• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2016

Бесінші белес

393 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан» телеарнасының 100% қазақ тілінде хабар таратқанына 5 жыл толды. «Қазақстан» Ұлттық телеарна­сы жаңа маусымын жағымды жаңалықтармен бастады. Атап айтар болсақ,  жаңадан сегіз сериал, сонымен қатар алғаш рет  «МузАРТ LIVE» ауқымды жобасын ұсын­ғалы отыр. 10 қыркүйектен бастап «Kazsport» телеарнасы хабар таралымын жоғары телевизиялық HD форматында көрсетті. Сонымен қатар, жақында Қазақ радиосы эфирге шыққанына 95 жыл толғанын мерекелі рәуіште атап өтпек. «Қазақстан» телеарнасы таза қазақ тілінде хабар тарата бастаған бес жыл ішінде аудитория санын 2 есеге дейін арттыра алды. Ұлттық арнаның баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Тәуелсіздіктің 25 жыл­дық мерейтойын атап өту қарсаңында Корпорацияның 2016-2017 жылдарға арналған телевизиялық жаңа маусымы ашылу рәсімінің негізгі арқауы «Бұл –менің Қазақстаным!» ұраны болып табылады. Жаңа маусымда көрерменге жаңа жобалар мен телесериалдар ұсыныла отырып, сондай-ақ сүйікті бағдарламаға айналған, көп қолдауына ие болған жобалардың кезекті шығарылымдары жарық көреді. Айта кетсек, «Айтуға оңай...», «Дара жол», «Әйел бақыты», «Түнгi студияда» тә­­різді халықтың көруге асығатын бағ­дарламалары жаңа форматта, жаңар­ған студияда қызықты да актуальды тақы­рыптар тарту етеді деп күтілуде. Жаңа телевизиялық маусымда ақ­параттық-сараптамалық бағдарламалар блогы күшейтілмек. «Сұхбат» жоба­сы тікелей эфир арқылы тарайды. Бағдарлама барысында қарапайым адам­дардың көкейіндегі өзекті мәселелер қоз­ғалып, көрермен өздерін толғандырған мәселелерге Үкімет мүшелері, билік, сая­сат және бизнес өкілдері тарапынан жауап табады. Сондай-ақ, эфирге шыға бастаған «Қоғамдық кеңес» жобасының алар орны айрықша. Мұның ерекшелігі, қа­ты­сушы бас кейіпкерлер, айтулы оқиғаларға қатысы бар адамдар және бес институционалдық реформада көр­­сетілген 100 нақты  қадам аясында құрыл­ған қоғамдық кеңестердің мү­шелерімен пікірталас жүргізіледі. Спикер­лер тікелей эфирде әр тақырыпқа байланысты өз идеяларымен бөлісіп, әңгіме өрбітеді. «Серпіліс» қоғамдық-саяси ток-шо­уы жаңа телевизиялық маусымда пікірталастар ұйымдастырып, ауқымды форматта шығуды көздеп отыр. Яғни, бұл арнаның «хард-ток» форматындағы жанды режімдегі ток-шоуы болмақ. Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов модератор ретінде өзекті тақырыптарды ортаға салады, студияда жиналған ньюсмейкерлер еліміздегі соңғы оқиғалар төңірегінде өз ойларымен бөліседі. Бұған қоса, «Ой-толғау» жобасы көпші­лік назарына ұсынылмақ. Бағ­дарламаны танымал, талантты ақын Қалқаман Сарин жүргізеді. Әрбір бағ­дарламада екі тұлғаның түрлі оқиғалары әңгімеге арқау болмақ.  Сонымен бірге, «Музарт LIVE» мега жобасы эфирге жол тартпақ. Бұл негізінен – халықаралық жобалар форматында («Дауыс», «Та­лант-шоу») көрерменге ұсынылатын «Қа­­зақ­стан» телеарнасының тұңғыш төл өнімі.               Корпорация Қазақстанның телеви­зиялық нарығындағы сериалдар өндірісі жағынан көшбасшы саналады. Соған орай жыл сайын өз контентінің өндіріс үлесін арттырып келеді. Қазіргі таңда Корпорация қоржынында 62 сериал сақтаулы немесе 1322 серия. Корпорация 12 қыркүйектен бастап 100 сериялы отандық «Айман-Шолпан» драмасын халыққа ұсына бастады. Оның сю­жеті отбасы институтын нығайтып, қалып­тастыру идеясына құрылған. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы контентін жаңғырту аясында халық­аралық ынтымақтастықты кү­шейтіп, отандық контентті ілгерілету мақ­сатында белсенді жұмыстар жүр­гізуде. Мысалы, «Сырғалым», «Қа­сым», «Жамбыл»  және басқа да көркем сериалдардың лицензиялық құқығын өз елімізбен қатар, таяу және алыс шет елдердің де (РФ, Татарстан, АҚШ, Кипр, Словения) иеленіп отырғанын атап өткен абзал. Мұндай қадам Корпорацияға өз контентін қаржыландыру үшін жүйелі жұмыстар атқаруға мүмкіндіктер береді. «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен түсірілген «Әке» хикаятының бас кейіпкері Оңтүстік Кореяда өткен «Сеул Интернейшнл Драма Эвордс 2016» халықаралық кинофестивалінде «Жылдың үздік актері» аталымы бойынша жеңімпаз атанған болатын. Сөй­тіп, 51 елдің өкілдері қатысқан додалы бәсекеде «Азия Оскары» атағының қазақстандық актерге бұйыруы отандық арна тарихындағы елеулі оқиға болып саналады. Осылайша, Корпорация ше­тел­дік рыноктағы қазақстандық кино­өндірістің орнын нығайта отырып, өз үлесін қосуда. Қазақ радиосы халықаралық ынты­мақ­тастықты арттыру шеңберінде мем­лекетаралық радиокөпірлер өткізуді жос­парлап отыр, атап айтқанда, Ресей радиосымен Астана – Мәскеу радиокөпірін, Белоруссия радиосымен Астана – Минск радиокөпірін. 2016 жылдан бастап «Бұл – біз!» атты бірлескен жоба аясында Молдова, Армения, Грузия радиостанцияларымен тығыз қарым-қа­ты­нас орнатылды. Жаңа маусымда балақайлар «Балапан» телеарнасының сүйікті анимациялық сериалдарының жалғасын тамашалайды. Олар: «Әли мен Айя» (20 шығарылым),  «Сәлем, Астана!», «Данышпан қарға» деп аталады. Тікелей эфирдегі «Ойлан, тап!», «Мың түрлі сұрақ», «Бірге - бір», сондай-ақ арнаның төл өнімі болып саналатын «АВС+», «Шытырман», «Алғыр алтау» жобалары да  жалғасын таппақ. Екінші маусымда көрермен көзайымына айналған «Шытырман» спорттық бағ­дарламасының ұсынар базарлығы көп, жарыс жеңімпазының ішінен бас жүлдегерге Париж қаласындағы «Диснейлэндке» жолдама табыс етілді. 2011 жылдың қыркүйек айынан бас­тап «Қазақстан» телеарнасының ауди­ториялық көрсеткіштері жағым­ды өзгеріс­терге толы болды. Жаңа мау­сым­ның басында 100 мың+ аудито­риясындағы орта тәуліктік үлес 4,5%-ды, ал 2016 жылдың 8 айы ішіндегі телеарнаның осы сияқты аудиториялық үлесі 8,5%-ды құрайды, бұл үлестің 89%-ға өскендігін көрсетеді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»