25 ЖЫЛДЫҢ 25 СӘТІ
Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы
Ғарыш – алаштың да аяулы арманы еді... Әдетте ондай ойдың еліміздің төрінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының жайғасуынан тумағаны анық. Керек десеңіз, былайғы жұрт сондайлық «жабық та құпия» әскери шаһардың ел аумағының қай бұрышында орналасқанын да білмеді, хабарсыз тек жүрді. Бірақ біртұтас Кеңес Одағының барлық түкпірінде ұлттық, Отандық патриотизм сезімінің шырқау шегі – ғарышкер деген атаудың төңірегінде байланып тұратындай бір сиқырлы шындығы бар-тын. Кеңес елінің кез келген кішкентай бүлдіршініне «Өскенде кім боласың?» деп жай ғана сауал қойсаң, міндетті түрде «ғарышкер!» деп саңқ еткен жігерлі дауысын естір едіңіз. Кеңес Одағында – Гагарин, ғарышкер, құрмет – үшеуі бір ұғымға айналды! Тым алысқа бармай-ақ қояйық, көрші өзбек елінде илеген жұқа теріден тартып тігілген жеті даңғыраға бір мезетте жан бітіріп, он саусағымен «тырсылдатып» ойнайтын Қаһарман Дадаев есімді өнерпазды ел-жұрты «Біздің бүгінгі күнгі батырымыз, біздің теңдессіз ғарышкеріміз!» деп масаттанатын. Неге дейсіз бе? Өйткені, ғарышкерден асқан құрметті атақ КСРО елдерінде болған жоқ! Ғарыш көгінде самғау, шексіздік әлемімен қауышу дүние жүзі елдерінің әрқайсысының-ақ асыл арманы саналатын. Солардың қатарында ежелден өр туған қазақ та ғарышқа құлшына қол созды. Армандады... Ел Тәуелсіздігінің қарсаңында сол арманына жетті де. 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышқа ұшты! Айта салғанға ғана сондай жеңіл сөз. Ғарышқа ұшу жеңіл болып па еді?! Жеңіл болса, Юрий Гагариннің өзі неге 2500 әскери үздік ұшқыштың арасынан іріктеліп, таңдалып алынды? Жарайды, елге оралайық, сонымен... қазақтардың ғарышқа «алғашқы шабуылы» қай кезде, қалай басталып еді өзі, еске түсіріп көрейік?! Қазақтардың ғарышқа «алғашқы шабуылы» 1991 жылғы 3 сәуір күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат баласының тұңғыш өкілі Юрий Гагариннің «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарышқа аттануының 30 жылдығы мерейтойына орай сол кездегі Кеңес Одағының бас газеті «Правдаға» үлкен мақаласы жарияланды. «Кезінде кеңінен қолданылсын деп, «елсіз-күнсіз жер» деген тіркес енгізілді. Өз басым оны ұнатпай, ытырынып қаламын. Кейде, тіпті, осы сөзді орынды-орынсыз қолданған кісілер Табиғат анасын тарс ұмытып кететіндей көрінеді, – деген Қазақ елінің басшысы өз ойын әрі қарай былай жалғайды. – Елсіз-күнсіз деген жер жоқ. Тіпті, уақытша мекен еткен полюстер мен тау шыңдарын елсіз-күнсіз десе, альпинистер мен қыстап қалушылардың да көңіліне келуі кәдік. Ал біздің далалы өлкенің тұрғындары жайында, тіпті, сөз басқа. Бізде әрбір қырқа, әрбір бұйрат құм, әрбір сүрлеу ата-бабаларымыздың атымен айшықталған емес пе. Осынау жерде бұрынғымыз бен бүгініміз тоқайласып, осы арадан халық зердесінің қайнары бастау көзін алады. Бұл жерде қандай заңғар қорғанмен қоршасаң да, адам зердесіндегіні жоя алмайсың. Демек, бәріміздің, күллі қазақстандықтардың тың көтеру, «Байқоңыр» космодромы немесе Семей түбіндегі полигон құрылысы елсіз-күнсіз жерде жүзеге асты деген мәлімдемені аң-таң болып қарсы алғанымыз әсте тегін емес. Мұндай бағдардың жерді мейлінше билеп-төстеп