• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2016

Ертістен ескен әсем әуен

482 рет
көрсетілді

Өскемендіктер осы күні өз­дерін сонау Еуропа төріндегі бек­зат өнердің ордасы Римде, Миланда жүргендей сезінетіндері бар. Әлемде классикалық музы­каның жөні бөлек. Тыңдарманы басқа, талғамы басқа. Жұрттың мәдениеті көрінеді. Осы үдеден табылу мақсатында өңір басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен өткен жылы қолға алынған «Ақ Ертіс» классикалық музыка фестивалі биыл екінші мәрте өтті. Шаһар шырқаған әсем әндермен де шырайлы. Бау-ба­ғын­да бұлбұл құйқылжыған ертедегі шығыс шаһарлары сияқты. Қала күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл шара мерекелік көңіл-күйді үстеп, бағдарламаны байыта түскендей болды. Зер салсақ, бұл Ертістің жаға­сында кімдер ән салмады?! Ән атасы Әміре мен Әсет әсемсал күйге бөлеген ақ Ертіс, ерке Ертіс қой! Әннің табиғаты ұлы өзеннің өзі сияқты. Тынып, тереңінен аға­тын тұсы бар. Сылдырлап, сыл­қылдап күледі. Көмейді толты­рып шығатын үн сияқты арнасымен ақырын лықсиды. Жел тұр­ғанда тербеле ме, сиқырлы саз да көңілді тербетпей ме?! Толқындары толқи ма, ән де шал­қымай ма?! Күркіреп ағатын кездері де болады ғой, әннің де шырқау шегі ішекті үзілдіре жаздайды. Міне, өзеннің өзі жеті нота іспетті. ІІ халықаралық «Ақ Ертіс» классикалық музыка фестивалінің табиғаты осындай. Фестивальға еліміздің және шет елдердің белгілі өнер шеберлері қатысты. Шығыс Қазақстан облыстық дра­ма театрына жиналған өнер­сүйер қауым Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, танымал опера әншісі Шахимардан Әбілов, Қазақстанның халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, «Астана Опера» театрының со­лисі Сүндет Байғожин, қазақ опе­ра­сының мақтанышына айнал­ған Дина Хамзина секілді отандастарымызбен бірге, мәс­кеулік Фраучи атындағы гита­ра квартетінің, америкалық джаз әншісі Твана Родс пен «Ев­­ро­­видение» және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Дми­трий Ишхановтың, сондай-ақ Түр­киядағы Самсун мемлекеттік опера және балет театрының ди­рижері Михаил Кирхгофф секілді алыстан ат арытып келген музыка майталмандарының өнерін тамашалады. Өскемен қаласының төл мерекесіне орай­ластырылған айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Жақ­сы­лық Омар қатысты. Фестиваль екі сағатқа созылды. Бұл екі сағат тыңдармандарды биік те мәртебелі өнердің тұны­ғына бойлатты. Құлақ құрышын қан­дырған концерт музыка тілі­мен өмірдің өзін өргендей еді. Сезім пернесін шерткен әндермен сусындаған өңір тұрғындары рухани тұрғыдан түлеп, өсіп қайтты. Әсіресе, талантты әнші, «Ас­тана Опера» театрының солисі, халықаралық байқаулардың лау­реаты Сүндет Бай­ғо­жиннің «Севиль шаштаразы» операсынан шырқаған ариясы, шығыс­қа­зақстандық опера әншісі Айжан Мазкенованың орындауында­ғы Латиф Хамидидің «Қазақ валь­сі» мен «Астана Опера» мем­лекеттік опера және балет театрының солисі Дина Хам­зи­на­ның орын­дауындағы Родион Щедриннің «Тек махаббат емес» операсындағы Вар­вараның әндері мен айтыс­тары сәтті шығып, өнерсүйер қауым­ның жүрегіне жетті. Сахнаға Мемлекеттік сый­лықтың лау­реаты Шахимардан Әбілев шығып Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан ария айтқанда көрер­меннің ерекше қошеметі біразға дейін басылмады. Сонымен қатар, бел­­гі­лі опера әншісі Александр Зацепиннің «Надо мной небо синее» туындысын да нақышына келтіре орындады. Әсем әнмен шалықтаған кө­ңіл-күй Тәуелсіздіктің 25 жылындағы толассыз еңбектің байырқалаған сәті сияқты. Осы ширек ғасырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өнер мен мәдениетке зор көңіл бөлгенінің айғағы – осы мәртебелі өнер кешінің зәулім де заманауи өнер ордасында, өңірдегі жаңадан салынған театр ғимаратында өткізілуі деуге болады. Аталған ғимараттың мате­риалдық-техни­калық базасы жылдан жылға нығайып келеді. Салтанатты кеш барысында жинал­ған қауым облыс басшысы Даниал Ахметов­тің қолдауымен қол жеткізген әлемге танымал «Steinway» маркалы жаңа рояльдің тұсаукесеріне куә болды. Енді шығысқазақстандықтардың әлемдік деңгейдегі пианистерді шақырып, өнерін тамашалауға мүмкіндігі бар. – Бұл фестиваль жылдан жылға қанатын кеңге жайып келеді. Бүгінде фестивальға Ресей, Германия, Түркия секіл­ді әлем елдерінен әншілер көптеп қатысуда, – деді фес­тиваль соңында әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева. Музыка майталмандары шығыс­қазақстандықтардың өнер десе ішкен асын жерге қоятын ыс­тық ықыласы мен жоғары талғамына ризашылықтарын жеткізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН