• RUB:
    4.94
  • USD:
    443.16
  • EUR:
    480.39
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2016

50 жобаның тетігі іске қосылды

212 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабомен кездесті. Кездесу барысында Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ шеңберіндегі ын­ты­­мақ­тастығының қазіргі жай-күйі мен алдағы перспектива­лары талқыланды. Г.Әбдіқа­лы­қо­ва өзінің сөзінде 2010 жылы Аста­нада өткен ЕҚЫҰ самми­тінің қорытындысы бойынша қа­был­­данған «Қауіпсіздік қо­ғам­дас­тығы жолында» атты Аста­на декларация­сын жүзеге асыру Қазақ­станның басты қыз­мет­тері­нің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисімен арада жолға қойылған жұмыс тетігі жергілікті жерлерде ұйымның тиімділігін одан әрі арттыра тү­судің үлгісіне айналғанын жет­кізді. Бұл ретте, ол жобаларды әзір­леу, үкіметтік құрылымдармен бірле­се отырып, жұмыстарды жал­пы жоспарлау және оны Сырт­қы істер министрлігімен үйлес­тіру үдерісіне көңілі толаты­нын біл­дірді. Мәселен, биыл Қа­зақ­стан­ның мүдделі мемлекеттік органдары ЕҚЫҰ-мен бірлескен 50 жо­баны нәтижелі жүзеге асырып келеді. Г.Әбдіқалықова қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған халықаралық, жер­гілікті және дінаралық қақты­ғыс­тардың алдын алуда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Әлем. XXI ғасыр» манифесі­нің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, ол Дьердь Сабоны Бес инсти­туттық реформаны іске асыру жө­ніндегі Ұлт Жоспарының орындалу барысы және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында өтетін іс-шаралар туралы да ха­бардар етті. Бұған қоса, тәуелсіз­дік жылдарында экономика ны­ғайып, халықтың әл-ауқаты арт­қанын, Қазақстан қоғамы жал­пыұлттық келісім мен қоғамдық тұрақ­тылық­тың үлгісі ретінде қарас­тырылып отырғанын, ал еліміз жауапты әрі құрметті халықаралық серіктес ретінде танылғанын жеткізді. Ал ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Мемлекеттік хатшыға жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, ЕҚЫҰ-ның Қазақстанмен арадағы ықпалдастығы алдағы уақытта да нәтижелі әрі жемісті бола беретініне сенім білдірді. Бұл күні тараптар Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне ЕҚЫҰ-ның қатысу мәсе­лесін де талқылады. Кездесу соң­ында Г.Әбдіқалықова Қазақ­стан мен ЕҚЫҰ арасындағы үнқа­тысу мен өзара түсіністікті ны­ғай­ту жолындағы Дьердь Сабоның қызметіне табыс тіледі. Мемлекеттік хатшымен кез­десу аясында ЕҚЫҰ-ның Астана­дағы Бағдарламалар офисінің басшысы журналистерге де сұхбат берді. Осыдан 6 жыл бұрын Астана­да ЕҚЫҰ-ның ауқымды самми­ті өткенін білесіздер. Бұл жиын өте жоғары деңгейде ұйымдас­тырылғаны есімде. Сол уақыттан бері мұндай деңгейдегі басқосуды өткізе алған жоқпыз. Әрине, бұл біздің алдымызда мақсат-міндеттер жоқ дегенді білдірмейді. Біздің назарымызда тұрған жауап­кершілікке толы, түрлі бағыт­тағы жұмыстар жетерлік. Олар­ды ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағ­дар­ламалар офисінде бірлесе атқарып, жұмыстардың нәтижелі болуына күш жұмсап келеміз, деді өзінің сөзінде Дьердь Сабо. Д.Сабоның айтуынша, Вена­дағы штаб-пәтерде ЕҚЫҰ ая­сын­дағы негізгі үш бағыт – әске­ри-саяси, экономикалық-эколо­гиялық, адами капитал өлшемдері бойынша атқарылатын жұмыстар әр­дайым және тұрақты түрде сүзгі­ден өтіп отырады екен. Біздің мін­детіміздің бірі – Орталық Азия­дағы жастарды бір-біріне жақын­дату, олардың бірлесе жұмыс атқаруына ұйытқы болу. Осы орайда, біздің «Жастардың орта­лық­азиялық желісі» деп аталатын дәстүрлі бағдарламамыз бар. Бұл бағдарламаның негізі қаланғанына 11 жыл болды. Бұл болашақ үшін қажет бағдарлама деп ойлаймын, деді бұл ретте офис басшысы. Сонымен қатар, ол ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдар­ламалар офисі әйелдердің құқығын қорғау, олардың кәсіпкерлігін қолдау, «Жасыл» экономиканы дамыту секілді бағыттар бойынша да нәтижелі жұмыстар атқарып келетінін жеткізді. Жалпы алғанда, сіздердің дамы­ған, заманауи мемлекетті қа­лып­тастыру, жаңа елорданың тұғы­­рын биіктету бағытындағы ұста­ным­дарыңыз көпшілікті қызық­­тырады. Қазақстанның өзекті әрі түйткілді мәселелерді шешу­ге деген ұмтылысын да айрық­ша бағалар едім, деді өзінің сұх­ба­тында Д.Сабо. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»