қалғандар үшін оңтайлы екенін түсінемін. Әйткенмен, мұны халық аңғармайды, табиғат көрмейді дегендей сыңай таныту бізге жараса қояр ма екен?!». Қазақ Президенті Ұлы Даланың өз иесі барын, өз киесі болатынын осылай меңзейді. Бос жатқан дала жоқ. Тіпті, Президент сол жолы... қазақтың ғарышқа өткен ғасырлардың өзінде-ақ көз тігіп, көңіл терезесінен өткізіп қойғанын «Правданың» бетінде ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фарабидің төгілген жыр шумағы арқылы былай дәлелдеп те берді: Қандай қиын күресте өткен күндерің, Тағдырыңның айлағы боп тұр жерің. Туған үйің ғарыш қана шынайы, Ол – сенімен, Сен – онымен мәңгіліксің ұдайы. Арада онша да көп уақыт өткен жоқ, КСРО Машина жасау министрлігі мен тікелей ғарыш зерттеу саласының бір топ кіл мамандары Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға әдейі атбасын бұрып келді. Екі қазақ жігітінің ғарыш сапарына дайындалып жатқаны туралы жағымды хабар сол тұста жарияланды. Қазақ халқы құлағын түріп, елеңдесіп қалысты. Кеңес Одағының Батыры, еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров пен азаматттық авиацияның асқан шебер ұшқышы Талғат Аманкелдіұлы Мұсабаевтың есімі халыққа сол жолы алғаш рет белгілі болды. Президент «Егер атақ-даңқ үшін қазақ азаматын ғарышқа екі-үш сағатқа ұшыру керек болса, ол бізге қиындық туғызбас еді. Бірақ, біз болашағымызды ғарышпен тікелей байланыстырып отырған елміз» деп маңызды мәлімдеме жасады. Бүгінгі тарих шындығын осынау оқиғалар аясында сараптар болсақ, Қазақстанның шексіз кеңістікке ұлы жорығы, қазақтардың ғарышқа «алғашқы шабуылы» дәл осы кезден бастау алғанын есте сақтауға тиісті екенбіз. Қазақстанның озық ойлы ғалымдары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сол мәлімдемесін күтіп тұрғандай-ақ екен, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров ұшатын 1991 жылдың 2 қазанына дейін ғылыми үш бағытты мейлінше терең қамтитын ғарыштық бағдарлама жасап, оны болашақ ғарышкермен ғылыми отырыстарда талқылап та, мұқият тиянақтап та үлгерді... Неткен әбжілдік еді, десеңізші! Тұңғыш қазақ ғарышкері суы тартылып, тұзды бораны үдеп тұрған Арал теңізінің аумағын сегіз күн бойы ғарыштан суретке түсірді. Сурет болғанда қандай! Мәскеу ол тұста «Наны көп – Қазақстанға» ел аумағынан түсірілген көлемі 18х18см болатын ғарыштық бір суреттің бір данасын мемлекеттік бағамен 30 мың сомға сатқан! (Ол кездегі кеңестің 97 тиыны 1 АҚШ доллары екен.) Спектрлі толқынды сәулелер ағынымен түсірілген ол суреттердің ғылым үшін теңдессіз құндылығы күні бүгінге дейін күшін жоймағаны анық. Мұндай ғарыштан түсірілген суреттер компьютерге жүктелген сәтте жердің топырағының дымқыл немесе құрғақ екендігінен бастап, жерасты суының тазалығын, мұнай, газ қорының, түсті металдардың көлемін анықтайтын «көріпкел» қасиеттері барынан бүгінде жұртшылықтың жақсы хабардар екені де жаңалық болмай қалды. Қазақстанның молекулярлық биология мен биохимия институты ауыл шаруашылығының ең үздік мамандарымен кеңесе отырып, келісіп жасаған ғарыштық тұңғыш қомақты жобасы да күні бүгінге дейін халық үшін ғылыми жемісін беріп келеді. Салмақсыздық жағдайында ғарышкердің қол күшімен белгілі кестеге сай шайқалған суспензия Қазақстанның