі мемлекеттік маңызы зор тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеуде.
«Егемен-ақпарат»