ауыл шаруашылығына «Тоқтар», «Орбита», «Қоғалы» деп аталатын айрықша дәмді картоп түрлерін алып келді. Қазақстанның таулы аймақтарында күні бүгіндері гектарына кемі 30 тоннадан түсім беріп жүрген суыққа да, ыстыққа да төзімділігімен танымал болған бұл картоп сорттарының ғарышта жасалған қазақстандық алғашқы тәжірибеде Тоқтар Әубәкіровтің қолымен будандастырылғанын көпшілігіміз біле де бермейміз. Қазақстан Республикасы патент иесі ретінде осы күнге дейін бес жүз тоннадан астам осындай картоптың тұқымдық сұрпын алыс-жақын шетелдерге лайықты бағасына сай сатып үлгерді. Ғарыштық тәжірибе жасауға бейім қазақ ғалымдарының кейінгі тәжірибелерін Талғат Мұсабаев ұзақ мерзімді ғарышта өткізген үш сапарында (1994, 1998, 2001 жылдар) ойдағыдай жүзеге асырды. Зерттеуші-ғарышкер кәдімгі бидай дәнінің клеткасына осы тектес әрі тұқымдас дақылдың ДНК-сын салып, генетикалық трансплантация жасады. Салмақсыздық жағдайында «буыны» босаған бөгде дақылға осылайша экспансиялық әрекет ету арқылы бірегей тәжірибе жасалынды. Бір сөзбен айтқанда, ел Президентінің бастамасымен 1991 жылдың 13 наурызында негізі қаланған «Қазақстан-Ғарыш» бағдарламасы ғарыш кеңістігіндегі кешенді зерттеулерге осылайша кең жол ашты. Содан келіп ғарыш зерттеу саласына біржолата мойын бұрған Қазақстан Республикасы 2007 жылы елімізде Ұлттық ғарыш агенттігін құрды. 2006 жыл. Қазақстан ғарыштық мемлекет. «KazSat» – сәтсіздік Қазақстан мен Ресей арасындағы жоғары дәрежелі мемлекеттік қарым-қатынас ғарыштық байланыстар негізінде жыл сайын өркендеп, құлаш жайып дами бастады. Ресейдің ғарыш агенттігінің кәсіби іс-қимыл қызметін, тіпті, «Қазғарыштың» араласуынсыз көз алдымызға елестету мүмкін де емес секілді еді. 2004 жылдың қаңтары. Көрші жатқан екі ел арасында қазақстандық тұңғыш геостационарлық ғарыш аппаратын дайындап ұшыру туралы мемлекеттік маңызы бар келісімшартқа қол қойылды. Үлкен жобадағы аталмыш Жер серігі 12 транспортерден тұрады десек, оның 8-і интернет пен телефонияға, үкіметтік және басқа да байланыстарға бағыттала жоспарланып, 4 транспортер телевизиялық жобаға қызмет ететін болды. Жер серігін жасауға Ресей Федерациясынан тыс 15 шетелдік фирма мүшелері қоян-қолтық араласып атсалысты. Олардың қатарында әлемдік борттық телекоммуникациялық жабдықтар шығаратын Boeing, Alcatel Alenia Spazio Italia, ComDev компаниялары да бар. «Протон-К» зымыран тасымалдағышымен жоспарланған алғашқы Жер серігі 2005 жылдың желтоқсанында орбитаға шығатын болып бекітілгенмен, қосымша тексерулердің қажеттілігіне байланысты әуелгі ұшу кейінге шегерілді. Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласына қатысты тарихының жаңа парағы 2006 жылдың 18 маусымы күні ашылды. Осы күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық тұңғыш «KazSat» Жер серігі ұшырылды. Аса маңызды тарихи салтанатқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысты. Қараша айында «KazSat» жер бетіне жиілетіп телехабарлар таратып, жедел интернет-коммуникациялық қызмет үлгілерін көрсете бастады. 2007 жылдың аяғында да қазақстандық Жер серігіне жоспарланған жұмыстың 70 пайызы жүктеліп, ақаусыз әрі қалыпты жұмыс істеп тұрды. Алайда, соған қарамастан, келер жылдың басында, анығырақ айтқанда, 2008 жылдың 10 қаңтарында «KazSat» аппараты алғаш рет «жүрісінен жаңылып», коммуникациялық байланысында іркіліс пайда бола бастады. Сол кезде Қазақстан операторлары Жер серігімен он сағат бойы байланысқа шыға алмай әжептәуір әуреге түсті де қалды. Қазақтың өзі-өз болғалы тұңғыш деп жария еткен Жер серігі ғарыштағы қызметімен аяқ астынан осылайша қош айтысты. Үкіметтік дәрежеде құрылған арнайы комиссия қазақстандық күллі елдің назарын өзіне аударып үлгерген Жер серігінің бойындағы бар техникалық кінәратын зерттеп қана қоймай, халықаралық сақтандыру компанияларынан өтемақы қайтарып алу жайын табанды түрде талап ете бастады. Германия, Франция, Англия, Америка Құрама Штаттары және Жапония секілді ірі мемлекеттердің атын жамылған барлығы 23 сақтандыру компаниясы комиссия назарына ілінгенімен, бастапқыда сөзбұйдалыққа бой алдырды. Ұзаққа созылған дәлелдеулер мен ақиқаттар айқасының ақырында Лондонда өткен ақтық мәжілісте, яғни, 2011 жылдың тамызында, тиын санаған сақтандырушылардан Қазақстан жағы 40 миллион АҚШ долларының үстінде Жер серігінің шығыны үшін өтемақысын қайтарып алды да. Көп кешікпей Қазақстандағы ғарыш саласын игерудің негізін қалаушылардың бірі – Халық Қаһарманы, Ресей Батыры, ғарышкер-ұшқыш, авиация генерал-лейтенанты, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Аманкелдіұлы Мұсабаев алғашқы Жер серігіміздің қысқа өмірі туралы өзінің пікірін кәсіби тұрғыда ашық білдірді. Сөзді бұлталақтатпастан бірден Жер серігінің ғарыштағы қызметінің мерзімінен бұрын аяқталуына Қазақстан Республикасы Ұлттық инновациялық қоры мен Ресей Федерациясының Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығының тәжірибесіздігі айтарлықтай елеулі түрде әсер еткенін жариялады. Алайда, Қазақстан мемлекеті алғашқы Жер серігінің сәтсіздіктері үшін сақтандыру қаражатын қайтарып алардың аз ғана алдында кезекті «KazSat-2» ғарыштық жобасын әзірлеп қойған да екен. Тіпті, «шешінген судан тайынбас», сол тұста Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттігінің «KazSat-3» жобалаушыларына халықаралық байқау жариялағаны туралы да жан-жаққа хабарланып үлгерілді. 2011 жылдың 16 шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан рет саны бойынша екінші кезекпен қазақстандық «KazSat-2» Жер серігі аппараты ғарышқа ұшырылды. Араға үш жыл салып, яғни, 2014 жылдың 28 сәуірі күні «Байқоңыр» космодромының №81 алаңынан «Протон-М» зымыран тасығышына тиелген «KazSat-3» Жер серігі аппараты орбитаға шығарылды. Атап өтер бір жайт – қазақстандық ғарыштық бұл аппарат 176 миллион долларға сақтандырылғаны көп кешікпей баршаға аян болды. Бүгінгі таңда әлемдік әйгілі ғарыштық 25 елдің қатарынан ойып тұрып өз орнын тапқан Қазақстан Республикасы өз Жер серіктерінің қызметін де, қызығын да көріп отыр деп толық айта аламыз. Сандық және Жер серіктік теледидардың «Қазтелерадио» АҚ ұлттық операторы үстіміздегі жылдың наурызынан бері қарай OTAU TV жерсеріктік теледидарының абоненттері отандық «KazSat-3» Жер серігі аппаратының қызметін хал-қадерінше пайдаланып келеді. Көрермендер осы күзден бастап қосымша SD, сондай-ақ, HD арналарының ерекше мүмкіндіктерін иелене алады. Ғарыш кеңістігінде Жер шарын айналып ұшып жүрген Жер серіктерін Астана маңындағы «Ақкөл» республикалық ғарыштық байланыс орталығы бақылап отыр. Ол ол ма, отандық ғылыми жинақтау кешені Қазақстан ғарыш аппараттары мен Жер серіктерін жасау мен оны пайдалану ісінде де бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Қазақтар космосты бағындырғандар қатарында Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш, техника ғылымдарының докторы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров бүгінгі Қазақстан, бүгінгі ғарыш жайындағы әңгімесін былай түйіндейді: – Ғарыш – ол, ғылымдағы ең жаңа, ең жетістікті технология саналады. Біз қазір осындай әлемдік ең үздік технологиялық жетістіктерден қол үзіп қалсақ, ертең Ұлы Абай айтқандай, «қолымызды мезгілінен кеш сермейміз», опық жейміз. Одан соң өмірбақи оның артынан қусақ та жете алмасымыз анық. Мұндай ғылыми озық технология өмір заңдылықтарына сәйкес күн сайын құбылып, ай сайын өзгеріп тұрады. Менің өз басым осы саланың өкілі болғандықтан да «Байқоңырды», ғарышты игеріп жатқан біздің Ұлттық ғарыш агенттігі дер кезінде құрылды, нағыз отау тікті-ау деп ойлаймын. Қазір бұрынғы кездерге қарағанда қаражат та жеткілікті. Республикамыз бақуат. Ауқымды жұмыстар да рет-ретімен атқарылуда. «Болашақ» бағдарламасымен алыс шетелдерде оқып, білімін көтеріп елге оралып келіп жатқан жастарымыз да, құдайға шүкір, баршылық. Қазақстанның ғарыш саласын ғылыми тұрғыдан ілгерілетуге мүдделі ғой деп ойлаймын, ол жастар. Менің соған жаным сүйсінеді. Айтса айтқандай, Қазақстан ғарышты зерттеу және ғарышты игеру саласының болашағы жас мамандардың, өскелең кадрлардың қолында. Мемлекетіміз тек қана шетелде оқу үшін ғана жастарымызға жыл сайын ең кемі 200 грант бөледі екен. Немесе 70 грант Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарына бөлінеді. Олардың барлығы дерлік ғарыш аппараттарының өндірісі мен оған жерден қызмет көрсетуден тәлімді дәріс алады. Қазірдің өзінде-ақ жастарымыздың бойында ғарышты игеруге деген ерекше құлшыныс, алабөтен талпыныс байқалады, дейді мамандар. Айтпақшы, осы арада республика бойынша 18 мектепте ғарышпен тікелей байланыстағы ілім – физика-ғарыштық пәнінен дәріс беретін он-сан сыныптардың барын да еске салып қойғанының артықтығы жоқ шығар. Ресей мен Ұлыбританияда, Францияда оқып Отанына оралған жастар легі ғылыми озық салада өзіндік қолтаңбаларын көрсетіп қана қоймай, жаңашылдық жасаудан еш жасқанбайды. Олар салыстырмалы түрде айтқанда ғарыш аппаратын жобалау мен пайдалануға дейінгі өндірістік үрдістерде шетелдік әріптестерінен қалысар да емес. Қазақстан ғарыш саласының бүгінгі ахуалы, тыныс-тіршілігі, бір сөзбен айтқанда осындай. Қазақстанның бүгінгі ғарыш қадамы осындай! «Қазақстан Ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы АҚ Астанада Ұлттық ғарыш орталығын салды. Күрделі кешеннің негізінде болашақта құрастыру-сынақ орталығы ғимараты тұрғызылмақ. Ол жерде міндетті түрде шетелдегі секілді жаңадан ғарыштық Жер серіктері мен аппараттары жиналып, жасалары хақ. Осының бәрінен хабардар бола тұрып, күні ертең қазақтың «Бәйтерек» ауыр сыныптағы зымыран кешені, авиациялық зымырандық «Есіл» ғарыш кешені, қашықтықтан зондтайтын Жер серіктері – Қазақстанның ғылымын тек қана өрге сүйреріне еш күмәнің қалмайды. Өткен жылдың аяқталар тұсында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 39 ғалымына Әбунасыр әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықты тапсырды. Олардың арасында даңқты ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев та бар. Ғарышқа үш рет аттанып ғарыш кеңістігінде бір жылға жуық, яғни 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд ғылыми сапар шеккен қаһарманымыз соңғы жылдары ғарыш саласында атқарған таза ғылыми еңбегі үшін марапат алды. Талғат Аманкелдіұлы әріптестерімен бірлесіп Жер бетін ғарыштық жүйемен мониторингілеу желісін жасап шығарды. Бұл әдіс қазір отандық Жер серіктерінде ойдағыдай кәдеге асып, ойдағыдай қызмет етуде. Талғат Мұсабаевтың қамқорлығымен АҚШ азаматы Деннис Титоның халықаралық ғарыш кешенінде болып қайтуымен ғарыш саласындағы туризм дәуірінің басталғанын да көпшілігіміз білеміз. Талғат Мұсабаевтың ашық космоста болған уақыт мерзімінің ұзақтығына сәйкес Гиннестің рекордтар кітабына кіргені ше... Мұның бәрі де қазақ ғарышы тарихының жарқын беттерінен алынды! Күні кеше ғана ғарышта болып қайтқан тағы бір қаһарманымыз – Айдын Айымбетов. Ол қазір Ұлттық ғарыш агенттігінде кәсібіне сай лайықты қызметін абыроймен атқаруда. Айдын Айымбетов – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген 1991 жылғы «Қазақстан-Ғарыш» жобасының бүгінгі заңды жалғастырушысы. Қазақстанның ғарыш саласын игеру ілімінің қатары осылайша нығайып, өркендеп, қуаттанып, өсіп келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егер атақ-даңқ үшін қазақ азаматын ғарышқа екі-үш сағатқа ұшыру керек болса, ол бізге қиындық туғызбас еді. Бірақ, біз болашағымызды ғарышпен тікелей байланыстырып отырған елміз» деп әуелгі кезде – тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров алыс сапарға аттанар сәтте терең толғаныспен жасаған мәлімдемесінің сыры да осында емес пе?! * * * Бүгінгі қазақ Мәскеудегідей «Жұлдызды қалашық» салуды армандамайды дейсіз бе? Әрине, армандайды! Сондай айшықты қалада тұрғысы келеді, ғажап қой! Мәскеуден 25 шақырым жердегі «Жұлдызды қалашықтың» тарихы 1961 жылдан бастау алған екен. 1990 жылы қатаң түрде қайтадан құпияландырған ғарышкерлер қаласы бүгінде, әйтеуір, туристерге есігін әупірімдеп ашты. Даңқты қалада ғарышкерлер отбасымен және осы саладағы еңбек ететін ғалымдар мен мамандар тұрады. Қаланың атына заты сай таза кәсіби бөлігінде Юрий Гагарин атындағы Ғарышкерлерді дайындайтын орталық жайласқан. Онда ресейліктерден басқа, халықаралық ғарышкерлер де дайындықтан, сынақтан өтеді. Айтпақшы, сол «Жұлдызды қалашықта» біздің қандасымыз, қазақтың 4-ші ғарышкері Мұхтар Аймахановтай аяулы азаматымыз тұрып жатыр. Ол ғарышкерімізді біз қалай ұмытайық?! Мұхтар – ғарыш сапарына аттанудың кезегінде тұр. Ғарышкер үшін ең ауыры – күту! Мұхтар Аймаханов бүгінде сондай кәсіби сын сәтті басынан өткеруде. Ресей азаматтығын алған. Ресей мемлекетінің атынан, сәті келген күні ғарышқа аттанады... Бәлкім, таяу күндері, кім біледі, біз тек тілекшіміз! ...Ғарышқа ұшу – қазақтың кешегі арманы еді. Ал бүгінгі қазақ – ғарышты бағындырғандардың алдыңғы қатарында алшаңдай басып жүр... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